
Шәймерден Қосшығұлұлы – қоғам қайраткері, қазақ зиялы қауым өкілдерінің бірі, қазақ халқының құқын қорғаған тұлға. 1906 жылы қаңтарда Ш.Қосшығұлұлы Бүкілресейлік мұсылмандардың ІІ съезіне делегат болып сайланды. 1906 жылы Төменгі Новгород қаласында өткен ІІІ Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне қатысып, саяси салаға, оқуға, дінге қатысты бұйрықтарды шығаруға атсалысты. 1906-1907 жылдары Ақмола облысынан I және II Мемлекеттік Думалардың депутаты болып сайланды. 1907 жылы Петерборда шығатын «Серке» газетіне қаржылай көмек көрсетті. Оқу-ағарту ісімен айналысып, балаларды оқытты. 1931 жылы кеңес өкіметі тарапынан тұтқындалып, жер аударылды. КСРО Жоғарғы Кеңесі президиумының 1989 жылғы 16 қаңтардағы Жарлығы негізінде 1989 жылғы 19 қыркүйекте Көкшетау облыстық прокуратурасы ақтап алды. 2015 жылы Үкіметтің шешімімен Астана қаласындағы 188-көшесінің атауы өзгертіліп, Шәймерден Қосшығұлұлының есімі берілді.
Мұхамеджан Сералин «Серке» газетінің тарихына арналған мақаласында: «1907 жылы Санкт-Петербургте II Мемлекеттік Думаның мүшесі Шахмерден Қосшығұловтың бастамасымен «Серке» газеті шығарыла бастады. Бірақ газетті бірден мемлекеттік органдар жауып тастады» деп жазды. Қаламгердің келтірген дерегіне сүйенсек, газет шыққаннан кейін редакцияда полиция пайда болады. Олар редакцияның бүкіл бөлмелерінде тінту жасайды. Бұған Міржақып Дулатұлының үкімет саясатына қарсы мақаласы себеп болды деген деректерді де қоса келтіреді.
Тұлға тағылымын зерделуге бағытталған дөңгелек үстелде Шәймерден Қосшығұлұлының қоғамдық-саяси қызметі, әсіресе Ресей империясының Мемлекеттік Думасының І және ІІ шақырылымдағы жұмысына қатысты мәселелер қарастырылды. Сонымен қатар айтулы жиында қайраткер тұлғаның кітаптары мен сирек суреттері музей қорына табыс етілді.
Дөңгелек үстелге қатысқан Серік Негимов, Өмірзақ Озғанбаев бастаған зерттеуші ғалымдар, қоғам қайраткерлері Шәймерден Қосшығұлының тұлғалық, қайраткерлік қырына жан-жақты тоқталып, ұлт мұраты жолында сіңірген еңбегін кеңінен сөз етті. Сондай-ақ ұлт қайраткерінің елдік мұрат жолындағы елеулі істерін, тағылымды өнегесін алдағы уақытта да жандандырып, жаңғырту керек екенін, Ш.Қосшығұлұлының рухани мұрасы болашақта келелі зерттеуді қажет етіп тұрған маңызды мәселе екендігін де баса айтты.