
Сурет: aqiqat.kazgazeta.kz
Жұмысшы жағдайы жасырын қалмайды
«PwC» компаниясының зерттеуінше, 2025 жылға қарай ЖИ әлемдік экономикаға 15,7 трлн доллар көлемінде үлес қосады. 2026 жылға қарай әлемдегі кәсіпорындардың 80%-ы ЖИ пайдаланып, нәтижесінде еңбек өнімділігі артып, операциялық шығындар бірнеше есе азаймақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы цифрландыруды жеделдету керек екенін, жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолдану қажеттігін жиі айтады. Тіпті алдағы 5 жылда жаппай енгізу жоспарда тұр.
Биыл сәуірде отандық кәсіпорында ықтимал еңбек тәуекелдерінің алдын алу тәсілдерін жетілдіру мақсатында «Еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Қазір онда 92,8 мың кәсіпорын бар. Тұрақты мониторинг жүргізіліп отыр. Ол кәсіпорындарда әлеуметтік әрі еңбек заңнамасы нормаларының орындалуын жіті бақылайды.
67-шахтаға шарапатын тигізді
ЖИ-ді тұрақты қолдануға көшкендердің бірі – «Қазақмыс» корпорациясы. Қазір 67-шахта жұмысына жасанды интеллектіні пайдаланып, қанатқақты жоба бастаған. Таңдау бұрыннан бар деректерді қолданатын «digital monitoring management system» жүйесіне түсіпті. Бұл – персонал мен көліктің орналасуы туралы деректер. Электронды наряд-ғимарат жүйесін, оның орындалуы мен жабылуын, тау-кен жұмыстарын жүргізудің тиімділігін бақылайды.
– Тау-кен-шахта жабдықтарын пайдалануға, техникалық қызмет көрсетуге көп ақша жұмсалады. Жасанды интеллектіні қолдану арқылы болжамды талдауды, мониторинг деректерін, жоспарлы көрсеткіштерді пайдаланып, тәуекелдерді басқаруға тырысамыз. Осының арқасында өндірісті тиімді жүргіземіз. Оған қоса ЖИ арқылы жүрек-қан тамырлары ауруларын анықтап, қызметкерлердің жыл сайынғы кәсіби тексеру деректерін, күнделікті қан қысымының көрсеткіштерін қадағалауды жоспарлап отырмыз, – деп түсіндіреді «Персоналды және көлікті кеніштерде орналастыру жүйесін тираждау» жобасының жетекшісі Рүстем Қанафин.
Сауыншы робот
Жетісу облысында жасанды интеллект көмегімен басқарылатын заманауи сүт фермасында 600 сиырды небәрі 5 адам бағады. Себебі роботтар кәсіби малшыға айналған. Кәсіпорын Талдықорғандағы сүт зауытына тәулігіне 12 тонна сүт өткізеді. Мал шаруашылығындағы инновацияны жетілдіруге шаруашылыққа «Үлкен жоба» бағдарламасымен жеңілдетілген несие де берілген.
Робот сауыншы барлығын өзі қадағалайды. Сиырдың желінін тазалап, жуып, түтікшелерді орнатып, сауады. Ал ЖИ қанша азық жегенін, тіпті қандай азық жегенін, қанша мөлшерде сүт беретінін есептеп, бақылайды. Швеция мен Даниядан әкелінген сиырдың әрқайсы күніне 37 литр сүт береді. Сауатын уақыты жақындағанда робот сауыншыға ірі қараның өзі жетіп келеді. ЖИ-дің айтуынша, жайылып жүрген жерінен оны айдап әкелсе, малдың жүйкесіне әсер етіп, сүт құрамына жағымсыз ферменттер бөлінеді екен-мыс. Сонда ЖИ мал дәрігеріне де септесіп отыр.
– Бұл фермадағы сиырлар қолдан ұрықтандырылады. Жасанды интеллект әр алынған төлдің тегін, ұрықтың қай тұқымнан алынғанын, болашақта қандай көлемде сүт бере алатынын есептеп, қадағалап отырады. Заманауи технологияларды енгізуге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау да көмектесіп жатыр, – дейді мал дәрігері Болатбай Нұрбопа.
Ең қызығы, жыл соңына дейін жасанды интеллектіні жетілдіріп, сүт құрамын гормоналдық деңгейде зерттейтін бағдарлама орнатылмақ.
Шойын құятын құлтемір
«QazIndustry» есебіне қарасақ, елімізде 24 кәсіпорында 90-нан астам өнеркәсіптік робот риясыз қызмет етіп жүр. Олардың басым бөлігі өңдеуші өнеркәсіпте. Құлтемірлердің орташа «жасы» – шамамен 6 жыл. Негізгі қызметтері – жылжыту, дәнекерлеу, бояу, сапаны бақылау.
– Экономиканы екі есе ұлғайту кезінде шығарылатын өнім көлемін арттыру мақсатында көп адамды жұмысқа тартуға мүмкіндік жоқ. Сол себепті, 2029 жылға қарай өндірісте роботтехникалық кешендерді қолданып, жоғары еңбек өнімділігіне жетеміз деген мақсат бар. Үлгілі үрдіс экономикасы дамыған елдердің тәжірибесінде айқын көрінеді. Мәселен, Оңтүстік Кореяда 10 мың жұмысшыға 1 мың роботтан келсе, Сингапурда 700 роботтан, Германия мен Жапонияда 400-ден, ал бізде небәрі 7 роботтан келеді. Өндірісте роботтехникалық кешендерді енгізу қарқыны да төмен, – дейді Көлік жасаушылар одағының басқарма төрағасы Мейрам Пшембаев.
Айтпақшы, сол санаулы құлтеміріміздің біразы Қостанайда шойын құйып жүр. Оны осы күзде Мемлекет басшысы көріп қайтты. Зауыт жылына 45 мың тонна шойын құяды. «KamLitKZ» өңірдің индустриялық аймағында орналасқан.
– Президент жүк көліктеріне арналған қосалқы бөлшектер шығаратын өндіріс орнын аралап көрді. Серіктестіктің бас директоры Дмитрий Гуртовой зауытта жылына 45 мың тонна шойын құймасы өндірілетінін айтты. Құны 78,2 млрд теңге болатын жобаны іске асыру нәтижесінде 500 жұмыс орны ашылды. Зауыт барлық заманауи талапқа сай келеді. Автоматтандыру мен энергиялық тиімділік деңгейі жоғары болғандықтан, қоршаған ортаға кері әсері аз. Қазір мұнда 30 робот бар. Олар анағұрлым күрделі әрі ауыр технологиялық операцияларды орындайды, – деп жазды Ақорда.
Сапа саннан маңызды
Қытайдың «Foxconn» компаниясы роботтехника мен ЖИ-ді қолдана отырып, толықтай автоматтандырылған «қараңғы зауыттарды» іске қосқан. Зауытта жарық та, адам да жоқ. Бәрін робот істейді. Алғашында біртүрлі көрінген тәсіл өнімділікті 250%-ға арттырған деседі. Ал «Tesla»-ның «Gigafactory» зауытында құлтемірлер көліктердің әртүрлі компонентін дәнекерлеп, бояп, құрастырады. Адам тәрізді ойланатын, икемді роботтар ақаулы бөлшектерді өздігінен анықтап, оларды ауыстыру туралы шешім қабылдайды. Бір апта ішінде 10 000 батарея модулін шығаруға қабілетті.
Бұл ілгері кеткен елдерден алынған екі-ақ мысал. Бізде де жақсы жаңалықтар мен ілкімді істер бар. Десе де, цифрлық технологияның әліппесінде жүргеніміз белгілі. «MindRevolve-Komek» өнеркәсіптік компаниялар орталығының директоры Жанар Аманжолова да сондай пікірде. Ол жылдам енгізуден гөрі сапаға мән беріп, әлі де тереңдеу қажет деп отыр.
– Қазір кәсіпорындар деректерді жинақтау, жүйелеу кезеңінде тұр. Бұл жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдаланудың маңызды дайындық кезеңі ғана. Өндірістік кәсіпорындар әлі де толыққанды цифрлық инфрақұрылымды құру, деректер жинау, құрылғыларын жаңарту, үдерістерді дұрыс жүйелеу міндетін шешуі керек, – деді ол.