Кеңес өкіметі орнағаннан кейін большевиктер қазақтың және өзге де бұратана ұлт өкілдерінің тегіне «ов», «ова» сынды отаршылдық қарғыбауын тағып бергені мәлім. Азаттық жайындағы әңгіме құр арман-қиял емес, шындыққа айнала бастаған тұста тегіміздегі біздің ұлтқа тән емес жұрнақтан арылу туралы мәселе де жиі көтеріле бастаған еді. Сол кезде «Социалистік Қазақстан» деп аталған біздің басылым бетінде де бұл жайында көптеген материал жарық көрді. Тек сөз жүзінде мәселе көтермей, қазақ журналистикасының абызы Шерхан Мұртаза бастаған газет ұжымының «ов», «ова» жұрнағынан бір күнде арылып, көпке үлгі көрсеткенін біреу білсе, біреу білмейді. Нақтырақ айтқанда, 1991 жылы 15 мамыр күні бас редактордан бастап бүкіл қызметкер өз тектерін «ов»-сыз жаза бастаған еді. Кейін осы үрдіс өзге де бұқаралық ақпарат құралдарына таралып, баспасөзге қазақы аты-жөнмен шығу игі дәстүрге айналды. Айта кетейік, сол оқиғадан тура бір айдан кейін, яғни 1991 жылдың 18 маусымында газетіміздің атауы «Егеменді Қазақстан» болып ауысты.
Басылымның сол жылғы 28 қарашадағы санында журналист Қарашаш Әмзеқызының «ов», «ова»-дан қашан құтыламыз?» атты мақаласы жарияланған. «Арамызда әртүрлі пікір туғызып, біреу қабылдап, біреу қабылдай алмай жүрген өзекжарды әңгіменің бірі – фамилиямызға жамылған «ов», «ова»-дан қалай құтылу керектігі газетімізде мұнан бұрын да талай рет жазылған еді» деген автор газет оқырманының осы мәселеге қатысты жолдаған хатынан үзінді келтіреді. «Газеттеріңізді жұрт сүйсіне оқиды. Жаңалықтың жаршысы болдыңыздар. Ел-жұрттың ойында жүргенді осы газеттен оқимыз. Көзі ашық, көкірегі ояу қауым бүгінгі аяқалыстарынан айнымаса екен деген тілекте. Әсіресе фамилиямызға жамалған «ов», «ова»-дан құтылуды өздеріңізден бастап, басқаларға үлгі болдыңыздар», деп жазады Ақтөбе облысының тұрғыны Аманкөз Сейілов.
Хаттың соңында ол «ов» жұрнағын алып тастауды көпшілік жаппай қолдағанымен, құжат ауыстырғанда кездесетін қиындықтар шаш-етектен екенін айтып қынжылады. Өйткені бір адамның басында қанша құжат бар, соның бәрін ауыстыруға тура келетінін, көп адам осы машақаттан қашып, бұрынғы тегімен қала бергенді жөн көретінін айтыпты.
Тәуелсіздік алмай тұрып басталған осынау «отарсыздану» үрдісі әлі күнге жалғасын тауып келеді. Бірақ толықтай «қазақ» болдық деп айтуға да әлі ерте. Кейінгі кезде дүниеге келіп жатқан балаларына тегін бергенде «ов»-ты қоспау, сондай-ақ ересек адамдар арасында да саналы түрде отаршылдық қарғыбауынан арылып жатқандар көп. Бұл, әрине, қуантарлық жайт. Дегенмен «адамдар атым мен тегімді шатастырады», «бүкіл құжатыңды да ауыстыру керек», «шетелге шыққанда қиындық болады» деген желеумен әлі күнге фамилияға «ов» жұрнағын телуді заңдылық секілді көретін замандастарымыз да аз емес. Бұрын ата-бабамыз «Пәленшеұлы» деп жазушы еді, ал бүгінгілер «ұлы» болудан әлі де қорқақтайды.
Шын мәнінде бұл айтылып отырған себептердің бәрі – негізсіз. Қазіргі таңда құжаттағы аты-жөніңді қазақшалау, «ов», «ова», «ин» секілді жұрнақтарды алып тастау, тіпті тегіңді ауыстыру – Халыққа қызмет көрсету орталығында «бір терезе» арқылы шешілетін мәселе. Бұрынғыдай сан есікті қағып шапқыламайсың. Әрине, тегіңді ауыстырамын десең, алдымен АХАЖ-ға барып, Туу туралы куәлігіңді ауыстыру керек. Бұл да – қазіргі күні қиын шаруа емес. Әрі дегенде жарты сағат көлемінде шешіледі, сосын бір апта ішінде жаңа құжатты алып кетуге ғана барасың.
Жаңа құжатты алғанда қолыңызға «Тегін, атын, әкесінің атын өзгерту туралы куәлікті» қоса береді. ХҚО мамандарының айтуынша, басқа ешқандай құжатты (диплом, неке куәлігі, балалардың Туу туралы куәліктері, аттестат, т.б.) ауыстырудың қажеті жоқ. Сұраған жерге аты-жөні ауысқаны туралы куәлікті көрсетсе жеткілікті. Ал бұл құжаттың бәрі қазір еGov сайты мен kaspi қосымшасында қолжетімді екенін, оны өзіңмен тасып жүру қажет емес екенін ескерсек, «ов»-сыз далада қаламын деп алаңдаудың ешбір жөні жоқ.
Сондықтан «ұлы» болудан қорықпайық. Тәуелсіз ел ұландарының аты-жөнінен де азаттықтың айбары көрініп тұрғаны жақсы емес пе?