Әркім тәуелсіздік туын биіктетуге өз әлінше үн қосар. Біздің өмір жолымыз ұлт баспасөзімен егіз өріліп, азаматтық үніміз, қалам қуатымыз баспасөз арқылы халық жүрегіне жол тапты. Өткен күндерді шолып отырып, туған күні тәуелсіздік мерекесімен қатар тойланатын ата басылым «Egemen Qazaqstan» газетіндегі мерейлі мезеттер көз алдымнан өтеді. Мен мұнда үздіксіз-үзіліссіз он жеті жыл қатарынан бас редактордың орынбасары қызметін атқарған екенмін.
Осы орайда «Егемен» деген сөз айналымға қалай енгені жөніндегі бір тарихты баяндап өтейін. Ол тұста Мәскеуде КСРО халық депутаттарының съезі араға ай салып өтіп жататын. Алқалы жиында талай мәселе көтерілетін. Бір жолы Балқан елдерінің суверенитетті алуға ұмтылуы басқосудың өзегіне айналды. Сол тұста мен «Социалистік Қазақстанға» «Алтыншы бап төңірегіндегі айтыс» деп аталатын шағын мақала жазып, мақалада «суверенитет» деген сөздің орнына «егемендік» дегенді қолданғаным бар. Содан бастап бұл сөз қалам ұстаған қауымның лексиконына сіңіп, кеңінен қолданыла бастады. Бастапқыда бұған қарсы шығып, талай талас-тартыс тудырған сәттер, құптамағандар көп болды, әрине... Дей тұрғанмен уақыттың өзі бұл сөздің өміршеңдігін көрсетіп, күні бүгінге дейін кең қолданысымызда жүр. Бұл сөз – менің ойлап тапқан немесе аспаннан алған сөзім емес, орайы келгенде ұтымды орнына қойылған халықтың ауызекі сөзі. Қазақ «Егемен болмай – ел болмас, етектен кесіп жең болмас» дегенді тегін айтпағаны белгілі. Ертеректе «Жетісу» (1964 жылға дейін «Комунизм таңы») газетін ұзақ жылдар басқарған қарт журналист Әбдуәли Қарағұловтың аузынан «суверенитетті сөзін «егемен» деп қолданғанымыз дұрыс» дегенді сан мәрте естігенмін. Қаламгердің осы сөзі құлағымда қалып, мақаламда алғаш болып егемен сөзін қолдандым. Одақ тараған тұста «Социалистік Қазақстан» деген атау «Егеменді Қазақстан» болып өзгерді, кейіннен «Егемен Қазақстан» болды. «Еге», «ие» сөзі ежелгі түрік заманынан тамыр тартатыны анық.
«Egemen Qazaqstan» баспасөздегі алғашқы институтымыз болғандықтан, ол айтқан әрбір сөз кәдімгі заң сияқты болып еніп кететін кездер болады. Мәселен, «ұлғат» деген сөз басылымда «ұлағат» деп жазылып, содан бері кейінгі атау кең қолданысқа ие болды. Сонау Алаш арыстарын дүниеге әкелген «Қазақ» газетінің заңды мұрагері болған бұл басылым шын мәніндегі жаңа әдебиетімізді өркендетуді, туған тілімізді байытуды, мәдениетімізді мәуелендіруді сала-саласымен жүргізіп келе жатқан бас басылым екенінде дау жоқ. Асылы, ол ана тілімізді дамыту, көркем ойымызды өрістету жолындағы мектеп болды. Бұрынырақта бір жиында «газеттің өзі бір күндік, сөзі мың жылдық» деп айтқаным бар еді. Шынында да газет сөзі – тасқа басылған тарих. Жылдарды жылға жалғастыратын шежіре. Ал жүз бес жыл жасаған «Егемен» – тірі тарихымыз, ғасырлық шежіреміз. Басылымның көтермеген тақырыбы, қозғамаған мәселесі, бармаған саласы жоқ деуге болады. Түптің түбінде ғылыми дерек көзі есебінде осы «Егеменнің» материалдары тіркеледі деп ойлаймын.
«Егеменде» қаншама танымдық, тарихи материалдар, әлеуметтік, экономикалық сараптамалар, әдеби, мәдени мазмұны бай дүниелер жарияланады. Сол секілді күнделікті шығатын басылымда ресми ақпарлардың болуы да – қалыпты жағдай. Халық көкейде жүрген көп ойдың түйінді шешімін «Егеменнен» көргісі келеді. Айталық, заңсыз активтердің елге қайтарылуы жөніндегі материалдар топтамасы көпшілікті толғандырады деп есептеймін. Басылым осы мәселемен айналысатын заңгерлерге, мамандарға көбірек орын бергені абзал. Тәуелсіздікке қызмет ету дегеніміз – халықтың мұң-наласын айтып, қоғамды тазалыққа, әділдікке үндеу, танымы бай дүниелермен оқырманның шөлін қандыру. Аспанымыз ашық, болашағымыз жарқын болу үшін елдігімізге, бірлігімізге сызат түспеуге тиіс. Ойлы оқырманды тәуелсіздік күнімен және абыз басылымның туған күнімен құттықтап, толайым табыс тілеймін!
Сарбас АҚТАЕВ,
журналистика ардагері