Ғылым • Бүгін, 10:24

Академик Әбдуәли Қайдардың туғанына 100 жыл толуына орай халықаралық конференция өтті

38 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қазақ тіл білімінің көрнекті өкілі, ана тілінің абызы, академик Әбдуәли Қайдардың туғанына 100 жыл толуына орай «Мәдениет өркениет жаһаният контекстіндегі гуманитарлық ғылым: тіл, этнос, қоғам» тақырыбында халықаралық конгресс өтті, деп жазады Egemen.kz.

Академик Әбдуәли Қайдардың туғанына 100 жыл толуына орай халықаралық конференция өтті

Алқалы жиынды Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білім институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова жүргізіп, кіріспе сөзімен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев ашты.

Мемлекет басшысының конгресс қатысушыларына арнаған құттықтауын Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев жеткізді.

«Филология және түркология ғылымын дамытуға өлшеусіз еңбек сіңірген ғибратты ғалым лингвистика саласын терең зерделеп, ауқымды  еңбектер жазды. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында жұмыс ұзақ жылдар қызмет істеп, бірінші басшыға дейінгі жемісті жолдан өтті. Үкімет жанындағы терминология, ономастика комиссиясы жұмысын жандандырып, талантты шәкірттер тәрбиелеп, өзіндік ғылыми мектебін қалыптастырды. Тұғырлы тұлғаның өмір жолы, өнегелі істері жас ұрпаққа  әрдайым үлгі болары сөзсіз», делінген құттықтауда.

Парламент Сенаты төрағасы Мәулен Әшімбаев өз құттықтауында  ана тіліміз бен түркі тілдерінің тарихын терең зерттеген, қазақ этнолингвистикасының негізін қалаған ғалымның басшылық қызметте де игі істерге ұйытқы болғанын, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті ретінде табандылықтың озық үлгісін көрсеткен өнегелі өмірін ұлт санасында жаңғыртып, мұрасын кеңінен дәріптеу қажеттігіне тоқталған.

Сенат төрағасының құттықтауын жеткізген сенатор Дархан Қыдырәлі өз сөзінде: «Саналы ғұмырын сөз дүниесіне сарп еткен санаулы тұлғаның бірі, қазақ тіл білімінің сардары, түркологияның тұғырлы тұлғасы, академик Әбдуәли Қайдар алыстаған сайын асқақтай көрінетін Алатау сынды рухани құбылысқа айналып үлгерді. Ана тілінің алдаспаны болған ғалымның жасампаз ғұмыры артында қалған қазыналы мирасымен өлшеніп, уақыт өткен сайын салмағы арта түсері анық. Әбдуәли Туғанбайұлы іркіліссіз ізденістің, мойымас мінездің, таймас табандылықтың адамы еді. Сондықтан оны ана тіліміздің алтын адамы деуге болады. Есік қорғанына жақын маңда туғаны үшін де, қайшыласқан тұста қайрат көрсете жүріп, қазақ тілінің мәртебесі үшін күресіп, қазақ тілі қоғамын құрғаны үшін де, этнолингвистиканың түп бастауында тұрғаны үшін де, үндемей жүрып үлкен істерді  атқарғаны үшін де осылай атау әділетті әрі абзал болар еді», деп атап өтті.

Ұлтына қалтқысыз қызмет еткен тұлға жайындағы естеліктерімен бөліскен мемлекет және қоғам қайраткері  Нұрлан Оразалин «Әбекеңнің ұлтты сүйгенін, қалай қызмет еткенін ту етіп ұстап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып отыру керек. Тұлғалық бітімі, болмысынан үнемі кісіліктің мәртебесін танытып жүретін ғалым тіл ғылымның кеңістігінде ғана қалып қойған жоқ. Этностың қалыптасуын, үйсін, қаңлы мемлекетінің тарихын жазып кетті. «Қазақ этносының тамыры қайдан жатыр?» деген сауалға жауап іздеді. Еуроцентризмнің туы желбіреп тұрған тұста түркілік тұтастығымызды жетер жеріне жеткізіп айтты. Тірі болса, бұл саланы ары қарай зерттейтін еді. Сондықтан ғалымның күреске толы өмірін жоғары оқу орындарында оқыту қажет. Ғалымның зерттеулері осы саладағы жас зерттеушілерге жол сілтегіш, бағдаршы болар еді. Болмысын, күрескерлігін ұлттының келешегіне арнаған тұлғаны туған халқы «Халық қаһарманы» ретінде бағалауы тиіс» деді.

Алқалы жиынға ғалымның қызы Әсел Әбдуәлиқызы қатысты. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің, Халықаралық түркі академиясының президенті Шахин Мұстафаевтың, «Халықаралық қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханның құттықтауы оқылды. «Türk Dil Kurumu» лингвистикалық қоғамының вице-президенті Харун Шахин, Түрік тілі мен әдебиеті бөлімінің басшысы, Еге университетінің профессоры Мустафа Өнер, тағы басқа да ғалымдар құнды мұрасына қатысты мазмұнды баяндамалар жасады.  

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ғылым жөніндегі вице-президенті, белгілі ғалым Шерубай Құрманбайұлы академиктің бозбала шағынан ерлікке бейім тағдыры, ғылымдағы жанкешті еңбегі туралы естеліктерімен бөлісті. «Ғылымды ұйымдастыру мен шәкірт тәрбиелеуге саналы ғұмырын арнаған ғалым соңғы 20 жылда 25 кітап жазса, оның ең үлкені үш томдық этнографиялық сөздік болды.  Академик құрған «Қазақ тілі» қоғамы 35 жыл жұмыс істеді. Үлкен мінберлерден қазақ елінде бір ғана тіл мемлекеттік болуы керетігін ашына айтып, ана тілінің қорғаушысына айналды» деді ол.

А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының профессоры Жамал Манкеева өз баяндамасында ғалым еңбектеріне талдау жасады. Тіл әлемінің байлығын санамалап қоймай, сөз мұхитына үңілген ғалым оның сырын аша білді. Осы орайда тіл тамыршысының еңбектерін зерделеу, тіл арқылы ұлт болмысын тану, инновациялық технологиялар арқылы өскелең ұрпаққа жеткізудің өзекті екендігіне тоқталды.

Ғұлама ғалым әл-фараби: «Ғылымның сарайына кіретін адамның ары таза, жан иманы кәміл, пейілі тура болуы керек. Ондай бола алмайтын адамдар өзін де, өзгені де былғамай, ғылымнан аулық жүру керек» дегені академик Әбдуәли Қайдарға қарата айтылса керек. Тіл сардары өмірден өткенімен, еңбектері жас ұрпаққа азық болып, ұлт санасынан өшпейді» деді жиын барысында белгілі ғалым Кәрімбек Құрманәлиев. Ғалымның айтуынша, қазіргі кезде тарихи тұлғалар еңбектерін, өмір жолы, қарапайым болмысын дәріптеуге қатысты ауқымды жұмыстар істеліп, еңбектер жазылып жатыр.  

Конгресс барысында сондай ақ биыл жарыққа шыққан «Әбдуәли Қайдар. «Ертеңін ойла еліңнің», «Халық даналығы»,  «А. Сейітбекова. Сейф Сараидың «Гүлістан бит-түрки» жазба ескерткіші: сөздігі, транскрипциясы, аудармасы», «Г.Мамырбек Құтбтың «Хұсрау уа Шырын» дастаны: сөздігі, транскрипциясы, аудармасы» сияқты еңбектері таныстырылып, панельдік сессияларда ғалым мұрасы, қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері талқыланды.