Сурет: opennews.kz
Инфрақұрылымды және ирригацияны жаңғырту
Елімізде ауыл шаруашылығы жерлерін тұрақты суаруды қамтамасыз ететін су қоймаларын, бөгеттер мен каналдарды қосқанда, 13 мыңнан астам гидротехникалық құрылыстар бар. Биыл еліміздің оңтүстік аймақтарындағы суармалы жерлерге 10,9 км3 су жіберілді, ол суармалы егістікке арналған су қабылдаудың жалпы көлемінің 97%-ын құрайды. Талас және Шу өзендерінің көрсеткіштері айтарлықтай жақсарды, бұл сумен жабдықтау және суару бағытында іске асырылып жатқан іс-шаралардың тиімділігін көрсетеді. Биыл Шардара су қоймасына 4,8 млрд м3 су келді, яғни, 2023 жылмен салыстырғанда 2 есе көп.
Су қоймаларын және ирригациялық жүйелерді жаңғырту бағдарламасы шеңберінде 20 жаңа су қоймасын салу, сондай-ақ 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналдарды қосқанда, жұмыс істеп тұрған 15 су қоймасын реконструкциялау жоспарланған. Суару арналарын жаңарту тасымалдау кезінде судың жоғалуын 50%-дан 25%-ға дейін азайтуға көмектеседі. Бұл ауыл шаруашылығының қажеттілігіне қосымша су көлемін қамтамасыз етеді.
Биыл 93 гидротехникалық құрылысқа зерттеу жүргізілді, жалпы ұзындығы 592,9 км 260 бөгет салынып, нығайтылды.
Салаға серпін берер құжат
Жаңа Кодекс су ресурстарын басқарудың өзекті мәселелерін шешуге, су тапшылығының алдын алуға және климаттың өзгеруі жағдайында экожүйелерді сақтауға бағытталған. Құжатта халық пен экономиканы су тапшылығы мен су объектілерінің ластану қаупінен қорғауды қамтитын су қауіпсіздігі ұғымы алғаш рет енгізілді. Сондай-ақ – «экологиялық ағын» – өзендердің, көлдер мен теңіздің экожүйелерін қолдау үшін сақталатын судың ең аз көлемі туралы да ұғым енді. Бұл су объектілерінің сарқылуын және деградациясын болдырмайды. Сонымен қатар жаңа Су кодексі табиғатты пайдалануға, агроөнеркәсіптік кешенге, құрылысқа және энергетикаға байланысты 4 кодекске (экологиялық, кәсіпкерлік, азаматтық және жер) және 9 заңға өзгеріс енгізуді көздейді.
Цифрландыру қалай жүріп жатыр?
Келер жылы Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін іске қосу жоспарланып отыр, ол су айдындарының нақты уақыттағы жай-күйіне мониторинг жүргізуді, сондай-ақ су тасқыны мен құрғақшылықты болжауды қамтамасыз етеді.
Мемлекет басшысының 2024 жылғы 1 сәуірдегі тапсырмасын орындау үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Экология және табиғи ресурстар, Су ресурстары және ирригация, Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп ықтимал төтенше жағдайларды модельдеуге, стратегиялық шешімдер қабылдауға тиісті болжамдар жасауға мүмкіндік беретін «Tasqyn» су тасқынын болжау мен модельдеудің ақпараттық жүйесін әзірлеуде. Сонымен қатар еліміздің 3,5 мың км суару желілерін цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жобаларды іске асыру мерзімі 2026 жылдан 2027 жылға дейін, Ислам даму банкінің қаражаты есебінен жүргізіледі. Арналарды автоматтандыру судың сапалы және дәл есебін қамтамасыз етеді.
«Судың да сұрауы бар»
Су ресурстары және ирригация министрлігінің Ішкі аудит департаменті «Қазсушар» филиалдарына аудит жүргізді. Су кодексінің жобасына су қорын қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылаудың жаңа түрі – тергеу енгізіледі. Бұл шара су қорын қорғауды күшейтуге және жауапкершілікті арттыруға арналған. Сонымен қатар бассейндік инспекция қызметкерлерінің саны 1,5 есе өсті. Егер бұрын олардың саны 98 адам болса, қазір бассейндік инспекцияның жалпы штаты – 242 адам. Бұл республиканың әрбір облыс орталығында бассейндік инспекциялар бөлімдерін ашуға мүмкіндік берді.
Көрші елдермен ынтымақтастық
Еліміз су дипломатиясын белсенді дамытуды жалғастырып келеді. Биыл Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорына үш жылдық төрағалық етуді бастады әрі көршілермен сумен жабдықтау мәселелері жөнінде маңызды келісімдер жасады. Жыл басынан бері Қытаймен, Ресеймен, Орталық Азия елдерімен трансшекаралық өзендер бойынша 35-ке жуық отырыс өткізілді. Қырғызстанмен және Өзбекстанмен Шу, Талас, Сырдария трансшекаралық өзендері арқылы елімізге су беру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Қытаймен 20-дан астам өзен, соның ішінде Ертіс және Іле өзендері жөнінде келіссөз жүргізіліп жатыр.
Трансшекаралық су ресурстарын әділ бөлуге ықпал ететін Халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан басқаша пайдалану түрлерінің құқығы туралы БҰҰ Конвенциясына Қазақстанның қатысуы маңызды қадам болды.
Үнемдесең, суды үнемде!
Еліміздің ауыл шаруашылығы климаттың ерекшелігі мен су тапшылығын ескере отырып, суарудың тиімді әдістерін қажет етеді. Бұл тұрғыда су үнемдеу технологияларын енгізу жалғасуда және суармалы жерлердің көлемі 2024 жылы 312,2 мың гектардан 462,2 мың гектарға дейін ұлғайды. Тамшылатып суару мен жаңбырлату жүйелерін енгізуге ерекше назар аударылды. Бұл әдістер суды үнемдеп қана қоймай, дақылдардың өнімділігін айтарлықтай арттырады. Атап айтқанда, тамшылатып суару арқылы фермерлер суды тұтынуды 40-50%-ға азайтып, дақылдардың өнімділігін 1,5-2 есе көбейте алады.
Үкімет сонымен қатар су үнемдеу технологияларын енгізу үшін ауыл шаруашылығы өндірушілерін субсидиялауды ұлғайтты. Қаржыландыру бағдарламалары мен фермерлерді оқыту суарудың озық әдістерін таратуға көмектесті, бұл аграрлық сектордағы экономикалық көрсеткіштердің жақсаруына әкелді.
Елді мекендерді сумен қамту қашан аяқталады?
Биыл 324 сумен жабдықтау жобасын іске асыруға 218 млрд теңге бөлінді. Бұл соманың 106 млрд теңгесі қалалардағы 122 жобаға, ал 112 млрд теңгесі ауылдық елді мекендердегі 202 жобаға бағытталды. Осы іс-шаралар шеңберінде биылғы 10 айда 39 ауыл орталықтандырылған сумен жабдықталды, 166 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылды, ал 49 ауылда республикалық бюджет есебінен тозған су құбыры желілеріне реконструкция жасалды.
2024 жылы халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіші қалаларда 99,5%, ал ауылдарда – 97,8%-ды құрады. Өткен жылмен салыстырғанда бұл қалаларда 0,6% және ауылдық жерлерде 1,2% өсімге сәйкес келеді.
Болашақ жоспарға орай елді мекендердің 100%-ын 2025 жылдың соңына дейін сапалы сумен толық қамтамасыз ету көзделген.
Ғылым мен білім беруді дамыту
Су ресурстарын басқару жүйесінде Ұлттық гидрогеологиялық қызмет қалпына келтірілді, ол су қорларын бақылау мен басқарудың сапасын жақсартуға, сондай-ақ сумен жабдықтау қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар 9 өңірде гидротехникалық құрылыстарды пайдалану бойынша мамандандырылған ұйым құрылды. Аталған ұйымдар гидротехникалық объектілерді пайдалану және техникалық қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған, ол өз кезегінде апаттық жағдайлар мен суды жоғалту қаупін азайтады.
Сонымен қатар биыл елімізде жаңа ғылыми және білім беру мекемелерін құру арқылы су секторын дамытуда маңызды қадам жасалды. Каспий теңізінің Қазақ ғылыми-зерттеу институтының құрылуы өңірдің экологиясы мен су ресурстарын тұрақты пайдалануды зерттеуге елеулі үлес болды. Сондай-ақ Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылды. 2025 оқу жылында университет «Гидроэкология» мамандығын енгізуді жоспарлауда. Бұл білім саласы әсіресе су ресурстарының ластануы, климаттың өзгеруі мен су объектілерін ұтымды пайдалану қажеттілігі жағдайында өзекті болып отыр.