Фото: gov.kz
Осындай түрлі пікірді ескере келе, Парламент депутаттары мүдделі мемлекеттік органдардың бірыңғай уақыт белдеуі мәселесіне қатысты ғылыми зерттеу жұмысын алдағы жылдың наурыз айына дейін аяқтауын сұрады. Пікір алмасу барысында Мәжіліс депутаттары Үкімет мүшелеріне бірыңғай уақыт белдеуін енгізуге қатысты азаматтарды толғандырған өзекті сауалдарды жеткізді. Атап айтқанда, депутат Ж.Әшімжан Алматы, Жетісу облыстарының, өзге де өңірлердің тұрғындарынан депутаттық корпус атына келіп түскен көп өтінішке назар аударды. Депутат Е.Саиров үйлесімді қоғам құру жолында Парламент пен Үкіметтің осы мәселе жөнінде біржақты ұстанымы болуға тиіс екенін мәлімдеді. Ал Ю.Кучинская мұндай мәселе Үкімет қаулысы деңгейінде шешілмей, заң деңгейінде реттелуі керек деген пікір білдірді. Жиынды қорытындылай келе Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов уақыт белдеуін өзгерту қоғамда ең көп талқыланып жатқан тақырыптың бірі екенін айта келе, мұндай шешімдерді алдын-ала егжей-тегжейлі талдау, кеңінен талқылау арқылы қабылдау керек екенін ескертті.
«Уақыттың өзгеруі, ең алдымен, азаматтарымыздың денсаулығы мен әл-ауқатына, тұрмысына қалай әсер ететініне қатысты нақты жауап алуымыз керек. Осы мәселеге баса мән беру қажет. Сонымен қатар Үкімет айтып отырған үш жыл тым ұзақ мерзім деп есептеймін. Зерттеу жұмысын үш айда аяқтағандарыңыз жөн. Алдағы жылдың наурыз айында зерттеу қорытындыларымен, мәселені нақты шешу жолдары бар ұсыныстармен келесіздер деген үміттеміз», деді Е.Қошанов Үкімет мүшелеріне қарата айтқан сөзінде.
Бұл қадам қоғамға тиімді түсіндіру жұмысын жүргізуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты Үкімет бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің әсері туралы көпфакторлы ғылыми зерттеу жұмысын жүргізу жөнінде шешім қабылдады. Аталған шешім бірқатар сұрақтың жауабын беруге тиіс.
Бұрынырақта еліміздің Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау облыстары төртінші уақыт белдеуімен, өзге облыстар бесінші уақыт белдеуімен жүріп, сағат уақыты осы екі әкімшілік уақыт белдеуімен есептеліп келген еді. Жоғарыда айтқанымыздай, түрлі әлеуметтік-экономикалық жағдайлар ескеріле келіп, биылғы көктемнен еліміз бірыңғай уақыт белдеуіне көшірілді.
Жалпы, жер бетіндегі уақытты есептеу жүйесі халықаралық келісім негізінде 24 сағаттық белдеуге бөлінеді. Әр сағаттық белдеу Гринвич меридианынан бастап шығысқа қарай 15 градустан құралады. Осылайша 24 сағаттық белдеу 0 ден 23-ке дейін нөмірленіп, әр меридиандағы орынның өзінің жергілікті уақыты белгіленген.
Тарихи деректерге қарағанда, еліміздегі уақыт өлшемі 1924 жылдан басталады. Кейін Кеңес одағы тұсында қабылданған уақыт белдеуі жүйесіне бағынған. Негізінде еліміз Дүниежүзілік сағат белдеуі жүйесінде 4 сағаттық белдеуде орналасқан. Оның ішінде Маңғыстау, Атырау, БҚО жартылай 3 сағаттық белдеуде орналасса, Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай облысы толық 4 сағаттық белдеуде, ШҚО 6 сағаттық белдеуде, қалған облыстар 5 сағаттық белдеуде орналасқан еді. Дегенмен ол тұста бұл өңірлерде жергілікті уақыт қолданылмаған. Себебі 1930 жылы электр энергиясын үнемдеу мақсатында декреттік уақытпен жүру туралы қаулы шыққан. Осылайша негізгі белдеулік уақытқа 1 сағат қосылып декреттік уақыт енгізілген.
Әлем ғалымдары адам биологиялық ырғағынан ауытқыса, оның бойында созылмалы ауру өршіп, тіпті мінез-құлықтың өзгеруіне әкелетінін анықтаған. Осыдан соң Еуропа елдері декреттік уақыттан бас тарту туралы шешім қабылдаған. Сөйтіп Ресей де 2014 жылы сағаттық белдеулерді біріктіру мен декреттік жазғы уақытты қолданудан бас тартқан. Ал Моңғолия біздің ел секілді үлкен жерді алып жатқан ел, онда да әртүрлі уақыт белдеуі қолданылады. Мысалы, Ұланбатыр қаласы мен Баян-Өлгей аймағының уақытында бір сағат айырмашылық бар. Шығыс жағы үнемі бір сағат ілгері жүреді. Қытай елі де сондай, олар да әртүрлі уақыт белдеуін пайдаланады. Тіпті жер көлемі біздің бір облыстай ғана Қырғыз Республикасының өзі әртүрлі уақытпен жүретін, бізден кейін олар да осы мәселені көтере бастады. Сондықтан меридиан мәселесі әлі де талқылауды қажет етеді. Қорыта келгенде, бұл күрделі тақырыптың нүктесін құрамына түрлі ғылым саласындағы жетекші мамандар кіретін арнайы комиссия қояды деп сенеміз.