Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
«Газет оқу үрдісі үзілмеуге тиіс...»
«Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы жиынды ашып, «Заман. Зерде. Зиялы» атты баяндамасында қазіргідей қиын кезеңде, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дәл бағамдағандай, той тойлайтын емес, ой ойлайтын кезең келгенін, «сол ой – заман амалы мен елшіл іс-әрекет, тарих һәм жүріп өткен жол зердесі мен тәжірибесі, зиялылар қағидаты мен жауапкершілігі болуға тиіс» екенін айтты.
«Бірінші сіз бен бізге бұйырған газеттен, жұртты ағартатын кітап пен қаламнан бастайық. Әлеуметтанушылардың есебінше, қазір халықтың газет-журнал оқитын бөлігі – 14–17 пайыз ғана. Соның ішінде ертеңгі ұлтқа жауапты 25–34 жастағы азаматтардың мерзімді басылым оқуы 13 пайыздан аспайды екен. Бұл заман үрдісі, яғни арғы жағында кітап, классика оқуға баспалдақтың шамасын тұспалдайды. Егер бүгінгі көп шенеунік, біраз азамат ойлап жүргендей, «газет заманы кетті» дегенге пейіл берсек, сауатсыз мұғалім, сауатсыз оқушы қатарын көбейте береміз. Рас, замана қалпын ескеріп, газеттің интернет нұсқасын, сондай-ақ әлеуметтік желідегі БАҚ форматын жалғастырарымыз сөзсіз. Бірақ Батыс пен Шығыстың өркениетті елдеріне әлі де азық болып отырған дәстүрлі классикалық форматты жетілдіру басым бағыт болып қалуға тиіс», деп атап өтті Д.Қамзабекұлы.
Сонымен қатар бас директор тарихи зерде «Ұшқыннан» «Егеменге» дейін түрлі атау алған газетіміздің Алаш басылымдарымен сабақтастығын көрсететінін тілге тиек етті. Елді ел ету жолында еңбек еткен тарихи тұлғаларды, қиын да күрделі кезеңдегі оқиғаларды халыққа, бүгінгі буынға шынайылық, тарихилық, жан-жақты қарау тұрғысынан жеткізу қажет екенін атап өтті.
«Қазіргі «Егемен» бастаған барша ұлт газеті – зиялылардың ақыл-ой, сындарлы ұсыныс, салиқалы пікірталас алаңы. «Зия» – нұр, жарық деген мағынаны береді. Ұлттың да, дәстүрдің де, имандылықтың да жарық, жарқын ойы газет тұжырымдамасының мазмұнын құрайды. Дәл осы күндері біз үшін сенім маңызды! Биыл Журналистер күніне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Шын мәнінде, газет шығару мен газет оқу үрдісі ешқашан үзілмеуге тиіс. Осы сабақтастықты сақтап қалу керек. Бұл – өркениетті елдердің барлығында қалыптасқан дәстүр» деп бәрімізді жігерлендіретін ой айтты. Бүгінгі форумның бір мақсаты – осы ойды салаландыру», деді Д.Қамзабекұлы.
Президентіміз ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі әрдайым өзектес болатынын айтып келеді. Ғасырдан аса тарихы бар «Egemen Qazaqstan» қай кезде де елдік мұратқа табан тірейді. Форумда сенатор Нұртөре Жүсіп жеткізген Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтауында осылай делінген.
«С.Сәдуақасұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Әуезов, Б.Майлин, С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, О.Жандосов, Ғ.Мүсірепов сияқты тұғырлы тұлғалар қалыптастырған бұл дәстүр С.Байжанов, Б.Қыдырбекұлы, Ш.Мұртаза, Ә.Кекілбаев, Н.Оразалин, У.Қалижан, С.Абдрахманов, Е.Смайыл, Е.Қыдыр, Д.Қыдырәлі секілді қайраткер қаламгерлер тұсында да лайықты жалғасын тапты. Сондықтан тәуелсіздікті нығайту, халықтың әлеуетін арттыру және ұлттық руханиятты дәріптеу жолында «Егемен» мен егемендіктердің алар орны ерекше. Қазіргі таңда бас басылым қазақтың дүниетанымын кеңейтуге, тарихы мен құндылықтарын дәріптеуге, әдебиеті мен мәдениетін, білімі мен ғылымын дамытуға және елдің береке-бірлігін сақтауға үлкен үлес қосып келеді», делінген Сенат төрағасының құттықтауында.
Сонымен қатар форум барысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтауын Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, Премьер-министр Олжас Бектеновтің құттықтауын Үкімет баспасөз қызметінің жетекшісі Мақсат Төлегенов, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтауын вице-министр Қанат Ысқақов, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтауын қала әкімінің орынбасары Есет Байкен жеткізді.
«Бұл газетте қазақтың қаншама буын талантты журналистері еңбек етіп қалыптасты, қаламдарын ұштап, шеберліктерін шыңдады. Дәуірдің тынысын, қоғамның үнін халыққа шынайы жеткізді. Сіздер сол ұлы тұлғалар қалыптастырған дәстүрді лайықты жалғастырып, қазақ баспасөзінің туын одан әрі биіктеттіңіздер. Бүгінгі қазақ руханиятының қарашаңырағына айналған ұлт басылымы «Egemen Qazaqstan» мемлекеттік мүдде мен елдік мұратқа адалдық танытып, рухани құндылықтарды дәріптеп келеді», делінген Мәжіліс төрағасы Е.Қошановтың құттықтауында.
Премьер-министр О.Бектенов ғасырдан аса уақыт бойы Алаш жұртымен бірге жасап, абыз басылымға айналған «Егеменнің» орны әрдайым биік екенін, бүтін бірнеше дәуірдің шежіресін бойына бүккен ел газеті отандық баспасөзді жаңа сапалық деңгейге көтеріп қана қоймай, тұтас ұлт тағдыры талқыға түскен сындарлы сәттерде мемлекет мүддесін қорғауға қызмет еткенін айтады. «Қай жағынан алып қарасақ та, «Egemen Qazaqstan» қазақ баспасөзінің қарашаңырағы, егемендіктің эталоны деуге әбден болады», дейді ол.
Атауы өзгергенмен, заты өзгерген жоқ
Жиында сөз алған Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қ.Ысқақов газет ұжымы кеңес заманының өзінде ана тіліміз бен ұлттық санамызды сақтауға, төл тарихымыз бен мәдениетімізді насихаттауға, елдігімізді нығайтуға өлшеусіз үлес қосқанын, осы жылдар ішінде газеттің атауы өзгергенімен, заты өзгермегенін, яғни қалай аталса да, елдіктің биік мінбері міндетін абыроймен атқарып келе жатқанын айтты.
«Кейінгі жылдары газет заманауи жаңғыру үдерісін жүзеге асырып, ішкі мазмұны мен сыртқы келбетін сапалық тұрғыдан өзгертті. Басылыммен қатар газеттің egemen.kz сайты да қайта жаңғыртылып, мультимедиалық мүмкіндіктерін кеңейте түсті. Бүгінде оқырмандарының саны 30 мыңға жетті. Жалпы, газетте жүзге тарта адам жұмыспен қамтылып, жемісті де нәтижелі еңбек етіп келеді. Тәжірибелі тілшілер мен білікті басшылардан құралған ұжым әр саладағы жаңалықтарды, мәселелерді сапалы әрі саяси салмақпен оқырманның назарына жеткізіп келеді. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың қызметі туралы ресми ақпаратты, нормативтік-құқықтық актілерді, сондай-ақ ішкі және сыртқы саяси мәселелер бойынша уәкілетті мемлекеттік органдардың ақпараттарын жариялауда газеттің өзіндік орны, ұстанымы қалыптасқан», деді вице-министр.
Өз сөзінен кейін Қ.Ысқақов газеттің 105 жылдығына орай жемісті еңбегімен көзге түскен бірқатар басылым қызметкеріне марапат тапсырды. Атап айтқанда, «Еңбек ардагері» медалімен «Egemen Qazaqstan» газетінің қызметкері Кәрібай Мұсырман, Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен «Egemen Qazaqstan» газеті Меншікті тілшілер желісінің үйлестірушісі Дина Дәуіт, газет тілшілері Нұрбай Жолшыбайұлы мен Эльвира Бөкенбаева, газеттің Қостанай облысындағы меншікті тілшісі Нұрқанат Құлабаев, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен газеттің аға тілшісі Айнаш Есали мен тілшісі Қуаныш Нұрданбекұлы, бет қаттаушысы Назым Матенова, Мәдениет және ақпарат министрінің Алғыс хатымен газеттің аға тілшісі Ескендір Зұлқарнай, корректоры Жанар Нұрмағамбетова, Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілші Мерей Қайнарұлы марапатталды.
«Егеменнің» еркіндік келбеті
Форумның «Бедел сөз» бөлімінде белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, 1991 жылы тәуелсіз еліміздің тұңғыш Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрі болған Қуаныш Сұлтанов «Тәуелсіздіктің елең-алаңындағы «Егемен Қазақстан» тақырыбында сөз сөйледі. Ол 90-жылдардың басында азаттық алған шақтан «Egemen Qazaqstan» газеті де халық үні болып шабыттанып, бүкіл қазақ баспасөзінің көш бастаушысы болып сөйлегенін еске алды. Елдің жоғын жоқтап, ынтымағына, бірлігіне, жасампаздығына шақырып жұмылдырғанын, әсіресе ұлттық тарихымыздың, тағдырымыздың ақтаңдақ беттерін, ұлт қайраткерлеріне жасалған саяси қуғын-сүргін, ашаршылық секілді жабық тақырыптарды жариялаудағы «Егеменнің» еңбегі өлшеусіз екенін тілге тиек етті.
Тарихтан сыр шерткен мемлекет қайраткері: «Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары өмірге келген жаңа БАҚ-тар 1991 жылдың 31 тамызында құрылған Баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдары министрлігінде тіркелетін. Ол кезде әлі заң жазып үлгермедік. 1992 жылы заң қабылданғаннан кейін бұл міндет Әділет министрлігіне тапсырылды. Міне, сол жылы бір жылда тіркелген жеке тәуелсіз басылымдар мен радио, телеарналар саны 200-ден асып кетті. Бұл қоғамдық белсенділікті көрсететін сандар еді. Біздің негізгі ұстанымымыз – БАҚ-пен, журналистер қауымымен әріптестік, шығармашылық қарым-қатынас орнату, қалыптастыру болды. 1992 жылы қазан айында министрліктің бастамашылығымен, ЮНЕСКО-мен бірлесіп, тәуелсіз журналистердің халықаралық үш күндік семинар-конференциясын өткізуіміз де елеулі оқиға болды. Сол конференцияға 80 мемлекеттен 200-ге жуық тәуелсіз журналист, баспагерлер, телевизия қызметкерлері қатынасып, өзара тәжірибе алмасты. Осындай іс-шаралардың барлығында да «Egemen Qazaqstan» газеті көш бастап, сөз бастап, халық сөзін көтеріп жүрді», деп еске алды.
«Басылымның» әр белесі – елдіктің белесі
Форум жұмысына қатысқан «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының 2000–2016 жылдардағы президенті, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахманов «Егеменнің» әр белесі елдіктің белесі екенін, өзінің ел газеті алдында қарыздар екенін, университетті жаңа бітірген шақта бірден бас басылымның Әдебиет және өнер бөліміне қабылдану арқылы қабілет-қарымы ашылып, еңбек жолы сәтті басталғанын жеткізді.
«Алғашқыда осы газетте 12 жыл жұмыс істеп, кейін мемлекеттік қызметке ауыстым. Ғасырлар тоғысында, 2000 жылы бас басылымға қайта оралып, тұтас 16 жыл өмірім осында өтті. Сол жылдардағы күндер мен түндер үшін, бізге газет басшылығына көрсеткен көмегі үшін «Егеменнің» әр қызметкеріне, әр ардагеріне, бүгінде жұмыс істеп жүрген әрбір қызметкеріне шын жүректен разылығымды білдіремін. Өйткені газет жұмысы – ұжымның күшімен, ұйымшылдықтың арқасында ғана атқарылатын шаруа. Сондықтан біз сол жылдарда ауыз толтырып айтарлық үлкен табысқа жеттік. 2000 жылы 38 мың таралымнан бастап, 2016 жылы 212 мың таралымға жетті. Газет қызметкерлерінің арасында баспанасыз қалған бірде-бір адам жоқ болатын. Үй алып бере алмағандарға жатақхана салып бердік. Бұл да біздің қанағат сезіммен айтатын жағдайымыз», деді ол.
С.Абдрахманов сөзінің соңында газет оқу мемлекеттік мәселе екеніне, оған мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінуі қажеттігіне тоқталды. Digital әлемінің қарқынына қарамастан, дәстүрлі ақпарат құралдарының шетке ысырылуына жол бермеу керектігін, «Egemen Qazaqstan» секілді елдік ұстанымды ту қылған басылымдарға мемлекеттік қолдау қажет екенін шегелеп айтты.
«Алтын сандықтың үстінде қазақ неге жалаңбұт отыр?»
Газеттің 1996–1998 жылдардағы бас редакторы Уәлихан Қалижан форум барысында өзі қызмет еткен жылдарда болған елеулі оқиғаларға тоқталды. Оның айтуынша, ең алдымен Ресей тарапынан жүргізіліп жатқан «Қазақта мемлекет болмаған» дейтін идеологиялық экспансияға тойтарыс беру қолға алыныпты.
«Оған бірде-екілі саясаткер, не қоғам қайраткері мақаласымен тойтарыс беру мүмкін бе? Сондықтан Қазақ мемлекетінің тарихын зерделеп, жазу міндетін мойнымызға алдық. Мәмбет Қойгелді, Талас Омарбеков, Камал Бұрқанов, Берекет Кәрібаев, Бүркітбай Аяған сынды ұлтжанды тарихшыларды жинап, кеңес өткіздік. Ұлтымыздың тарихын түгендеу жоспары жасалды. Кезең-кезеңмен оларды газетке жариялау кестесі бекітілді. Газеттің мардымсыз қаламақысын азырқанбай, олар бір жарым жыл бойы тарихымызды түгендеді. Бет-бет материалдар берілді. Осылайша, біз ұлттық тарихымыз арқылы жас ұрпақ тәрбиелеуге мән бердік. Осы материалдар арқылы жас патриоттар, газет оқырмандары саяси оппоненттерге толыққанды жауап бере алатын мемлекетшіл рухты бойына жинады. «Egemen Qazaqstan» кітапханасы аясында сол мақалаларды жинақтап, кітап етіп жарияласа дұрыс болар еді», деп ой тастады ол.
Журналист үшін қапылыста, стандартты емес жағдайда өзгеше шешім қабылдай алатын интуиция, яғни түйсік керек екенін айтқан ардагер журналист сол жылдары ұрпақ жалғастығын ескеріп, қазақтың атақты жазушысы Шерхан Мұртазаны өзіне кеңесшілік қызметке шақырғанын, сондай-ақ қазақтың тағы бір қайраткер жазушысы, публицист Камал Смайыл мен Шерхан Мұртаза арасында газет бетінде хат жазысу ұйымдастырылғанын тілге тиек етті.
«Бірде Камекең «ХХІ ғасыр – Қазақстан ғасыры» деген үлкен бір беттік мақала алып келді. Ол еліміздің қазба байлықтарға бай, жер астында Менделеев кестесіндегі элементтердің бәрі бар екенін айта отырып, болашақта Қазақстан әлемдегі бай мемлекеттердің қатарына қосылады деп сараптама жазған екен. Бір ой сап ете түсті. Осы мақалаға Шерағаң қалай қарайды? Оқырманды тарту әрі газеттің таралымын өсіру үшін екі алыптың хаттарын ұйымдастырса қалай болар еді? Шерағаңды шақырып, мақаланы қолына бердім. Таңертең «Egemen Qazaqstan»-да Камал Смайылдың мақаласы жарқ етіп шықты. Түс әлетінде Шерағаң келді. Кәмекең досының мақаласын оқып, жауап жазыпты. Керемет! Мұны мемлекетіміздің бас газетінде қалай жариялауға болады? Бірақ мақала қоғамдық ойды қозғаған, халықтың көкейінде жүрген мәселелерді көтереді. Республика бойынша әртүрлі деңгейдегі толқулар жүріп жатқан. Басты мәселе Қазақстан байлығы қазаққа неге жетпейді? Нартәуекел! Мақала жарияланды. Мазмұндап айтсам, соның ішінде мынандай мәселе айтылды: «Камал дос! Айтқаныңның бәрі рас. Қазақстан – Менделеев кестесіндегі бар байлықтың иесі. Бірақ сол алтын сандықтың үстінде қазақ неге жалаңбұт отыр?» Қоғамдық пікір дүр ете түсті. Жұрт газетті қолдан-қолға ала оқыды. Қолдары жетпегендер редакцияға келді», деп, басылым беделіне шолу жасады.
Қазақ баспасөзінің мұражайы керек
Сенатор, танымал медиа-қайраткер Нұртөре Жүсіп алғаш рет ресми тіл «Egemen Qazaqstan» газеті арқылы қалыптасқанын атап өтіп, ұлт баспасөзінің қазіргі жағдайына тоқталды.
«Жалпы ресми тілді, ұғымдарды, терминдерді қалыптастыруда, заңдар қабылданбай тұрғанда «Egemen Qazaqstan» көп шаруа атқарды. Барлық құрылтайшылық құжаттар, жарғылар «Egemen Qazaqstan»-нан басталды. Содан кейін барып заң тіліне қарай ауысты. Қаншама сөзді ұлттың ұғымына сай етіп шығарды», деп атап өтті Н.Жүсіп.
Сондай-ақ медиа-қайраткердің айтуынша, қазір оқырман үшін күрес жүріп жатыр. «Бұл дегеніміз тіл үшін, тәуелсіздік үшін күрес, – деді ол. – Біз қазір оқырманды баспасөзге жаздыртудың ғасырлар бойы қалыптасқан жүйесін бұзып отырмыз. Енді «Балдырғанды» оқитын бала болмайды, «Ұланды» оқитын бала азаяды, жалпы баспасөзді оқитындар азаяды. Тіл, тәуелсіздік үшін күрес деп отырғанымыз осында. Өйткені ұлт ұялы телефонға телміріп, бүкіл сана, көз майы осында сарылатын болды. Тоғыз жасында бала тілі шықпайтын жағдайға келдік. Сөйлей алмайды, ойын жеткізе алмайды. Телефонға телмірген соң, көзі көрмейтін ұлтқа айналайын деп отырмыз. Олар газет, кітап оқымағаннан кейін кемел адам болудың орнына кембағал адамды тәрбиелейтін жағдайға жетіп отырмыз. Мемлекет ұлтты кітап оқуға ынталандырып, оқитын ұлт жобасын жасап, «Бір ел, бір кітап» жобасы қолға алынды, оның ішінде балалар әдебиетіне көңіл бөлініп, үлкен жұмыс жасалып жатыр, бірақ баланың тәрбиесіне әрбір ата-ана өте сауатты, жауапты болу керек».
Ал сенатор Дархан Қыдырәлі ақпараттық сын-қатерлер мен заманауи медиа мәселесін сөз етті.
«Жаңа медиа пайда болысымен әлемде газет редакциялары жабылып, трансформацияға ұшырады. Осы кезде біз газеттің сайтын жеке редакция қылып шығардық, оқырман саны мыңнан 100 мыңға жетті. Ресми газет үшін күнделікті оқырманның 100 мыңға жетуі үлкен көрсеткіш деп айтуға болады. YouTube каналын аштық, спорт тақырыбында бағдарламалар, сұхбат шығардық, жаңалықтар болды. Сонымен қатар «Ертегілер елінде», «Балаларға базарлық» сияқты бағдарламалар балаларға пайдалы болды. Жалпы, әлеуметтік желімен әлемде ешқандай газет бәсекеге түсе алмай қалды. Не істеу керек? Осы орайда газет журналистік зерттеу, талдау, сараптау, құндылығын жолғалтпайтын, ескірмейтін материалдар беруге ден қойды. Сарапшылар клубын құруға тырыстық, экономикалық, әлеуметтік сараптамалық материалдар шығардық, бұл өз нәтижесін берді. Газетті субсидиялау мәселесі де қолға алынды», деді 2016–2022 жылдары «Egemen Qazaqstan» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарған Д.Қыдырәлі.
«Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр қазақ баспасөзінің мұражайын ашу қажет екенін айтып, кезінде өзі бас редакторы, басқарма төрағасы қызметтерін атқарған «Егеменнің» мектебіне тоқталды.
«Егеменнің» мектебі – ең алдымен редакторлар мектебі. Сапар Байжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Шерхан Мұртаза, Сауытбек Абдрахмановтың редакторлығының өзі – бір мектеп. Мәселен, бізде бір жақсы дәстүр бар еді, үлкен айтулы мерекелерде арнайы нөмір шығаратын. Оны алдын ала жоспарлайды, керемет, сүйсініп оқитын нөмір болатын. Міне, «Егеменнің» мектебі дегенде осы еске түседі. «Егеменнің» қара шаңырағынан үйренетін қаншама нәрсе бар, осылардың барлығы зерттелуі керек. Редакторлар мектебі, журналистік шеберлік мектебі, безендіру мектебі бар, осылардың барлығы – бір-бір тақырып», деді Е.Қыдыр.
Мәдени-интеллектуалдық форум аясында «Egemen Qazaqstan» газетінің авторлары, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, опера әншісі Кенжеғали Мыржықбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші, сазгер Жанғали Жүзбай, танымал дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали ән-жырдан шашу шашты.
Серіктестік басшысы Д.Қамзабекұлы газет журналистері өздерінің күнделікті қызметімен қоса, шығармашылықпен де тұрақты айналысатынына, бұған жыл сайын жарық көріп жатқан кітаптары дәлел екеніне тоқталды.
Мәселен, таяуда бірқатар қаламгерлеріміздің туындылары жарық көргенін айта кеткен жөн. Дихан Қамзабекұлының «Арайна», Ғабит Мүсірептің «Тоғызыншы территория», Талғат Батырханның «Бозжайнақ болмыс», Абай Аймағамбеттің «Білте шамның жарығы», Бақытбек Қадырдың «Мәжусилер», Батырхан Сәрсенханның «Белгісіз жапырақ жайлы» атты кітаптары оқырманға жол тартты.
Форум соңы еркін пікір алмасу форматына ұласып, белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ардагер журналистер, т.б. сөз алып, өз ойларын ортаға салды.
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
Гүлнар ЖОЛЖАН
«Egemen Qazaqstan»