04 Ақпан, 2015

Қаһармандарға құрмет

306 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
28-01-5-13 Елімізде Жеңістің 70 жыл­дығына орай мемлекет тарапынан ардагерлерімізге  ерекше құрмет көрсетілмек. Осы мақсатта Үкімет ауқымды шараларды қолға алуда. Ұлы Отан соғысына (ҰОС) қа­тысқандар мен мүгедектерге, оларға теңестірілген тұлғаларға, тыл еңбеккерлеріне және Жеңіс­ке үлес қосқан еліміздің өзге де азаматтарына бір реттік мате­риал­дық көмек беру үшін биыл республикалық бюджеттен 5 млрд. 690 млн. 183 мың теңге қаралып отыр. Бұдан бөлек, Жеңістің 70 жыл­дығына орай өткізілетін Ас­тана мен Мәскеу қалаларындағы шараларға ардагерлердің қатысуын қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 61,8 млн. теңге бөлінбек. Нақтылай айтқанда, бір реттік ма­те­риалдық көмек келесі ретте қарас­тырылған: ҰОС қатысқандар мен мүге­дек­терге – 100 мың теңгеден; ҰОС қатысқандар мен мүге­дектерге теңестірілген тұлғаларға, Жеңіске үлес қосқан азаматтарға – 70 мың теңгеден; ҰОС кезінде қаза тапқан әскери қызметкерлердің жұбай­ларына, ата-аналарына, Ленинград құрсауында болған тұрғындарға және екінші дүниежүзілік соғыс жылдары концлагерьлерде, гетто және өзге де мәжбүрлеп ұстау орын­дарында кәмелеттік жасқа дейін тұтқында болғандарға – 30 мың теңгеден; тыл еңбеккерлеріне және Ұлы Отан соғысының қайтыс болған мүгедектерінің зайыбына, Жеңіске қосқан үлесі үшін оларға теңестірілген тұлғаларға 25 мың теңгеден беріледі. Тағы бір айта кетер жайт, Үкі­меттің 2014 жылдың 16 қаза­нын­дағы №1105 қаулысына сәй­кес бекітілген Қазақстан Респуб­ликасында Жеңістің 70 жылдығына дайындық және өткізу жөніндегі жоспарында 50-ден астам іс-шара қарастырылған. Оның ішінде: соғыс ардагерлерін «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғы­сындағы Жеңіске 70 жыл» мерей­тойлық медалімен марапаттау; Астана қаласында соғыс арда­герлерінің және тыл еңбек­керлерінің қатысуымен Отан қорғаушылар күніне және Жеңістің 70 жылдығына арналған әскери шеру өткізу;  бұған дейін баспана алма­ған соғысқа қатысқандар мен мүге­дек­терді баспанамен қамтамасыз ету; соғысқа қатысқандар мен мү­гедектерге тұрмыста көмек көрсету және үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуді қарастыратын «Ардағым –  ардагерім» акциясын өткізу; Ұлы Отан соғысы ардагерлерін әлеуметтік қолдаудың қосымша түрлері (Қазақстан Республикасы аумағында және ТМД елдеріне теміржол және (немесе) әуе көлігімен бір рет тегін барып-қайту, ҰОС-ға қатысқандар мен мүге­дек­теріне шипажайларда емделуді ұсыну, тісті протездеу (металл керамзит және құнды металдардан жасалатын тісті протездеуді қоспағанда), газеттер мен журналдарға жазу, моншалар мен шаштараздардың, әлеуметтік таксилердің және т.б. қызметтерін ұсыну) бойынша іс-шаралар ұйымдастыру, деп хабарлады Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».