Суреттерде: 1. Көрмені ұйымдастырушылар Алтыншоқыдан табылған Әмір Темірдің тасқа қашатып жазған жазуының көшірмесінің қасында. 2. Жошыханның құббасы
Қазіргі Қазақстан Алтын Орда-ның, яғни Жошы ұлысының мұрагері екені жөнінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі айтып келеді. Мемлекет басшысы Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толғанына, оның зор рәміздік мәні әрі Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орны бар екеніне айрықша тоқталған болатын. Сондықтан да, ескі мен жаңаның, кеше мен бүгіннің байланысын бүгінгі ұрпақ білуі керек.
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының аумағында Алтын Орда дәуіріне жататын 10-нан аса тарихи ескерткіш сақталған. Олардың қатарында Жошы хан, Болған ана, Құлан ана, Аяққамыр (Құтлық Темір), Талмас ата, Келінтам кесенелері, Едіге мазары, Алтыншоқы төбесі, т.б. бар. Осы тарихи орындардан жинақталған жәдігерлердің біршамасын көрмеге қойдық», дейді «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының директоры Әлібек Күзербаев.
Көрмеге келушілер Жошы хан кесенесінің құббасын, Сарайшық қаласынан табылған ыдыс-аяқтарды, ортағасырлық бірегей монеталарды, тарихи кітаптарды, т.б. көре алады.
Әр жәдігер – бір тарих. Айталық, құбба деген не? Мұны екінің бірі біле бермейтіні анық. Құбба деп ислам сәулетінде күмбез немесе төбесі күмбезді болып келетін құрылысты атаған екен. Жошы хан құббасы 1973 жылы табылған. Кезінде кесененің ең биігіне орнатылғанға ұқсайды, бірақ кейін құлап, сынықтары жерге түскен. Экспедиция мүшелері сол сынықтарды құрастырып қалпына келтірген. Сол құбба көрмеге келушілердің қызыға қарайтын жәдігерлерінің біріне айналып тұр.
Ұлытау облысы