Аймақтар • 18 Желтоқсан, 2024

Ойшыл ақынның еңселі ескерткіші

38 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Семей қаласында ойшыл, аса дарынды ақын, аудармашы, композитор, хакім Абайдың інісі әрі ақындық мектебі­нің ірі өкілі Шәкәрім Құдайбердіұлының ескерткіші Тәуелсіздік мерекесіне орай ашылды. Данышпан ақынға арналған ескерткіштің биіктігі – тұғырымен қоса алғанда – 7,7 метр. Мүсіндік композиция қоладан құйылып, гранит тұғырда орын тепкен. Ескерткіштің Тәуелсіздік күніне орай ашылуының рәміздік мәні терең. Шәкәрімнің рухани мұрасы азаттық дейтін аяулы ұғыммен үндесіп жатыр.

Ойшыл ақынның еңселі ескерткіші

Ақынның кіндік қаны тамған мекенде осыған дейін бюсті мен жекелеген ескерткіштері елімен ой­шылдың мерейтойлары қар­саңында қауышқан еді. Ал бұл композицияда мүсінші Шәкәрімнің ойлы бейнесін оң қолына кітап, сол қолы­на таспиқ ұстату арқылы бейнелеген. Ескерткіш авторы – осыған дейін Абайдың, Құнанбайдың және басқа да тарихи тұлғалардың кескін-келбетін келістірген – жергілік­ті мүсінші Нұрбол Қалиев. Ерекше мағына үстеген өнер туындысы тарихи қала­ның Шәкәрім даңғылы мен Қабан­бай батыр көшесінің қиы­лысына қойылды. 

Аталған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсіміне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хат жолдады. Хатты салтанатты іс-шарада облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев оқып берді.

«Баршаңызды қазақ руханиятының алтын бесігі – Семей төріндегі Шәкәрім Құдайбердіұлы ескерткішінің ашылуымен құттықтаймын!

Шәкәрім Құдайбердіұлы – төл өркениетіміздің өрісін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосқан кемеңгер тұлға.

Ғұлама ойшыл ұлағаты мол шығар­малар жазып, ұлы Абайдың сара жолын жалғады. Әлем әдебиетінің жауһар туындыларын ана тілімізде сөйлетті. Сол арқылы ұлт дүниетанымын байытуға зор еңбек сіңірді.

Шәкәрім Құдайбердіұлы қазақ халқының ғана емес түбі бір түркі жұр­тының тарихын жаңғыртып, ағар­тушылық саласында өшпес із қалдырды. Еуропа мен Шығыс елдерінің ілімін терең зерттеп, ұлттық философияның іргетасын қалауға атсалысты.

Көрнекті ақынның ақ жүрек, таза ақыл, адал еңбек сияқты асыл қасиеттерді кеңінен дәріптеген теңдессіз мұрасы әлі талай ұрпаққа өнеге болары сөзсіз.

Сәулет өнерінің туындысы ел игілігіне айналсын» делінген Мемлекет басшысы жолдаған хатта.

Шәкәрім Құдайбердіұлы – ХІХ ғасырдың соңы мен өткен ғасырдың басында қазақ руханиятының қамбасын байытқан айтулы сөз зергерлерінің бірі. Абайдың тәлімі мен тағылымын терең ұғынған ол арнайы Хакім аманатын орындап, қажылық сапар шегумен бірге Еуропа елдерін аралап, қазақтың түп тарихын тасқа басқан. Адамзат баласы үшін ең қастерлі ұғым ар ілімін алға тартып, өзінің ғұмырлық философиясымен танылған сөз иесі. Оның аса бай әрі сан қырлы мол әдеби мұрасы – қазақ халқының ғана емес, барша түркі және Шығыс мәдениеті үшін, жалпы адам баласы үшін ең қастерлі дүниелер.

 

Абай облысы