Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
«Егемен Қазақстанға» – 75 жыл!
19.12.1994 Редакциядамыз... Үш қабатты сапырып жүрміз. Айналайын асылдар қызмет істеген қымбат қабырға, жүрекке ыстық бәрі де.
Шапшаң түрде мәжіліс болды. Бас редактор Нұрлан Оразалин қысқа мәлімдеді. Бүгін 16.00 сағатта Абай атындағы опера және балет театрында «Егемен Қазақстанның» 75 жылдық тойы салтанатты түрде ашылатынын мәлім етті. Қарағандыдан, Жезқазғаннан келген өкілдер редакторға сый-сияпаттарын тапсырды... Біздің облыстағы шенеуніктердің тарлығын ойлаймын ішімнен. Сағат 16.00-де опера және балет театрының қасиетті табалдырығынан аттадық. Той мінезі әркімнің көзінен, сөйлеген сөзінен байқалады. Бәрінің аузында – «Егемен Қазақстан». Соны дәріптейді, соны емешегі үзіліп айтады, тамсанғанда таңдайы тықылдайды. Біз 5-қатарға жайғастық.
Салтанатты кеш сағат 16-дан 15 минут кеткенде басталды. Мемлекетіміздің Әнұраны шырқалды. Сахна төріндегі «Егемен Қазақстан-75» деген жазу қызылмен аса айшықталып жазылған екен, көңілге түрлі ой салып, сезім қылын тербейді... Е, Алла, кешегі Міржақып Дулатов сынды алыптар уығын шанышқан қара шаңырақтың тойында отырғаныма, шүкір деп іштей табынамын құдіреті күшті Жаратушыға.
Сахна төрінде отырғандарға ынтыға қарап, жыға тануға талпынамын. Олар – бір шоғыр, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан кәдуілгі алыптар... Премьер-министрдің орынбасары А.Есімов, бұрынғы бас редакторлар С.Байжанов пен Б.Қыдырбекұлы, Ш.Мұртаза мен Жоғарғы Кеңес төрағасы, бұрынғы редактор Ә.Кекілбаев, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы Қ.Найманбаев, Қазақстан Журналистер одағы басқармасының бірінші хатшысы К.Смайылов, Ш.Елеукенов, т.б.
Жиналысты «ЕҚ» бас редакторы Нұрлан Оразалин ашты. Ол Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың газет тойына құттықтауын оқып берді. Жоғарғы Кеңестің депутаты У.Қалижанов осы өкілетті органның арнайы құттықтауын оқыды.
Жұрт алдында Н.Оразалин «ЕҚ»-ның құрметті тілшісі куәлігін тапсыра бастады. Ә.Кекілбаев, одан әрі Байжановқа, Қыдырбекұлына, Мұртазаға табысталды. Бекбосынов Қажыбек мәртебелі куәлік иелерін әнмен құттықтады. Содан соң барып Оразалин баяндама жасады. Бір кезде сахнаның қос қапталынан айырыла жүзгендей өңшең аққулар – қыздар қолдарына үлбірете ұстаған шапандарын тоғызыншы қатарда самсап отырған 30 ардагердің үстіне жапты. Төрт-бес ардагер басқа қатарда отырып қалса керек, оларға сол сәтінде шапан тимей қалып, абыр-сабыр көбейіңкіреді де, кейін Ержұман әрқайсысына кәделерін атап-атап үлестіріп жатты.
Баспасөз министрі А.Сәрсенбаев сөз сөйлеп «ЕҚ»-ның жазылымы 83 248 данаға жеткенін айтты. Нарық қысқан қиын кезде бұл тамаша көрсеткіш еді. Бекболат Тілеуханов Доспамбет жыраудың төкпесін орындады.
Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ш.Омаров сөз сөйлеп, «ЕҚ»-ға 12 пәтер бөлінетінін хабардар етті. Мұның екеуінің кілті тапсырылып та қойыпты.
Алматы облысының әкімі О.Өзбеков «Волга» кілтін бас редакторға табыс етті. Талдықорғандықтар атынан (С.Ақынбеков) газеттің тәрбиелік маңызы айтылып түйе, кілем сыйланды. Оңтүстікқазақстандықтардың сыйы – (З.Тұрысбеков) газеттің биыл 20 мың данамен тарауы, яғни республикалық деңгейдің төрттен бірі. Жезқазғаннан тойға облыс әкімінің орынбасары келіп құттықтау айтты, облыстағы меншікті тілшіге факс, арнаулы жұмыс бөлмесі беріліпті.
Қырғызстан республикалық «Қырғыз туы» газетінің (бұл газет осының алдында 70-ке толған) бас редакторы «ЕҚ»-ны біздің елде таңшолпанға бағалайды деді. Манас бейнесі бейнеленген шағын кілемше сыйлады ол. Өзбекстан өкілі сөйледі. Ол ештеңе бермей өзі шапан-бөрік киіп жатқанда, зал іші бір әзілдің түндігін желпілдетіп дуылдата қол соқты. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы Қалдарбек Найманбаев әл-Фараби суреті бар кілемше, домбыра сыйлады. Қазақстан Республикасы Журналистер одағының бірінші хатшысы Камал Смайылов газет тарихында Әбу Сәрсенбаев пен Әбділдә Тәжібаевтің, Әбдуәли Қарағұлов пен Хамит Ерғалиевтің және басқалардың ерекше қолтаңбалары бар екеніне назар аударды.
Залдан сөз сұрап, бұйра шашты Әбу Сәрсенбаев ілби көтеріліп келе жатты. Нұрланмен құшақтасып, сәлемдесті де мінберге шықты. – Тоқсанымды көтеріп келіп тұрмын бұл тойға, – деді сәл демін басып, асыл сүйекті Әбекең. – Отызыншы жылдардың сарқыты едім, бас көрсетейін деп жеттім мұнда. Бас редакторлар алғашында мақаламды шимайлап тастап, оларды қайта көшіріп әуре болатынмын. Майданнан да байланысып тұрдым. Әдебиетке таныстырған мені осы газет еді.. Өлеңдерімді жіберіп, жариялаттым. Сонда Ғабиттің «Майданнан соққан жаңа леп» деген мақаласына іліккенім бар. Кезінде Қасымның «Абдолласын» да осы газеттен оқыдық. Рақмет, саған тәрбиең үшін киелі шаңырағым.
Бұдан соң «Казахстанская правда» газетінің бас редакторы Г.Дильдяев, «Халық кеңесінің» бас редакторы Ж.Кенжалин, «Сұхбаттың» бас редакторы С.Шүкіров, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы А.Жақсыбаев, «Парасат» журналының бас редакторы С.Елубаев, Б.Нұржекеев, т.б. сөйледі. Газет редакторының орынбасары Мыңбай Ілес тұс-тұстан келген құттықтау-жеделхаттардың мазмұнымен таныстырды.
Б.Қыдырбекұлы Құрметті тілші куәлігін алуына байланысты рақметін айтып, қысқаша лебіз білдірді. Б.Төлегенова «Қалам ұшынан қуанышты мақалалар шыға берсін» деп, ыстық тілегін қосып, екі ән шырқап берді. ...Салтанатты кеш сағат 19.10-да аяқталды. Үш сағатқа созылыпты.
20.12.1994 Бас редактор бәріміздің басымызды қосып, түстен кейін сағат 15.00-де Н.Назарбаев өзінің Ақордасында қабылдайтынын айтты. Сонымен, жауапты қабылдауға баратындардың – редакция басшыларымен қатар, бөлім меңгерушілері мен меншікті тілшілердің тізімі оқылды. Ақордадан бір-ақ шықтық. Онда біраз тексеру мен бақылаудан, кәдімгідей тінткілеуден өтіп үлкен залға келіп жайғастық. Содан сағат 15.30-17.35 аралығында Елбасымен сұхбат құрдық, ол кісінің ақыл-кеңесін тыңдадық. Арагідік нарықты ылғи да қара бояумен жазасыңдар деп өзімсініп ұрсып та алады ол кісі. Соңынан Елбасымен әлденеше рет суретке түстік... Сонда баяғы шәкіртім Жүнісбек Сұлтанмұратовты, торғайлық жазушы Төлен Әбдіковті көріп, сәлемдестім.
Қабылдаудан соң редакцияға оралдық. Оразалин қорытынды сөз сөйлеп, қысқа қайырды да бізге – меншікті тілшілерге сәл-пәл жауапкершілік керектігін ескертті. ...Қазақ баспасөзі қарашаңырағының бедел-абыройы үшін ұйқы-күлкіні қойып еңбек ету керек қой.
...Кешкілік, сағат 17.30-да Жамбыл облысында тілшілік қызметке кіріскен Көсемәлі Сәттібайұлының бөлмесінде оны тілшілікке қабылдадық. Тілшілер қауымдастығының президенті, талдықорғандық Сейдахмет Мұхаметшин бастаған әріптестер оған біраз ақыл-кеңес берді.
Әзағаң – тоқсан жылдықта
22-24.12.2009 «Егемен Қазақстан» газетінің шыға бастағанына – 90 жыл толуына арналған салтанатты іс-шараға Алматыдан арнайы келіп Әзілхан Нұршайықов та қатысты. 87 жастағы қарт жазушы, тып-тың, елгезек, жылы жымиыспен маңайын нұрландырып жүр. Жол бастаушы етіп, қасына мені бөліп қойған еді. Екеуміз егіздей қосарланып, бір елі ажырамаймыз. 23 желтоқсанда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясында болатыны күні бұрын белгілі еді. Ол кісіні қарсы алу мезетінде сөз сөйлеу Әзағаңа жүктелген-тін. «Данияр» қонақүйінде алдын ала жазып қойған сол сөзін пысықтап оқудан жалықпайды. Маған тыңдатады. «Не дейсің?» дегендей, басын көтеріп, иегін қағады. «Жақсы екен!» деймін ізетпен.
Бәрі ойдағыдай бола бере ме? Елбасы «Егеменге» түске шекті келді де, редакция бөлмелерінің кейбіріне жедел кіріп шығып, кіреберіс холлда сәл аялдап, ұжымдық суретке түсіп суыт аттанып кетті де Әзағаң сөз сөйлей алмай қалды. Бірақ бұл өкініштің есесі сол күні кеште К.Байсейітова атындағы опера және балет театрында өткен салтанатты жиында қайтарылған еді.
Сахнада Ә.Нұршайықов дайын сөзін саңқылдап оқып тұр. Жүрекке жеткен әндей бойды шымырлатады. Саф ауадай тыныс ашады. «...Енді «Егемен Қазақстанға» келейін. Қазақ баспасөзінің алтын шаңырақты ақ ордасы – «Егемен Қазақстан». Көрнекті қазақ жазушылары мен журналистерінің ұшқан ұясы, ұшар ұясы – «Егемен Қазақстан». Қазақ халқы рухының Алатаудай биік асқары, Есіл мен Ертістей сарқылмас нәрі – «Егемен Қазақстан». Қазақ халқының рухани мәңгілік азығы, қазақстандықтардың бірлігі мен ынтымағының мызғымас қазығы – «Егемен Қазақстан». – Осылайша, арынан баса алмаған тұлпардай тарпынған ол әңгімесінің әдемі де дәмді жеріне келді: «Ұлттық дәстүріміз бойынша той болған жерде шашу шашылады. Мен өз газетіміздің 90 жылдығына 90 кітап әкелейін деп едім, көтере алмадым. Алты бума – 60 кітап әкелдім мықшыңдап. Енді айтайын дегенім: тойға жиналған барша қауымды аман-сау болып, «Егемен Қазақстанның» 100 жылдық тойын бірге тойлауға шақырамын».
...Сөйткен Әзағаң, жұртты 100 жылдық тойға шақырып, өзі осы сөзінен 1 жыл екі ай өткенде, мәңгілік өміріне аттанып кете барған еді. ...Әзағаңмен бірге өткізген 3 күн есте берік бедерленіп қалыпты. Кеңкілдеп күліп, керекті ғана әңгіме айтатын асыл аға еді-ау!
– Сыртта 30 градус аяз, Әзаға, Астананы аралағыңыз келіп тұр-ау! – дедім сыр тартып.
– Өзің қасымда барда, маған жылы секілді! – дейді жан ағам. – Қадірлі жерлерін көріп қалайын да...
Мұндайда тұрыс бар ма!.
Тоқсан бестегі тарихнама
20-21.12.2014 Той Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайында өтті. Салтанатты рәсімді мәжіліс залында газет басшысы Сауытбек Абдрахманов жүргізіп отырды. ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіхалықова кіріспе сөзінде газет тарихын тереңнен қозғап, бүгінгі табыстарын, ертеңгі міндеттерін баяндады. Газет тиражы 203 394 данаға жетті! Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш! Мерейтойға арналып буклет шығарылыпты. Қазақстан Республикасының Президенті сыйлығының лауреаттары төртеу екенбіз: Ержұман Смайыл, Еркін Қыдыр, Сауытбек Абдрахманов және мен. Үшеуі де газет басшылары. Журналшылар қуанышында шек жоқ. Әр облыстан делегациялар келді. Құрамында – меншікті тілші, облыс әкімдігінің өкілі, т.б. айтулы ақын-жазушылар. Өзіндік сый-сияпаттарын жасады.
...Иә, «Егеменмен» 2015 жылдың алғашқы күндерінен бастап қоштасатын сыңайлымыз (қызметтік штатты тыямыз). Тәубе, зейнеткерлік 63 жастан соң да редакцияда 5 жыл еңбек етіппіз... Және де санаулы күндерден соң болар қоштасар сәттің қимастық сезімі, газет басшысы Сауытбек Абдрахмановтың кеудеме «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағының белгісін ұжым алдында қадап жатқанда тіптен шиыршық атып, аузыма мына бір шумақ жолдарын салып-ақ жіберген еді:
«Қиыннан қиыстырып амалменен,
Тағдырдың тауқыметі – қамал деген.
Мінекей, ұжымымды қимай тұрмын,
«Егеменнің» кірпіші боп қалар денем!»
...«Егемен Қазақстан» 100-ге жетсін! Алла куәгері болуға жазсын, сол тойдың!
Жүз жылдық жылнама
21.11.2019 «Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдығы «ҚазМедиа» орталығында салтанатты жағдайда атап өтілді. Мемлекет басшысы мен тұңғыш президенттің құттықтауларын мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаев оқыды. Сенат және Мәжіліс спикерлерінің лебіздері (Н.Жүсіп, Қ.Сұлтанов оқыды) жеткізілді. Газет басшысы Дархан Қыдырәлі баршасына шын жүректен алғыс айтты.
Газеттің бастауында тұрған тұлғалардың монологін театр әртістері оқыды. А.Сейдімбектің «Сарыарқа» әні орындалды. «Үш арыс» әнін (С.Сейфуллинге, І.Жансүгіровке, Б.Майлинге арналған) Қ.Жүнісов шырқады. Ең қысқа әңгімеге жарияланған байқаудың жүлдегері болып Жандос Жүсіпбек (облыстық «Қостанай таңы» газетінің тілшісі) танылды. «Егемен Қазақстанның» әнұраны шырқалғанда (Е.Әбдіхалықова) сахнада жас журналистер бәйшешекше құлпырып, көз жауын алды. Мерекеге орай ұйымдастырылған көрме де мазмұнды әрі көзтартарлықтай болды.
Той дастарқаны «Grand Hall Astana» мейрамханасында жайылды. Мирас Асан мен Рауан Қайдар тамаша жүргізді. Әр облысқа жыр-шумақтары арналып, өкілдері сөйлеп, тарту-таралғыларын таратты. Шығыстың пантакрин өнімдері бізге де бұйырды.
Сөз кезегі тигенде «Еңбекші қазақ» газеті жаңа астана Алматыға ауысатын күннің түнінде (29.12.1928) тұтқындалған М.Дулатұлының (газет редакторының стилистика жөніндегі көмекшісі) арман-мақсатына қатысты толғадым. «Оян, қазақ!»-та күңірене термеленген жер, дін, тіл, діл мәселелері шешімін тапқанын енді осы «Егемен» қашан сүйіншілерін аңсау ретінде тілегіме қостым.
22.11.2019 Редакцияда «Егемен» ардагерлерінің қатысуымен шағын жиналыс өткізіліп, шай үстінде әңгіме өрбітілді. С.Ақтаев (таяғына сүйеніп, 85-те) М.Жақып (қос балдақпен, 81-де) тағылымға толы естелік тарауларын ширатты.
* * *
Газеттің кешегі санында жарияланған ардагер Қ.Аманжолдың «Жүз жыл» поэма-толғанысы сөз арасына сыналанып, әдеби үздік туынды ретінде бағаланды. Оқып едім, оңқайынан тұрған оңды шығарма екен. Өзіне ризашылығымды айттым. Поэманың соңғы шумағына тамсандым: «Өзіңсің кемелім де көрегенім, Қаныма қағидаңды шегеледің. Менімен қоштасуға қақылысың, Сенімен қоштаспаймын, «Егеменім»! Қорғанбек «Жүз жыл»-ды поэма-толғаныс деп жанрын айқындапты. «Поэма» деп қана аңғартқанда...
Қайсар ӘЛІМ,
Президент сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты