Есірткіге есі кеткендерді тыйым салынған сайттарға шақыратын заңсыз жарнама таратумен айналысқандар ҚР ҚК-нің 299-1-бабына сәйкес, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Жымысқы әрекетін жүзеге асырудың түрлі жолын меңгерген айлакерлер мұндай лас іске жастарды тартатын болған. Өкінішке қарай, оң-солын танымаған жастар оңай олжаға кенелем деп опық жеп жатады. Оларды мұндай келеңсіздіктен сақтандыру мақсатында тиісті орындар тарапынан үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал жымысқы жазбалармен күрес мәселесі – жыл он екі ай тоқтамайтын шаруалардың тізімінде.
Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы мен Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қала ғимараттарына жазылған есірткі жарнамаларын жоюға бағытталған кезекті «Наркостоп» акциясын өткізді. Құзырлы орын қызметкерлеріне ерікті жастар көмекке келген. Атап айтқанда, акцияға 500-ге жуық волонтерлер, студенттер және комьюнити орталықтардың резиденттері қатысты. Олар Алматы қаласының Полиция департаментінің қызметкерлерімен бірге есірткі жарнамаларының орындарын анықтап, олардың заңсыз жазбаларын өшірді. Рейд барысында бір күннің ішінде ғимараттардың сыртқы қабырғасына жазылған 100-ден аса жарнама анықталып, жойылған.
«Замандастарыма есірткінің зиян екенін түсіндіре отырып, саламатты өмірді таңдауға шақыруды азаматтық міндетім деп санаймын. Бүгін Алматы қаласының волонтерлері жастар үшін маңызды «Наркостоп» акциясына қатысуға келдік. Алматы – біздің ортақ үйіміз, сондықтан іс-шара аясында заңсыз жарнамаларды өшіріп, олардың әрі қарай таралмауына аз да болса өз үлесімізді қосып жатырмыз», дейді волонтер Аманғазы Нұрасыл.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасындағылардың айтуынша, жыл басынан бері «Наркостоп» жобасына қала бойынша 3 мыңнан аса волонтер қатысқан. Жоба аясында 60-тан аса іс-шара өтіп, 2 мың трафарет пен граффити өшірілген. Сонымен қатар қаладағы комьюнити орталықтарда нашақорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және есірткі айналымына қарсы қоғамдық күреске бағытталған түсіндірме жұмыстары, интеллектуалдық ойындар, дебаттар, викториналар мен куиздер жүйелі түрде өтіп келеді.
Қалада нашақорлыққа қарсы күрес аясында жергілікті атқарушы органдар, құқық қорғау ведомствосының өкілдері, қоғам белсенділері мен еріктілер бірлесіп жаз бен күз айларында 3 мың адамды қамтитын 23 іс-шара ұйымдастырған. Солардың бірі – жасөспірімдердің ата-аналары мен Түрксіб ауданының ювеналды полиция инспекторлары үшін «Кепілгерлермен кездескен жағдайда қауіпсіздік шаралары» тақырыбында өткен шеберлік сабағы. Сондай-ақ қаланың Медеу, Әуезов, Жетісу аудандары аумағында да Алматы қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен бірлесіп есірткі құралдарын таратумен айналысатын сайттардың сыртқы жарнамасының граффитиін анықтауға бағытталған акцияға қатысуға зейнеткерлер де ниет білдірген.
«Өткен жылы жүргізген сауалнама нәтижесінде жастардың 10%-ы өмірінде бір рет болса да синтетикалық есірткі қабылдағаны анықталған еді. Синтетикалық есірткіні пайдаланушылар әлеуметтік топтарға бөлінбейді. Ал жалпы бұл – әлемдік деңгейдегі қауіпті үрдіс. Біз есірткі қылмысымен қоғам болып күресуіміз керек», дейді Алматы қалалық Жастар саясаты басқармасының өкілдері.
Алматы қаласындағы Психикалық денсаулық орталығының деректеріне сүйенсек, 2024 жылдың шілде айында «нашақорлық» диагнозымен диспансерлік есепте 1 154 адам тіркелген. Оның 180-і әйел адам болса, жетеуі – кәмелет жасына толмағандар. Мамандардың айтуынша, есірткіге шатылғандардың саны ресми статистикадан әлдеқайда көп. Ал олардың қалыпты өмірге қайта қадам басуына қоғам болып қолдау көрсетудің маңызы зор.
АЛМАТЫ