Экономика • Бүгін, 09:35

Басты міндет – заман талабына сай болу

24 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

БҰҰ дерегіне сүйенсек, еліміз цифрландыру саласында 193 мемлекет арасында 24-орында келеді, ал онлайн-қызметтер индексінде 10 көшбасшының қатарына кіреді. Мысалы, бүгінде интернет арқылы мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу 92%-ға жетті. Бұл, әлбетте, бір күнде бола салған жетістік емес, жылдар бойғы жүйелі жұмыстың нәтижесі екені анық.

Басты міндет – заман талабына сай болу

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Жақында «AIemai» халық­ара­лық жасанды интел­лект орта­лы­ғына барған Мемлекет басшысы «Технологиялық және экономикалық тұрғыдан озық ел болу үшін, ең алдымен, адам капиталы, цифр­ландыру және жасанды интеллект саласын дамытуға баса мән беру маңызды. Қазіргі заманда онсыз болмайды. Себебі қазір күллі әлем жұрт­шы­лы­ғы цифрлық әлемде өмір сүріп жатыр деуге болады» деді.

Расында цифрландыру қарқыны экономиканың дамуына ықпал етіп, бүгінгі күн тәртібінің бағыт-бағдарын айқындап берді. Биыл жыл басында Цифрлық даму министрлігі барлық қолданыстағы компоненттерді бір KazTech-ке біріктіруді көздеген еді. Бұл дамудың басталуынан бастап кез келген мемлекеттік қызметтің түпкілікті іске қосылуына дейінгі уақытты айтарлықтай қысқартады. Ведомство мәліметіне зер салсақ, әрбір жобаның орта есеппен 40%-ға жуығы ұқсас үдерістер мен талаптарды автоматтандыруды қамтиды.

«Дайын құрамдастарды қайта пайдалану әзірлеу шығындарын азайтумен қатар, тәсілдерді біріздендіруге мүмкіндік береді. Ең бастысы, қызмет көрсету нарығының уақытын қысқартады. Ол балаңмен бірге Lego құрастырғандай оңай әрі қолжетімді болады», деген еді сол кездегі ведомство басшысы Бағдат Мусин.

Қазір көріп отырғанымыздай, электронды үкімет көрсеткіштері жылдан жылға артып келе жатыр. Оның анық бір дәлелі, өткен жылы онлайн режімінде 50 миллион қызмет көрсетілді. Ондағы қызметтердің 92 пайызы азаматтарға үйден тікелей қолжетімді. Қазір министрлік проактивті қызметтерді енгізу бойынша жұмыс істеп жатыр. Осы кезде оның 46 түрі бар. Олар жылына 2 миллионнан астам рет көрсетіледі.

Еліміз «Govtech» көшбасшыларының бірі ретінде өз құзыреттері мен да­йын өнімдерді бөлісу жауапкершілігін біледі. Сондықтан былтыр Тәжікстанға 3 жүйенің тәжірибесін бөлісті. Мұнымен бірге Цифрлық даму министрлігінің табыс­ты ісінің арқасында ел азаматтарына екінші деңгейлі банктердің өтінімдері арқылы 45 қызмет пен мемлекеттік қызмет қолжетімді болды. Мысалы, олардың ең танымалы – көліктерді онлайн сату. Егер бұрын транзакциялардың 10 пайыздан азы онлайн режімде жүзеге асырылса, қазір мемлекеттік қызмет реинжинирингінен өтіп, банктік қосымшаларға енгізілгеннен кейін онлайн-сату үлесі 75 пайызға дейін өсті. Негізі ведомство дерегіне сенсек, елімізде ай сайын eGov мобильді қосым­шасын 4 миллионнан астам адам пайдаланады.

Бүгінде елімізде мемлекеттік қызмет­тер­дің 85 пайызы ұялы телефон арқылы қол­жетімді екен. Мұны Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнер­кә­сібі министрлігінің өткен жылды қоры­тын­ды­лап, алдағы уақытқа жасаған жоспарларынан көріп отырмыз. Қазір барлық мемлекеттік қызметтердің 92 пайызы онлайн, ал олардың басым бөлігі, яғни 85 пайызы ұялы телефон арқылы қолжетімді екен. Өткен жылы ипотека алу, жылжымайтын мүлікті сатып алу немесе сату, VIP бөлмелерді брондау, автокөліктерді заңдастыру мен цифрлық нотариус сияқты бірқатар жаңа цифрлық қызметтер іске қосылды. Сондай-ақ бүгін­де жиі қолданылатын коммерциялық банк­терде 51 қызмет түрі қолжетімді көрінеді.

Елдегі цифрландыру үдерісі туралы айтқанда, экс-министр Бағдат Мусин тура­лы айтпай кету мүмкін емес. Саланың дамуына берік негіз қаланды, соның арқасында қазір цифрлық трансформация нақты жемісін беріп отыр. «Цифрландыру да экономикалық пайда әкеледі. Халыққа қызмет көрсету орталықтарына қатысты қызықты ескерту: ХҚКО мен Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелері үздіксіз интеграцияланғаннан кейін алымдар көлемі айтарлықтай, шамамен 9 есе өсті», деген болатын Б.Мусин.

ICRIAP жұмысының тағы бір маңызды бағыты – IT-қызметтерін экспорт­тау. Былтыр жыл соңына қарай IT-қызмет­те­рі­нің экспорты жоспарланған 500 мил­­­лион долларға жеткені болжанды. Ал өткен жылдың 9 айында ІТ-қызметтердің көлемі 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тыр­ған­да 43%-ға өсіп, 734 млрд теңгені құраған.

Телекоммуникация саласында 2023 жылы 169 ауыл 4G стандартына көшті, 80 мыңнан аса үй шаруашылықтары оптикалық байланыс желілері арқылы қосылды, 20 қалада 5G стандарты үшін 740 BS орнатылды. Былтыр жыл бойы 782 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 3,3 млрд теңге айыппұл салынды. Айыппұл мөлшерінің артуы нормативтік актілердің орындалуына әсер етті. Мәселен, 2022 жылы талаптардың 30 пайызы ғана орындалса, 2023 жылы орындалу пайызы 65 пайызды құраған еді.

Интернет сапасын арттыру мақсатында биыл 400 ауылды 4G стандартына көшіріп, 764 ауылға оптикалық байланыс желісін ұлғайту жоспарланған. Нәтижесінде 286 ауылдағы 100 мың шаруашылық қосы­лады.

Биыл министрлік бірқатар заңнамалық түзетулерді әзірлеуді жоспарлады. Оған суперәкімшілердің қызметіне бақылауды шоғырландыру, дербес деректердің лайықты көлемін жинақтаған компанияларды міндетті киберсақтандыруды енгізу, ақпараттық қауіпсіздікті қаржыландыру көлемін 10 жылға дейін белгілеу, – 15% ІТ-бюджет және ақпараттық қауіпсіздікті бұзғаны үшін айыппұлды 3 есе ұлғайту кіреді.

Халыққа қызмет көрсету орталық­та­рын­да бірегей терминалдардың пайда болғанына да біршама уақыт өтті. Нәтижесінде, елдегі барлық ХҚКО-да жеке куәліктер мен төлқұжаттарды беруге арналған терминалдар орнатылады. Жобаның бірегейлігі, тұтынушылар жеке куәлік пен төлқұжатқа кезек күтпей-ақ тапсырыс бере алады. Сонымен қатар құжатқа жақсы фотосуретті өз бетінше таң­дай алады. Үдеріс 10 минуттан аспайды. Халық терминалы жобасы өткен жылы осылай жүзеге асырылып, ел азаматының уақытын, жол шығынын үнемдеп, тағы басқа кедергілерден арылтты.

Осыдан біраз уақыт бұрын жұмысқа орналасуда, түрлі мемлекеттік қызмет алатын кезде сұралатын кейбір анықтаманы қазір онлайн алуға болады. Яғни Халыққа қызмет көрсету орталықтарына сабылып барып, ұзын-сонар кезекте тұрудың қажеті болмай, бюрократияны азайтуға анық қадам жасалды.

Мәселен, бұрын жылына бір рет барлық ауру­хана қызметкері соттылығының жоқ­тығы туралы, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына қатысы бол­ма­ғаны жөнінде анықтама және т.б. әкелуге мәжбүр болды. Тіпті Мемлекет басшысының дерекқорлардағы қажетсіз мәліметтерге қойылатын талапты жою туралы тапсырмасы бұзылып жатқаны анықталған еді. Шынтуайтында кей істі қолдан қиындатып жататынымыз бар. Қаншама адамды әурелеп, уақытын сарп етіп жатқан осы мәселе кезінде оңай шешімін тапқаны жадымызда. Бұрынғы министрдің Халыққа қызмет көрсету орталықтарын аралау кезінде осы проблеманы айтып, шағымданған медицина қызметкерінің мәселесі сол сәтте қиындық, кедергісіз шешіле кеткен. «Денсаулық сақтау министрінің цифрландыру мәселелеріне жауапты вице-министріне телефон соғып, ертең облыстық және қалалық денсаулық сақтау басқармаларына анықтама сұрату талаптарының күшін жоюды талап ететін циркулярлар жіберуді, қажет болған жағдайда және олардың келісімімен кадр қызметіне қызметкерлерге осы анықтамаларды дерекқордан сұратуға мүмкіндік беріңіз деген ұсыныс айттым», деген еді Б.Мусин.

Жалпы ХҚКО қызметкерлері барынша халыққа бағдарланған болуы керек. Орталықтарды жаңғырту жұмыстары қазір де сәтті жалғасын тапқаны жөн.

Жалпы интернет жылдамдығын арттыру, сол арқылы жұртшылықтың уақытын үнемдеу бағытында қазір де ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Мәселен, «Қазақтелеком» Sapa+ ұсынатын телекоммуникациялық қызметтерді сапалы жақсарту жобасын жеделдетуді жалғастырып жатыр. Бүгінде компания бүкіл ел бойынша 100 мыңнан астам клиент үшін ескірген маршрутизаторларды жаңасына ауыстырды. Ендігі міндет – жаңа жылға дейін тағы 200 мың заманауи модемді орнату. Аталған жоба биылғы қазан айында басталды. Қазір «Қазақтелекомға» маршрутизаторды ауыс­тыру туралы түрлі арналар арқылы күн сайын жүздеген өтініш түседі екен.

«Жобаның басында көп отандасымыз біршама сенімсіздік танытты. Тіпті кеңесшілердің маршрутизаторды ауыстыру туралы ұсынысынан бас тартты. Бірақ Sapa+ іске асырылып, ол туралы хабардар болу ұлғайған сайын адамдар компанияға жабдықты жаңарту туралы өтінішпен жиі хабарласа бастады. Осы мүмкіндікті пайдаланып, клиенттерден өз өтінішін жіберуін өтінемін. Мамандар сізге жаңа және жоғары жылдамдықты роутер әкелетіні анық. Жобаның басында алдымызға өршіл мақсат қойдық – жыл соңына дейін бүкіл елде 300 мың заманауи маршрутизаторды орнатамыз. Бүгінде оның 100 мыңнан астамын орнаттық, ендігі екпінді төмендетпей, тағы 200 мыңын өзгертіп үлгіру керек», деді «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин.

Айтпақшы, SAPA+ жобасына қаты­су­ды тексеру мен жаңа маршрутиза­торды орнатуға өтінім беру үшін «Қазақ­те­леком» клиенттері iOS және Android құрылғыларында жүктеп алуға болатын telecom.kz мобильді қосымшасын пайдалана алады. Ол үшін расталған нөмірді пайдаланып, қолданбаға кіру керек. SAPA+ критерийлеріне сәйкес келетін тұтынушылар дереу арнайы хабарлама алады. Сонымен қатар telecom.kz қосымшасының басты бетінде өтінімді жіберудің қосымша түймесі де қолжетімді болады.