
Сөйтіп, 7-сынып оқушысы еліміздің намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көрінді. Ұлан-Батырдағы халықаралық турнирде алты қарсыласын бет қаратпай, алтын алған Жайнаның тоғызқұмалақпен айналысып жүргеніне бес жылдан асқан.
«Жарыс жоғары деңгейде өтті. Маған қатты ұнады. Жүлделі болып, жеңіс тұғырынан көрінгенде, ерекше әсер алдым. Біз әуелі еліміздегі республикалық чемпионатқа қатысып, содан іріктеліп Моңғолия жеріне бардық. Ұлттық спортқа кішкене болса да үлесімді қосқаным – мен үшін үлкен мақтаныш», дейді Ж.Алпысқызы.
Қуыршақтай қыздың қарышты қадамы Тобыл-Торғай өңіріне оң әсер берді. Тұрмановтар отбасымен облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы жолықты. Жас спортшыны жеке құттықтап, ата-анасына алғысын білдірді. Сонымен қатар, Жайнаға бір миллион теңге тарту етті.
«Жайна қызымыздың жеңісі туралы естігенде қатты қуандық. Үлкен еңбек пен талаптың нәтижесі екенін бірден байқауға болады. Осылай күн сайын жүйелі түрде үздіксіз дайындалу жақсы қорытынды шығаратынын Жайна дәлелдеді. Осы ретте жеңімпаз қызды тәрбиелеген ата-анасына да зор алғысымды айтқым келеді» дейді облыс әкімі Қ.Ақсақалов.
Торғай өңірінен ұлттық спорт бойынша бірнеше шебер шыққан. Олардың есімі ел аузында. Ұлттық ойынды ұлықтаған аға буын ауданда тоғызқұмалақтың дамуына ерекше жағдай жасаған.
«Торғай топырағы – талай спорт саңлақтарын түлеткен қасиетті мекен. Әсіресе тоғызқұмалақ спорты бойынша Әбдібек Айтмағанбетов, Сұлтанбек Мағауов, Едірес Қыстаубаев, Еркін Әлмағанбетов сынды майталман шеберлерді ерекше айтуға болады. Олар ұлттық ойынды жас ұрпаққа насихаттап, оның дамуына ерекше үлес қосты. Бүгінде олардың ізбасары ретінде Жайна Алпысқызын айтуға болады», деді Жанкелдин аудандық білім бөлімінің әдіскері Қазбек Аймақов.
Бейбіт НҰРМҰХАНОВ,
журналист
Қостанай облысы,
Жанкелдин ауданы