Қоғам • 19 Желтоқсан, 2024

Басқару тұжырымдамасына елдік ұстаным қажет

193 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ұлттық құраманың Париж олимпиадасындағы сәтсіздігінен кейін Үкіметте үлкен жиналыс өтіп, қордаланған мәселелер талқыланды. Бірқатар маңызды шешім қабылданды. Соның бірі бұдан былай облыстардағы, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалалардағы спорт басқармаларының басшыларын Туризм және спорт министрлігі жанынан құрылатын комиссия келісімімен ғана қызметке тағайындайтын тәжірибені енгізіп отыр. Бұл қадам Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп келе жатқан дебюрократизм мен децентрализм идеясына қайшы келмей ме?

Басқару тұжырымдамасына елдік ұстаным қажет

Сурет: inbusiness.kz

Әрине, Париж олим­пиа­­да­сындағы сәт­сіз­діктер­ден кейін жа­салған қадам дұрыс па, әлде бұ­рыс па, оны уақыт көрсетеді. Алайда теориялық тұрғыда бұл шешім қолданыстағы мемле­кет­тік басқару тұжырымдамасына сай келеді деп айту да қиын. Елімізде 2004-2005 жылдан бас­тап атқарушы билік үш буынды бірыңғай модельге толықтай ауысты. Оларға министрліктер мен агенттіктер, ведомстволар (комитеттер) және қызметтер (мәселен, Шекара қызметі) жатады. Агенттіктердің ғана емес, кейбір министрліктің де аумақта органдары бар – облыстар бойын­ша департаменттер құрылып, жұмыс істеп келеді. Егер де шынайы қажеттілік бар болса, кез келген министрлік жергілікті ат­қарушы билік жүйесінде аумақ­тық департаментін құру ар­қы­лы тікелей жұмыс істеуіне болады. Бұдан басқа жағдайларда об­лыстардағы басқармалармен вертикал қарым-қатынас орнату ақталмайды. Атқарушы билікке қатысты қолданыстағы басқару моделі – осындай. Мұны бұзбаған абзал.

Орталық атқарушы органдар өзінің ішкі ведомстволық мүддесін бірінші орынға қоятыны анық. Сол себепті өңірлердегі мәселе­лер мен қоғамдық мүдделер тиіс­ті дәрежеде ескерілмей қалуы ықтимал. Мәселен, министр­лік үшін олимпиадаға баратын 80 спортшыны шығару басым көрсеткіш саналса, өңірлер үшін бұқаралық спортты дамыту маңыздырақ. Өйткені жас­өспірімдердің қылмысы жыл өт­кен сайын өршіп келеді. Бұ­ған еліміздің депутаттары да алаң­даулы. Егер 2022 жылы 1 735 қылмыс тіркелген болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш – 1 925, ал 2024 жылдың тоғыз айында 1 267 бірлікті құрап отыр. Жастар­дың уақытын бос өткізбей бұқара­­лық спорт түрлерімен айналысуы ­қыл­мыстың алдын алуға, сала­мат­ты өмір салтын қалыптастыру­да маңызды рөл атқарады.

Министрліктің жергілікті кадрлық саясатқа араласу тә­жі­рибесі бір күнде пайда болған жоқ. Білім, мәдениет, денсаулық, енді міне, спорт саласындағы бас­қарма басшылары орталық атқарушы органның келісімі­мен тағайындалуда. Келісудің де ортақ бір тәртібі бекітілмеген. Әр министрлік әрқалай жүзеге асырып жатыр. Біреулері әңгімелесу нәтижесін жолдаумен шектелсе, екіншілері келісетін не келіс­пей­тін позициясын ашық білдіреді. Сондай-ақ кейінгі жылдары елі­мізде жүріп жатқан дебюрократизация саясаты аясында басқарма басшыларын Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімін ала отырып тағайындайтын тәжірибе қалыптасты. Мұның ұтымды жағы ұзын-сонар конкурстық рәсім­ді өтіп уақыт жоғалтпайды. Алай­да мұндай жағдайда министр­лік келіспей жатса, мәселе қа­лай шешілетіні еш жерде анық­тал­маған.

Бұған қоса қолданыстағы заң талаптарына сәйкес жалпы кон­­курстан өткен адамды ми­нистр­лікке келісімге жіберу қаншалық­ты қисынды? Конкурстан өткен адам тек тағайындалуға жататыны бар­шаға аян.

Жалпы, министрліктердің ті­ке­лей басқаруға деген ұмтылы­сын әрі қарай қолдай берсек, онда Президент жүргізіп келе жат­қан дебюрократизм мен децентрализм идеясына нұқсан келтіре­міз. Өйткені уақыт өте келе салалық орталық атқарушы органдар – об­лыстағы басқарма басшыла­рын өздері қызметтен босатып, өз­дері тағайындау қажеттігі туралы мәселе көтереді.

Рас, күрмеулі мәселе қай салада болсын жеткілікті. Алайда мемлекеттік басқарудың тексеруден өткен өз заңдылықтары бар екенін ұмытпағанымыз жөн. Егер, айталық Оқу-ағарту ми­нистрі облыстардағы Білім бас­қармасының басшысы арқылы әрбір мектептің директорына дейін тағайындалуына араласу мүмкіндігін алса, онда өңірлер­де жергілікті демократия қалай дамиды? Сол секілді Туризм және спорт министрлігіне беріліп отырған бұл өкілеттіктің де түпкі мәні һәм барар жолы – бюрократия. Ал бюрократия дегеніміз – коррупцияның басты факторы.

Бастапқы кезде мұндай тәжі­рибе сәтті көрінуі мүмкін. Уақыт өте келе кеңестік биліктен қалған централизм қағидасы қайта тірі­ліп, бюрократия салтанат құрары анық. Мұның зардабын батпандап тартамыз. Сондықтан артқа кетпей, керісінше қазір алға жүретін уақыт екенін ұмытпаған жөн.

Жалпы, кез келген орталық ат­қарушы орган басшысы өңір­лердің ерекшелігін ескеремін және олармен тиімді жұмыс істеймін десе, қолында тұрған норма түзу функциясын дұрыс қолдана бі­луге тиіс. Министрлік бекітетін нормативтік-құқықтық актілер жергілікті атқарушы органдар үшін міндетті. Әдіснамалық нұс­қаулықтар мен өңірлерге арнал­ған стандарттарды әзірлеп, олар­дың орындалуын бақылауда ұс­тауға ешқандай кедергі жоқ. Сондықтан жеңіл жолы осы екен деп бюрократиялық централизмді қару етпей, нормативтік централизмге жеткілікті көңіл бөл­гені жөн. Бұл ретте әзірленген құжаттардың орындалуын өз тарапынан тікелей, ал жергілікті мәс­лихаттар мен қоғамдық кеңес­тер арқылы жанама бақылауда ұстауына болады. Өкінішке қарай, БАҚ беттерінде қайсыбір министр мәслихатқа барып келіс­сөз жүргізіпті деген ақпаратты есті­ген емеспіз.

Министрлік жергілікті атқа­рушы орган жүйесіндегі салалық басқарманың тиімділігін арттырамын десе, біз мұны шешудің екі түрлі жолын ұсынамыз.

Бірінші жолы. Іріктеу комис­сиясын министрліктің емес, об­лыс­тық мәслихат жанынан құру қа­жет. Бұл ретте оның құрамына мәс­лихат депутаттарымен бірге тиіс­ті министрліктің өкілі, аумақ­тағы қоғамдық кеңестің мүшелері және басқа да мүдделі тұлғаларды енгізуге болады. Бұл тәжірибені әуелі облыста, сосын біртіндеп аудандарға таратқан жөн.

Екінші жолы. Облыстағы (аудандардағы) басқарма (бөлім) басшыларын тиісті мәслихаттың келісімімен әкімнің тағайындауы. Бұл ретте мәслихаттың салалық тұрақты комиссиясы оң қоры­тынды береді. Қазір осы тәжі­рибені Парламент Мәжілісі сәтті қолданып жатыр. Министр лауазымы салалық комитеттердің отырысында келісіледі.

Биыл мәслихаттардың құ­рыл­ғанына 30 жыл толып отыр. Жергілікті мемлекеттік бас­қару­дағы атқарып отырған қыз­меті қомақты. Алайда түрлі әрі не­гізді сындар да толассыз айты­лады. Солардың бір парасы ба­қылау өкілеттігіне және оның тиімділігіне қатысты болып отыр. Кадрлық саясатты министрлер мәслихаттармен бірге жүргізетін болса, бұл мәслихаттың бақы­лау функциясын айтарлықтай жетіл­дірер еді, сондай-ақ министрлік­тің де мүддесі шетте қалмайтыны анық. Президент екіден кем емес үміткер ұсынып, оның қайсысы облыс немесе республикалық ма­ңызы бар қала әкімі болатынын мәслихат депутаттары дауыс беру арқылы дербес анықтайды.

Біз централизм мен бюрократия емес, децентрализм мен дебюрократияға қарай жүріп, алдағы уақытта мектептің, ауру­ха­на мен емхананың директо­ры­на дейін жергілікті халық өзі таңдап қоятын жағдайға жетуге тиіспіз. Учаскелік инспекторлар мен бітімгершілік судьяларды да халық өзі тікелей сайлауы қажет. Бұл – ХХІ ғасырдың заманауи талабы. Біздің даму жолымыз – осы бағытта. Сондықтан саяси беталысымызға қайшы келетін түйткілдерге жол бермеген абзал.

Президент жергілікті демо­кратияның дамуына басымдық беріп отыр. Жергілікті атқару­шы органдар, соның ішінде бар­лық деңгейдегі әкімдер халықпен тіке­лей және жанама түрде сайланады. Ауыл әкімін жоғары тұр­ған әкімдер түгілі Мемлекет бас­­шысы да орнынан қозғай алмайтын тәртіп жұмыс істеп жатыр. Олай болатын болса, кез кел­ген министрлік жергілікті мәс­­лихаттармен және қоғамдық ке­ңестермен ынтымақтастықта жұмыс істегені жөн.

 

Қазыбек ДӘУІТӘЛИЕВ,

Ұлттық құрылтай мүшесі, заң ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы