«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ұйымдастырған мүмкіндігі шектеулі жандардың қолөнер көрмесі таланттың сырқатқа бас имейтіндігін дәлелдегендей болды. Көрмеге тек Қостанай қаласындағы ғана емес, аудандардағы, алыс ауылдардағы мүмкіндігі шектеулі жандар белсене қатысты. Көрмедегі көздің жауын алатын суреттер, тоқыма бұйымдары, ағаштан, шыныдан, қағаздан жасалған өнер туындылары, моншақтан терген суреттер мен әшекей бұйымдар көздің жауын алады. Оларды сырқат, мүмкіндігі шектеулі жандардың қолынан шыққан деп көрерменді сендіру де оңай емес еді.
Мысалы, ағайынды суретші Аңқауовтардың жүннен бояп салған суреттері жаңа технологиясымен ерекшеленеді, кәсіби суретшілер тарапынан жоғары бағаға ие болған. Сонымен қатар, «Үміт-Надежда» қоғамдық қорының үйірмесінен келген заттар да көпшіліктің көзайымы болды. Осы бірлестіктегі шебер Алина Лампартер жасаған кәдесый, ерінбейтін, төзімділікті қажет ететін еңбектің нәтижесі еді. Алина өткен жылдың аяғында «Жан шуақ» республикалық қоғамдық сыйлығын алған болатын. Сонымен қатар, тағдырдың салған жүгін арқалап, аурумен алысып жүрген жандардың қолынан шыққан күнделікті тұрмыста қолданатын көрпе, көрпеше, ағаш бұйымдар асқан рухтың мықтылығынан да хабар бергендей. Көрмеде «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әлия Сапарова «Талант сырқаттан күшті» көрмесі Елбасы тапсырмасымен партия жүргізіп отырған көп жұмыстың жалғасы екенін, бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғаса беретінін айтты.
– Қазір нарық синтетикадан жасалған тауарға толы. Ал таза экологиялық материалдан жасалған, оның үстіне адамның жан тебіренісі айқын көрініп тұратын қолөнер бұйымдары әркезде де жоғары бағаланған. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қолөнер бұйымдары сонысымен де бағалы, құрметке ие. Оны көрмеге келушілер сатып алады. Бұл көрме мүмкіндігі шектеулі жандардың қаражат табуына жақсы мүмкіндік, – деді облыстық мәслихат депутаты Екатерина Смышляева.
Көрмеге бұл жолы 50 адамның қолөнер бұйымдары қойылды. Облыс әкімінің мүгедектер ісі жөніндегі кеңесшісі Аслан Дабыловтың айтуынша, облыс өңірінде үйде отырып қолөнермен, тағы басқа да көңілі сүйген іспен айналысатын мүмкіндігі шектеулі жандар өте көп. Еңбек еткен жанның мүмкіндігі ешқашан шектелмейді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.