Сараптама • Бүгін, 08:40

Отбасы мен жұмыс тепе-теңдігі

31 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жұмыс пен отбасы тепе-теңдігі бүгінде қоғамдағы өзекті тақырыпқа айналып отыр. Еңбек нарығында жұмысшыларға деген жүктеменің артуы мен жұмысты ұйымдастыруда өзгерістер болып жатыр. Мысалы, көптеген адам қашықтан жұмысқа көшуде, кәсіби жауапкершілік пен отбасылық міндеттемелерді біріктіруде қиындықтарға тап болды. Бұл өмірдің осы екі саласы арасындағы үйлесімділікке қол жеткізу үшін тиімді стратегияларды табу қажеттілігіне әкеледі.

Отбасы мен жұмыс тепе-теңдігі

Сурет: juldyz.info

Жұмыс пен өмірдің тепе-теңдігі (Work-Life Balance, WLB) – бұл адам өзінің кәсіби және жеке міндеттерін осы салалардың ешқайсысын құрбан етпестен сәтті шеше алатын жағдай. Бұл жұмыста немесе үйде физикалық қатысуды ғана емес, сонымен қатар рөлдердің әрқайсысына эмоционалды кірісуді де қамтиды.

Ерлер мен әйелдердің отбасы мен жұмыс арасындағы тепе-теңдікке қол жеткізуі гендерлік, әлеуметтік ерекшеліктерге байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Көбіне үй шаруашылығы мен бала тәрбиесіне қатысты жауапкершіліктің басым бөлігін алғандықтан дәстүрлі көзқараста әйелдер отбасындағы басты қамқоршы тұлға ретінде қа­былданады. Әйелдер кәсіп­тік жауапкершілікті отбасылық мін­деттермен ұштастыру кезінде «қос ауыртпалықты» сезінеді. Сон­дық­тан әйелдер көп жағдайда жұ­мыс пен ана болуды біріктірудегі оң­тайлы жолдарын іздеуге мәжбүр. Сонымен қатар осы проблема­ны­ның шешу жолдарын іздегенде әйел­дер қоғамның қысымына ұшы­­рауы әбден мүмкін. Бұл күйзеліс жұ­ба­йы мен жұмыс берушілер­­дің ­осы екі сала арасындағы үйлесім­ді­лік­ке қол жеткізу үшін қолдау қажеттігін тудырады.

Екінші жағынан, ерлер дәстүрлі түрде отбасының негізгі асыраушысы ретінде қабылданады. Бұл олардың үй шаруасына және бала тәрбиесіне қатысуын шектейді. Дегенмен заманауи тенденциялар отбасылық өмірге белсенді қатысуға ұмтылатын ерлердің көбірек екенін көрсетеді. Бұл тек қаржылық қолдауды ғана емес, сонымен қатар отбасындағы міндеттерді тең бөлуге ықпал ететін бала күтімін де қамтиды. Ерлердің отбасылық мәселелерге белсенді қатысуы серіктестермен және балалармен қарым-қатынасты жақсартып қана қоймайды, сондай-ақ өздерінің эмоционалдық әл-ауқатына ықпал етеді. Жұмыс пен отбасы арасындағы тепе-теңдікті тапқан ер адамдар көбіне өмірге қанағаттану деңгейінің жоғарылауы және стрестің төмен деңгейі туралы хабарлайды.

Қазақстандық қоғамдық даму институтының осы жылдың сәуір айында жүргізілген «Берекелі от­басының қалыптасуына әсер ететін факторлар» әлеуметтік зерттеуінде отбасы мен жұмыс теңгерімі жө­нінде ақпарат жинақталды. Са­уалнамаға қатысушылардың 70,7%-ы тұрақты жұмыс орны бар еке­нін, ал 29,3%-ы тұрақты жұмыс жоқ екенін көрсетті. Бұл жерде ер­лер мен әйелдер арасындағы жұ­мыспен қамтылудағы айқын айыр­машылықтарды атап өткен жөн. Ер адамдардың 85,1%-ы тұ­рақты жұмыс орны бар десе, ал әйел­дер арасында бұл көрсеткіш 59,5%-ға тең. Зерттеуге сәйкес, ша­ма­мен әйелдердің 40,5%-ы жұмыс­сыздықпен бетпе-бет келіп отыр.

Балалары бар азаматтар үшін жұмыспен қамтылудың басым себебі «отбасын асырауға үлес қосу» екені анықталды. Тереңдетілген сұхбат деректері еліміздегі жұмыс істейтін ата-аналар жағдайларының басым көпшілігінің артында қаржылық жағдайды жақсартудың тұрғанын көрсетеді.

Мансаптың маңыздылығы туралы сұрақта сауалнама қаты­су­шы­ларының ең көп үлесі, атап айт­қанда, 25,2%-ы мансапты ма­ңызды деп санайды. Ер адамдар үшін мансап маңызды немесе өте маңызды (42,9% әйелдердің 35,7%-ы қарсы), ал әйелдер мансапты маңызды санамайды (ерлерде 34,8%, әйелдер­де 46,2%)

Еңбек жағдайларында жұмыс істейтін ата-аналардың ең үлкен наразылығын тудыратын бас­ты мәселелер жұмыс кестесіне қатысты. Айта кететін болсақ, жұ­мыс күнінің ұзақтығы, кестенің икем­ділігі, жұмыс кестесіне өзгеріс енгізу мүмкіндігі. Балалары бар жұмысшылар, әсіресе әйелдер, көбіне 5/2 және 6/1 кестелерімен (сәйкесінше 5-6 жұмыс күні және 1-2 демалыс күні) жұмыс күнінің ұзақтығына (8 сағат немесе одан да көп) көңілі толмайды. Ақпарат берушілер жұмыста көп уақыт өткізуге мәжбүр екенін, соның салдарынан отбасына және жеке қажеттіліктеріне жеткілікті уақыт бөле алмайтынын атап өтті.

Жұмыс берушінің жұмыс тең­герімі және жеке өмір туралы идеяны қолдауына келетін болсақ, «Сіздің жұмыс берушіңіз жұмыс пен жеке өмір тепе-теңдік идеясы туралы көзқарасы қандай?» деген сұраққа азаматтардың 37,3%-ы же­ке себептермен кейде жұмысқа бармау қажеттілігіне түсіністікпен қарайтынын атап өтті. Қажет бол­ған жағдайда жұмыс берушілер­дің 9,4%-ы қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігін беруге дайын, 14,5%-ы қолайлы жұмыс кестесіне қа­тыс­ты жеңілдіктер жасауға дайын. Де­генмен ел тұрғындарының айтар­лықтай бөлігі (29,9%) олардың жұ­мыс берушілері жұмыс пен өмір ара­сындағы теңгерім идеясын ешбір жағдайда қолдамайтынын атап өтті.

Елді мекен түрлері бойынша қарастырсақ, қалалық жұмыс берушілер ауылдағыларға қара­ғанда жұмыс пен жеке өмірдің тең­герімін сақтау мәселелерінде бір­шама икемді екенін көрсетті. Қалаларда жұмыс берушілердің 40,1%-ы кейде жұмыс орнында болмау қажеттілігіне түсіністікпен қарайды, ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 32,5%-ды құрайды. Қажет болған жағдайда қалалық жұмыс берушілердің 10,9%-ы қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігін беруге дайын, бұл ауылдағыдан жоғары (6,7%). Бұл ретте қалалықтардың 28,2%-ы және ауылдағы респонденттердің 32,8%-ы олардың жұмыс берушілері еңбек пен өмір теңгерімі идеясын ешбір жағдайда қолдамайтынын атап өтті.

Зерттеуге сәйкес, жұмыс істейтін ата-аналардың 60%-дан астамы кейде жеке себептермен жұмыс орнында болмау қажеттілігі туындаған жағдайда, жұмыс беруші тарапынан түсінбеушілікке тап болады.

Біздің қоғамда жұмыс істейтін ата-аналардың едәуір бөлігі жұмыс пен отбасының теңгерімсіздігі­мен бетпе-бет келетінін көрсете­ді. Бұл көп жағдайда отбасы есебі­нен ең­бекке бейімділікпен байла­ныс­ты. Сонымен қатар табыс дең­гейі неғұрлым төмен болса, тепе-теңдіктің бұзылу ықтималдығы со­­ғұрлым жоғары болады.

Әйелдерде кәсіби және ана­лық міндеттердің тепе-теңдігі­нің бұзылуы аясында жұмыстан мәжбүрлі түрде кету ерлерге қара­ғанда 2,5 есе жиі кездеседі. Соны­мен қатар толық емес отбасылар­да жұмыс істейтін аналар көп жағ­дайда бала күтіміне толық жауап береді және тәрбие беруде екі есе жүктеме алады.

Тұтастай алғанда, ата-аналар көбіне қаржылық мәселелер, ба­лаға уақыт пен күштің жетіс­пеушілігі, қатаң кесте және отбасы­лық жағдайына қарамастан талап­тардың жоғарылауы сияқты мәсе­лелер мен қиындықтар туралы айтады. Бұл ретте жұмыс істейтін ата-ананың басты көмекшісі – өз ата-анасы («ата-әжелер»). Орташа қазақстандық отбасында бала күтушілердің қызметтері мен тұр­мысты жеңілдететін қызметтер іс жүзінде пайдаланылмайды.

Қорытындылай келгенде, отбасы мен жұмыс арасындағы тепе-теңдік мәселесі қазіргі қоғамда өзекті болып қала береді. Бұл мем­лекет, жұмыс берушілер мен жұ­мысшылар тарапынан назарды талап етеді. Тиімді мемлекеттік қолдау шаралары, икемді корпо­ративтік тәжірибелер және уақыт­ты басқарудың жеке стратегиялары өмір сапасын айтарлықтай жақсарта алады. Кәсіби және отба­сылық міндеттер арасындағы үйле­сімділікке қол жеткізу жұмыс­шылардың әл-ауқатына ықпал етіп қана қоймайды, сонымен қатар тұрақтылық пен өнімділікті арттырады.

 

Зарина ӘСКЕРБЕК,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы