Үкімет • Бүгін, 09:00

Түркістанның ерекше мәртебесін айқындайтын құжат

67 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында бес заң жобасы қаралды. Күн тәртібінде депутаттар Түркі елдерінің ынтымақтастығы мен еркін сауда және инвестициялар құру туралы екі заң жобасын жұмысқа қабылдап, Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру мен зағип жандарға қызмет көрсету сапасын жақсартуға қатысты құжаттарды мақұлдады.

Түркістанның ерекше мәртебесін айқындайтын құжат

Жиында «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісіміне енгізілген өзгерістер жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы» және «Көрсетілетін қызметтердің еркін саудасы, инвести­­ция­лар құру, қызметі және оларды жүзе­ге асыру туралы келісімді ратифика­­ция­лау туралы» заң жобалары жұмыс­қа алынғаны мәлім болды. Бұл хаттама­ға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Түркия және Өзбекстан мемлекеттерінің басшылары 2022 жылғы 11 қарашада Самарқанда өткен саммитте қол қойған. Хаттама 2009 жылы жасалған «Түркітілдес мемлекеттер­дің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісіміне» өзгеріс­тер енгізеді. Яғни құжатта түркітілдес мем­лекеттердің ынтымақтастық кеңесін Түркі мемлекеттері ұйымына айнал­­­­дыру көзделіп отыр. Сондай-ақ көрсеті­ле­тін қызметтердің еркін саудасы, инвес­ти­циялар құру, қызметі және оларды жүзеге асыру туралы келісімге де бірқатар өзгеріс енгізілмек.

«Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасы туралы баяндама жасаған Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов құжат Түркістан қаласын еліміздің рухани-мәдени, тарихи және туристік орталығы ретінде қалыптастыру, дамыту және оның жұмыс істеуі үшін құқықтық жағдайлар жасауға бағытталғанын айтты. Оның айтуынша, заң жобасы 4 тараудан және 15 баптан тұрады. Жұмыс тобына 36 түзету келіп түсіп, олар мүдделі министрліктер мен ведомстволар, қоғамдық бірлестіктер мен сараптама ұйымдары өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының 5 отырысында, сондай-ақ комитеттің кеңейтілген отырысында қаралған. Бұдан басқа, құжаттың негізгі ережелерін талқылау үшін Түркістанда жұмыс тобының көшпелі отырысы өткізілген. Жалпы заң жобасы Түркістан қаласына ерекше мәртебе берудің негізгі мақсаттарын, міндеттері мен қағидаттарын айқындауға бағытталған. Сонымен қатар Түркістан қаласының аумағында тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғауды қамтамасыз ету, орталық мемлекеттік органдар, Түркістан қаласының жергілікті өкілді және атқарушы органдары өкілеттіктерінің аражігін ажырату және жаңа өкілеттіктер беру, ұлттық қолөнер саласындағы шеберлер үшін жергілікті бюджеттен шығындардың бір бөлігін өтеу, сәулет, құрылыс және қала құрылысы қызметін нормативтік реттеу және тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қорғау көзделген.

Құжаттың негізгі мағынасын түсін­дірген Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық Экономика министрі Нұрлан Байбазаров Англия, Италия, Өзбекстан, Әзербайжан сияқты елдердің тәжірибесі негізге алынғанын айтты. Оның айтуынша, осы арқылы Түркістан қаласының әкімдігі мен мәслихатына қосымша 34 құзырет берілуі мүмкін. Оның ішінде қала мәслихатына қаланың дизайн кодын белгілеп, қала құрылысын жос­пар­лау қағидаларын бекіту құзыреті бе­ріл­мек. Қалада жұмыс істейтін ұлттық қолөнер шеберлерінің шығынын іші­нара бюджеттен өтеу қағидаларын белгі­леу де жергілікті мәслихатқа жүктеледі. Ал қала әкімдігіне кесене айналасынд­ағы құрылыс стандарттарын белгілеу міндеті беріледі. Бұл заңды іске асыру үшін өзге заңдарды осы нормативтік құжаттың талаптарымен сәйкестендіру қажеттігін жеткізген ол ілеспе заңның аясында Жер кодексіне, «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі», «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану», «Туристік қызмет» туралы заң­дар­ға өзгертулер мен толықтырулар енгізу көзделеді деді.

Жалпы отырыста Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Айма­ғамбетов «Зағиптардың және көру қабілеті бұзылған немесе баспа ақпаратын қабылдау қабілеті өзгедей шектелген адамдардың жария етілген туындыларға қол жеткізуін жеңілдету туралы Марракеш шартын ратификациялау туралы» заң жобасының мақсатымен таныстырды. Шартты ратификациялау көру қабілеті бұзылған немесе басқа да қабілеттері шектелген адамдарға кітаптарға, журналдарға, оқу материал­дарына қолжетімділікті кеңейтуге және қоғамның мәдени мен әлеуметтік өміріне тең қол жеткізуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Депутат Гүлдара Нұрымованың айтуынша, бүгінде бұл шартқа қатысушы 90-нан аса мемлекет азаматтарының осындай құқықтары бар. Сондықтан ол көру қабілеті бұзылған біздің елдің азаматтарының да осындай мүмкіндігі болуға тиіс екенін тілге тиек етті. Шарттың негізгі ережелеріне сәйкес, оның қатысушылары жарияланған туындыларды қолжетімді форматтарда көбейту, тарату және оларға жария қол жеткізу үшін авторлық құқықтар саласындағы шектеулер мен ерекшеліктердің бірыңғай жинағын көздеуге тиіс. Құжат талаптары елдер арасында жарияланған туындылармен алмасуды кеңейтіп қана қоймай, Қазақстанның ынтымақтастық аясын кеңейтуге де мүмкіндік береді.

Бұдан кейін депутаттар Премьер-министр мен Үкімет мүшелеріне сауал жолдап, күрмеуі қиын қоғамдағы кейбір мәселелердің кешіктірілмей шешілуі қажет екеніне назар аударды. Депутат Магеррам Магеррамов нейрожелілердің үлкен мүмкіндіктер ашатынын, алайда айтарлықтай қауіп-қатерлер әкелетінін атап өтті.

«Қазір заманауи технологиялар мен жасанды интеллектінің қарқынды даму кезеңінде ең қарапайым қызметтерді алу кезінде азаматтардың бейнелері рұқсатсыз тіркеліп жатыр. Банктер, байланыс операторларының бөлшек сауда орындары, білім беру мекемелері, балабақшалар, ауруханалар, емханалар, бизнес орталықтардың өткізу пункттері – азаматтар қайда барса да, олардың биометриясы тіркеледі. Бұл азаматтың қалауы мен осы шаралар­дың қажеттілігінен тыс жүргізіледі. Азаматтар биометриялық деректерді беруден бас тартса, банктік қызметтер немесе байланыс операторларының қыз­мет­терін алуға мүмкіндік жоқ», дейді ол.

Ең қызығы, қызмет алған азаматтар келісім бергендіктен байланыс операторлары мен банктер жеке деректер­ді үшінші тұлғаларға шектеусіз әрі бақылаусыз бере алады. Ал жинақтал­ған биометрия адамдардың деректері сақталатын база иелерінің қалауымен және талғамымен шектеусіз пайдаланылады. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі биометрия­ны азаматтарды алаяқтардан қорғау­дың механизмі ретінде қарастырып отырғанымен, бұл құрал мәлімделген мақсаттарға сәйкес келмейді. Депутат­тың сөзіне сенсек, кез келген азаматтың биометриясын шағын сауда нүктесінің иесі де иелене алады. Мысалы, YouTube, Instagram сияқты танымал әлеуметтік желілер қаржылық пирамидалардың жарнамалық роликтеріне толы, онда танымал адамдардың бейнелері мен дауыстары бірінші жақтан пайдаланылып жүр. Бұл жағдай азаматтардың биометриясы, олардың бейнелері мен дауыс­тары қылмыстық мақсатта рұқсатсыз пайдаланудан қорғалмағанын анық көрсетіп береді. Осы орайда депутат Үкімет қазірден бастап азаматтардың биометриялық деректерінің рұқсатсыз пайдаланылуына жол бермеу шараларын қабылдап, білім беру мекемелерінде генеративті жасанды интеллектті пайдалануды шектейтін ережелерді енгізу қажет екенін айтты.

Депутат Нартай Сәрсенғалиев мем­лекеттік органдар қолданыстағы заң­ның талабын орындауға асықпай­тынын жеткізді. Оның айтуынша, соңғы қабылданған құмар ойынға қатысты құжатта «көшеде, қоғамдық көлікте, билбордта құмар ойынға қатысты жарнама болмау керек» деген норма бар. Дегенмен әкімдіктер бұл талапты орындауға асығар емес. Мысалы, ШҚО әкімдігі заң күшіне 9 қыркүйекте енгеніне қарамастан, құмар ойынның жарнамасы жазылған билбордтарды қарашада ғана демонтаждаған. Ал Алматы мен Шымкент қалалары, Алматы, Маңғыстау, СҚО, Павлодар облысының әкімдіктері құмар ойынның сыртқы жарнамасының көзі жойылғаны туралы ақпаратты құзырлы органға әлі бермеген. Ал букмекерлік кеңсені тек спорттық БАҚ жарнамалай алады делінгенімен, кейбір спорттық сайт ретінде тіркелмегендер де букмекерлерді жарнамалап, ақша тауып отыр.

Сонымен қатар Қазақстан Халық партиясының депутаттары Үкімет басшысына ерекше қажеттілігі бар адам­дарға өзгелердің көмегінсіз толықтай өзі бейімделіп, қажетті қызметтерді өз бетінше ала алатындай орта құрудың маңыздылығын жеткізді. Бірнеше жыл бұрын елімізде мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар қабылданған. Бұған сәйкес қолжетімділіктің интерактивті картасы әзірленген. Мұнда ерекше қажеттілігі бар адамдар кез келген жерге еш кедергісіз кіріп-шыға алады делінеді. Алайда бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Осылай деген депутаттар өңірлерді айтпағанда Астана тұрғындарында да мұндай мүмкіндік жоқ екенін алға тартып отыр. Мысалы, табалдырықтардың биік болуы, тұтқасы жоқ тік пандустар, тактильді белгілердің жоқтығы, ванна бөлмелері арнайы тұтқамен және авариялық түймелермен жабдықталмаған, тар есіктер секілді кемшілік көп. Бұл ғана емес, мүгедек­тігі бар адамдар ғимаратқа кіріп қана қоймай, сол жерде қажетті қызметті алу керек екенін ескерген жөн. Ал бұл қажеттіліктің орындалуы екіталай екен. Себебі касса, банкомат, ақпараттық дүңгіршектер тым биік, яғни мүгедектер арбасындағы адамға қызмет көрсетуге бейімделмеген.

Жалпы отырыста жалпақ жұрттың жайын жеткізгендер көп болды. Соның ішінде депутаттар Үкіметке ауыл шаруа­шылығы саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары, инклюзивті саясат тұжырымдамасын әзірлеу, техник-метеорологтар мен жер мәселесі, мәслихат­тың құзыретін кеңейту, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиім­ді пайдалану, жұмысшы кәсіптері­нің беделін арттыру, су шаруашылығы мен астықты форвардтық сатып алуға қатысты қойылған сауалдарына сауатты жауап беріп, саладағы салғырттықты жою қажет екенін бұл жолы да қадап айтты.