Форум • Бүгін, 09:15

«QazaqSham» қазақтілді контент жасаушылар форумы

67 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәдениет, өнер және медиа саласының өкілдері Астанада ұйымдастырылған «QazaqSham» форумында бас қосты. Іс-шара барысында отандық креативті индустрияны дамытуға, қазақтілді контент жасаумен айналысатын жас таланттарды қолдауға және саланы инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге қатысты мәселелер талқыланды. Бибігүл Төлегенова атындағы креативті мектепте өткен форумға Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев және бір топ депутат қатысты.

«QazaqSham» қазақтілді контент жасаушылар форумы

Мәулен Әшімбаев қатысушы­ларға ілтипат білдіре келіп, Мемле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде креативті индустрия­ны дамыту үшін жүйелі қадамдар жасалып жатқанын атап өтті.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде креативті индустрияны дамытуға қатысты нақты міндеттерді белгілеп берді. Бүгінде осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Соның аясында елімізде алғаш рет Креативті индустрияны қолдау қоры құрылатын болды. Сон­дай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен салаға қажетті инфрақұрылымды дамыту, оның ішінде бірқатар креативті ор­талық ашу жұмыстары да жүйелі жүргізіліп келеді, – деп палата спикері мүдделі тараптарды отандық креативті индустрияны дамыту жолында бірлесіп әрекет етуге шақырды.

Форумға қатысушылар цифр­лық технологияларды енгізуге қатысты бастамаларды, сондай-ақ өнер өкілдерінің білім беру, денсаулық сақтау, құтқарушылар және басқа да салалардың мамандарымен бірлескен жобаларын талқылады. Одан бөлек, таланттарды іздеп, олардың өнімдері мен қызметтерін экспорттауға жәрдем беретін Креативті индустрияны қолдау қоры аясындағы бірлескен жұмыс барысы сөз болды.

Сонымен қатар Сенат төр­ағасы креативті сектордың эко­номикалық әлеуеті жыл өткен сайын артып келе жатқанын тіл­ге тиек етіп, әлемдік трендтерге және отандық контентмейкерлер назар аударуға тиіс маңызды мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, ұлттық құндылықтарды дәріптеу ісінде шығармашылық сектор маңызды рөл атқарады.

– Креативті сектор – ұлттың мәдениеті мен құндылықтарын дәріптеудің заманауи тәсілі. Бү­гін­гідей сын-қатерлер жағ­дайын­да ұлттық ерекшелікті сақтап, дамытудың маңызы зор. Бұл ретте дайындалатын кон­тент­­тер­дің мазмұны айрықша рөл ат­қара­ды. Зерттеулерге сүйенсек, қазір жастар шетелдік емес, отан­дық контентті көбірек пай­да­лан­ған­ды жөн санайды. Бұл сіз­дер сияқты креативті индуст­рия са­ласында және цифрлық орта­да жүр­гендер үшін жақсы мүм­кін­дік екені сөзсіз, – деді М.Әшімбаев.

Ол осы тұрғыда Бибігүл Төлегенова атындағы креативті мектептің миссиясы өңірлерден келген дарынды азаматтарға қолдау көрсетуді және олардың жобаларын ілгерілетуге, әлеуеті мен талантын ашуға ықпал етуді көздейтінін атап өтті.

– «QazaqSham» форумы­ның Бибігүл Төлегенова атындағы креативті мектепте өтуі тегін емес. Себебі Бибігүл Төлегенова – өзі де, өнері де ұлтымыздың мақ­танышына айналған дара тұлға. Оның көпқырлы шығармашылығы елімізбен бірге әлемдік деңгейде де жоғары бағаланады және жас таланттарға әрдайым бағыт-бағ­дар көрсетіп тұрады. Сондықтан Форумның осындай өнер иесі­нің атымен аталатын креативті мектепте ұйымдастырылуының символикалық мәні зор деп қабылдаймыз, – деді М.Әшімбаев.

Айта кетейік, Бибігүл Төлегенова атындағы креатив­ті мектептің ерекшелігі – акаде­миялық және кәсіби дағдыларды дамыта отырып, дуалды білім алу мүмкіндігінің болуы. Мұнда дәстүрлі бағыттар мен соңғы тех­нологиялық кеңістіктерді қоса алғанда, төрт факультет және 40 тақырыптық кабинет жұмыс істейді. Олар – дыбыс жазу студиясы, сән дизайны зертханасы, ART галерея, анимациялық студия, ойын зертханасы, виртуалды шынайылық және жасанды интеллект кабинеттері. Бұған қоса STEM зертханасы, 3D модельдеу, роботтехника және басқа да мамандандырылған залдар бар.

Форумға Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, «Tan Media Group» директорлар кеңесінің төрағасы Арманжан Байтасов, «Phenomenal Kids» жобасының негізін қалау­шы Азат Әбікен, «Balafunny» YouTube-арнасының негізін қалау­шы Алтынай Есенжанова және креативті индустрия саласының басқа да өкілдері қатысты.