Тәжірибе алмасудағы ықпалдастық
Іссапарды көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай әрі еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету және халықаралық серіктестікті дамыту мақсатында «Allur» жоғары инженерлік мектебі (ЖИМ) ұйымдастырды. Отандық инженер-ғалымдар Оңтүстік Кореяның жетекші ғылыми мекемелері мен өндірістік кәсіпорындарын аралады. Атап айтқанда, «Dong-Eui University», «Kyunsung University», «Pukyong National University», «SUDo High school», «Hyundai Steel», «Korron», «Doosan» мен «Kia Hwasung»-те болды.
«Allur» осындай іссапарлар шетелдің озық тәжірибесін зерделеп, оны елімізге бейімдеуге мүмкіндік беретініне сенімді. Мысалы, Ә.Сағынов атындағы Қарағанды политехникалық, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық, Қарағанды индустриялық университеттерімен, Рудный индустриялық университеті және А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетімен ынтымақтаса отырып, Мемлекет басшысының стратегиясы мен жаһандық сын-қатерге сәйкес білім бағдарламаларын жаңғыртуды қолға алды. Бұдан бөлек, Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбектің тапсырмасына сай, әлемдегі озық жоғары оқу орындарының тәжірибесіне сүйеніп, еліміздегі шетел университеттері филиалдарымен бірлесе отырып, жаңа бағыттар бойынша инновациялық білім беру жолын қарастырады. Сонымен қатар елімізде Финляндияның XAMK қолданбалы ғылымдар университеті, мысалы өндіріс қажеттілігін ескере отырып, ғылымды дамыту мен «инженер-ғалым», «инженер-кәсіпкер» секілді жаңа мамандықтарды қалыптастыру моделі әзірленді.
«Елге оралғаннан кейін инженер-техник кадрларды даярлауға бағытталған оңтүстіккореялық тәжірибені отандық өндіріске енгізу бойынша кешенді іс-шаралар жоспарын әзірлейміз. Бірінші кезеңде алдыңғы қатарлы шетелдің тәжірибелерін бейімдейтін жұмыс тобы құрылады. Келесі кезекте білім бағдарламаларын, оның ішінде өзекті тақырыптар бойынша курстар әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Мысалы, өнеркәсіпті автоматтандыру, цифрландыру және металлургиядағы «жасыл» технологиялар. Сондай-ақ дуалды оқыту барысында өндірістік кәсіпорында практикадан өтуді міндеттеу, мамандарды қайта даярлау бағдарламаларын да қамтитын боламыз. Қазір технологиялар күннен-күнге өзгеріп, жаңарып жатыр. Соған сәйкес кадрларымыз да жаңашылдықты тез қабылдап, жылдам меңгеруі керек», деді ЖИМ басшысы Сәния Иментаева.
Инженерлік мамандықтарды дәріптеу, білім инфрақұрылымын дамыту, оны мемлекеттік және корпоративтік қолдау, сондай-ақ үдерістерді мониторингтеу және үздіксіз жетілдіру де жоспарланып отыр.
Машина жасау мамандарын даярлау
Қаныш Сәтбаевтың есімі еліміздегі металлургия, машина жасау ғылымының қалыптасуымен тығыз байланысты. Ғұмырын ғылымға арнаған ғалымның елімізге сіңірген еңбегі ерекше. Әсіресе академик адам капиталын қалыптастырып, өнеркәсіпке инновация енгізуге зор үлес қосты. Сондай-ақ Қ.Сәтбаев маман даярлаудағы ғылыми мектептердің негізін қалады. Соның арқасында елімізде инженер, механик, металлургтерді даярлауға бағытталған жоғары оқу орындары мен зертханалар пайда болды.
«Allur» жоғары инженерлік мектебі 2022 жылы Қостанайдағы автомобиль зауытының базасында құрылды. Басты мақсаты – заманауи біліктілікке ие инженерлердің жаңа буынын даярлау. Мектеп локализация, импортты алмастыру және инновациялық технологиялық шешімдерді енгізу мәселелерін шешуге ғылыми қоғамдастықты тартады.
«Ел Президенті озық технологиялармен жұмыс істей алатын және инновациялық шешімдерді енгізуге қабілетті жоғары білікті кадрларды қалыптастыру маңызын бірнеше рет атап өткен болатын. Жоғары инженерлік мектептің стратегиясы мемлекеттік саясаттың барлық негізгі тезистерін қамтиды. Бұл, атап айтқанда, дуалды оқыту арқылы теория мен практиканы біріктіру, дипломдық жобаларды нақты өндірістік міндеттермен байланыстыру, халықаралық әріптестік орнату және жас мамандарға қолдау көрсету. 2022 жылы инженерлерді даярлаудың ұлттық моделі іске қосылғаннан бері 300-ден астам студент осы бағдарламамен оқуын аяқтады. Бүгінгі таңда түлектер біліктілігін жоғары деңгейде көрсетіп келеді», деді ЖИМ басшысы Сәния Иментаева.
Адам капиталын дамытудағы жоспарлар
ЖИМ елімізде алғаш рет индустрия 4.0 қажеттілігіне сәйкес адам капиталын қалыптастыруға бағытталған стратегияны жүзеге асырады. Басты міндеттердің бірі – дарынды жастарды тартатын аймақтық жоғары оқу орындары базасында инженерлік кеңістік құру. Сонымен қатар «Allur» автокөлік компаниясының ЖИМ индустрия саласына инженерлік-техникалық кадрларды даярлаудың ұлттық үлгісін көрсететін бағдарламалық құжаттың тұжырымдамасын әзірледі. Айгүл Ахметованың айтуынша, осы бастама аясында цифрлық экономиканың сын-қатеріне бағдарланған бағдарламаларды әзірлеу, іске асыру, тәжірибе алмасу үшін инновациялық алаңдар ұйымдастыру, зерттеу және әзірлемелерге инфрақұрылым құру, оның ішінде цифрлық зертханалар, роботтехника орталығы мен жасанды интеллектіні зерделеу платформаларын құру жоспарланып отыр.
Инженерлік кеңістікті қалыптастыру бірнеше мақсатқа қол жеткізеді. Біріншіден, өнеркәсіптік кәсіпорындарды цифрландыру мен жаңғыртуды жеделдетеді. Бұл инновациялық технологияларды енгізу арқылы экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Ал, сайып келгенде, жоғары білікті мамандарды даярлау еліміздің тұрақты технологиялық дамуына жағдай жасайды.