01 Мамыр, 2015

Ұлттық идеяның ұраншысы

757 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Амантай ШариповАлатау мен Алатооның арасын жол қылып, Қазақ еліне ең көп қатынайтын қырғыздың бірі менмін. Осынау уақыт ішінде қазақ әдебиеттанушыларының үш буынымен емін-еркін араластым. Сондай-ақ кейінгі жылдары әдебиеттанудың жас буынымен де байланысым арта түсті. Әсіресе, өз саласында азды-көпті іс тындырған Дихан Қамзабекұлы, Амантай Шәріп, Бауыржан Жақып, Шәмшадин Керім, Бауыржан Омарұлы сияқты зерттеуші інілеріммен жұмыс барысында жиі кездесетін болдым. Жас буын дейтіндей олар да соншалықты жас емес. Тек  ғылымға сәл ертерек келген демесеңіз, бүгінде бұлардың алды елуге аяқ басып жатырОсылардың ішінде Халықаралық Айтматов академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Амантай Шәріпті айрықша атағым келеді. Мен Қазақстанға келген сапарымда осы жігітпен тілдескен сайын оның байсалды әдебиетші екенін байыптай түсемін. Әдепкіде сыртынан білетінмін, кейін дос-жарандарым жақынырақ таныстырды. Кейіннен жиі араласа бастадық. Оның еңбектерімен таныса келе, зерделі зерттеуші екеніне әбден көз жеткіздім. Амантайдың барлық ғылыми еңбектерінің тақы­ры­бы әдебиеттегі ұлттық идеяны ұлықтауға негізделген. Жалпы, ұлттық идеяны айқындап, ғылыми тұжырымдамасын ­жасап, жіктеп талдау – оңай шаруа емес. Анықтығы­нан абстрактілігі басым бұл ұғымға әркім әр қыры­нан келіп, өз бетінше анықтама жасауға талпынады. Бұл – тек әдебиеттанудың ғана емес, күллі гуманитарлық ғылымдардың бас қатырып жүрген мәселесі. Барлық құндылықтарды ұлттық идеяға теліп, жалаң түйін жасаумен шектелетіндер қай елде де жетіп жатыр. Осы тұрғыдан алғанда, біздің қырғыз ғалымдарының да ұлттық идея хақындағы сәтті-сәтсіз ізденістері баршылық. Солармен жақсы таныс болған соң мен Амантай Шәріптің әдебиеттегі ұлттық идеяны ұлықтау тәсіліне зер салдым. Менің байқағаным, ол ұлттық идеяны тек зерттеушінің ғана емес, оны тұтынушының, керек десеңіз, ұлықтаушының көзімен талдап-таразылайды екен. Оның ғылыми тұжырымдары өзінің ішкі әлемінің көрінісі, биік рухының белгісі секілді әсер қалдырды маған. Амантай ұлттық идеяның зерттеушісі ғана емес, оның ұйтқысы да сияқты көрінді. Зерделі зерттеушінің жарық көрген монографиялық еңбектері мен ғылыми мақалаларын оқи отырып, эстет әдебиетшінің қолтаңбасын көремін. Ғылыми өлшем ауқымында шашау шығармай түсіретін сұлу сөздері, түрленген тіркестері ардақты академик ағамыз Зейнолла Қабдоловтың жазу мәнерін еске салады. Барлық ғылыми талапқа мойынсына отырып, оқулықты көркем тілмен жазу – екінің біріне бұйыра бермейтін қасиет. Бұлай болатын жөні бар екен. Шымкент шаһарында құрылыстың оқуын оқып жүргенде кітап дүкенінен Зейнолла Қабдоловтың «Сөз өнері» оқулығын көріп, әдебиетке құлшынысы артады. Сол құлшыныс оған ақыры әдебиеттанудың аулына ат байлатты. Ғылымдағы алғашқы ізденістері профессор Тауман Амандосовтың жетекшілігімен басталды. Бірақ ол кісі ауыр науқастан дүние салғаннан кейін профессор Темірбек Қожакеевтің жетекшілігімен алаш ардақтысы Сұлтанбек Қожановтың мұрасын зерттеп, кандидаттық диссертация қорғады. Осы зерттеуінің барысында бұрынғы одақтағы ірі мұрағаттардың біразына арнайы барып, тарихи деректерге қоржынын толтырып қайтты. Ал «Қазақ поэзиясындағы ұлттық идеяның көркем бейнеленуі: генезисі, эволюциясы  және трансформациясы»  деген тақырыптағы докторлық диссертациясы академик Зейнолла Қабдоловтың кеңесшілігімен жазылды. Сөз өнерінің сардары Зейнолла аға 36 жасында ғылым докторы атанған Амантай Шәріптің осы еңбегіне «Кез келген өрелі де өскелең этностың жан-жаратылысында, салт-санасында және тұрмыс-талқысында мезгілдік һәм мекендік өлшемдерге қарай ұйытқылық, ұйыстырушылық қызмет атқаратын қуатты рухани құбылыс, ерекше субстанциялық стихия – ұлттық идея десек, оның көркем сөздегі көрінісін зерттеп-зерделеу әдеби дамудың қадау-қадау сәттерін, күретамыр арналарын халықтың тар жол, тайғақ кешулерімен бірегей бүтіндікте, тығыз тұтастықта тануға кең көкжиек ашып беретіндігі айқын. Сондықтан диссертант А.Шәріптің таңдаған тақырыбы әдебиеттанудың күн тәртібінен түспейтін әрі көкейкесті, әрі күрделі мәселесін меңзейді» деп баға берген еді. Мен Амантайдың өзімен ғана емес, ұстаздарының бәрімен жақын араласқандықтан академик Қабдоловтың оған деген ықыласы ерекше болғанын жақсы білемін. Мәтіннің ішкі табиғатының өзінен жаңалық іздеп табатын зиялы Зекең әдебиеттануға өзгеше үрдіспен келген ізденушіге әр кезде сүйсінумен жүргені анық. Ұстазы секіл­ді мәтінді жеріне жеткізе талдап, түйсігіне сүйеніп, батыл ой айту, жаңалығын жариялау – Амантайдың да қалып­тасқан машығы. Осы тәсілмен ол әркім қуалап ұшты­ғына жете алмаған ұлттық идеяның да бас-аяғын жинап, қисынға салып, теориялық тұжырымын бір ізге түсірді. Мазмұн мен мәтіннен ой өрбітіп, ұлттық ұғыммен ұштас­тырып, бұрын айтылмаған байлам-байыптамалар ұсынды. Зекең оның еңбегін жоғары бағаласа, Амантай ұстазы туралы «Сұлу сөздің соқпағы» деген мақаласында «Сөз өнерінің барын барлаған, арын арлаған академик Зейнолла Қабдолов та – арасында әкімі бар, ақыны бар – іні-дос шәкірттерінің қиялын қияға қондырып, сұлу әлемнің соқпағына салды. Сондықтан ұлық ұстаздың дана дидары – әрқашан жүрегіміздің төрінде», деп жазды. Менің іні-досымның ұлттық идея туралы жазғанда ұстазы Зейнолла байкем секілді көркем сөзден сурет сала білетінінің себебін кейін ұқтым. Ол қазақ поэзиясына өзіндік өрнегімен келген ойлы ақын екен. Қазір өлеңнің емес, ғылымның жайын көбірек күйттеп кеткені болмаса, оның жыр әлеміндегі алғашқы аяқ алысы ел-жұртты едәуір елең еткізгенге ұқсайды.  Кез келген оқырман өлеңнен ой іздейді, рух көріністерін қарастырады, көркемдігіне зер салады. Кімнің қайсысына алғашқы кезекте үңілетінін білмеймін, өз басым өлеңнен алдымен рух іздеймін. Амантайдың «Ана тілім» деген өлеңін көргенде де сөйттім. «Сүйіктісің, сен маған сүйіктісің, Демеп тұрған иықты иықпысың? Ана тілім, өзіңді саз балшық қып, Алмақшымын өмірден құйып мүсін!». Бұл үзікте рух та бар, ой да бар, көркемдік те бар. Ендеше, осындай ішкі әлемі келісті, ұлттық рухты тиянақ еткен ақын жігіттің ұлттық идеяға ұйтқы болмауға, ол туралы төгілтіп һәм егілтіп жазбауға шарасы бар ма?! Қош, «Тасбақамен тілдесу» деген тағы бір өлеңін оқиық:   О, құм-шөлдің құйттай ғана түйесі, Мен сияқты дала аптабын сүйесің. Мазаңды алып жүрген жоқ па, өлкенің, Қарақұрты, құр шаяны, бүйесі?!   Тағы қорлық көрмедің бе, басқа аңнан, Қорлық көрсең – тірлігіңнен қашқан мән. Алып сауыт аударылып бір күні, Аяғымыз кеп жүрмесін аспаннан!   Бұл – тоқтаусыз тіршілік пен терең философияның мәселесі. Адам мен табиғат, ғалам мен адамзат арасындағы тепе-теңдік, күшті мен әлсіз, жақсылық пен жамандық секілді кереғар ұғымдардың тартысы ақынның ой елегінен өтеді. «Е-е, өмірлік тәжірибесі мол адамның танымы да терең болады екен» деген ұстанымға бекініп отырғанымда әлгі өлеңдер жарияланған журналдың мұқабасына көзім түсіп кеткені. 1983 жылғы мамыр айында жарық көріпті. Сенер-сенбесімді білмеймін. Менің бағанадан бері кемеліне келген жыр жүйрігінің жүрегінен шықты деп топшылағаным небәрі он жеті жастағы бозбаланың жазған дүниесі екен. Онымен жасты шикіөкпелер тасбақаны түрткілеп ойнап жүрсе, бұл сол тасбақаңды желеу етіп, қоғамның күрделі құбылыстары туралы салмағы жүз батпан, астары мың қатпар өрелі өлең ұсынып отыр. Бұл менің оған деген көзқарасымды өзгертті. Жас досыма құрметім бұрынғыдан да арта түсті. Халықаралық Айтматов академиясының мүшесі екенін жоғарыда айтып өттім. Бір ескертерлік нәрсе, бұл академияның мүшелері Қазақстан түгілі Қырғызстанда да аса көп емес. Белгілі ғалымдар ішінде біздің Айтматов академиясына мүше еместер жеткілікті. Біз бұл тұрғыда Шыңғыс ағаның сапаға айрықша көңіл бөлетін қатаң қағидасын ұстандық. Академияға мүше болу қағидаттары ол кісімен кезінде келісілген. Ұсынылатын ғылыми зерттеудің өте сапалы болуы, қырғыз және қазақ әдебиетінің жай-күйін қатар толғауы шарт. Осы жағынан алғанда Амантай Шәріптің ғылыми еңбектері академияның қабылдау шарттарына толық сай келеді. Әлемдік деңгейдегі зерттеулерді жан-жақты саралаған Амантай соның бәрінің мән-мәйегін қазақы үлгіге салып, «шарты түрде шамалауымызша» деп сыпайылықпен ескертіп алып, өз нұсқасын ұсынды. Сонымен талай ғалымның зердесін оятып, зерттеуге қызықтырған бұл құбылысқа   Амантайдың анықтамасы былай болды: «Ұлттық  идея дегеніміз – этностың мезгілдік һәм мекендік факторлар арқылы айқындалатын тәжірибесі, танымы және талғамына байланысты бірте-бірте жаңғырып-жаңаланып отыратын, бірақ өзіндік ілкі белгілерін жуық арада жоғалта қоймайтын табиғи-тарихи әрі тылсымдық бітім-болмысының, сана-сезімінің, мінезі мен мәдениетінің, соған сәйкес туындайтын әлеуметтік мұрат-мүдделері мен қимыл-қозғалыстарының жалқылық та, жалпылық та мәнін жинақтаған ұйтқысы». Ол әдебиеттегі ұлттық идея мәселесін мифтік ойлау жүйесіндегі «Қоныс – құт – құдірет» формуласы, жыраулық поэзиядағы қоныстық утопия, «Қос өзен», «Сарыарқа» ұғымдарымен байланыстыра қарастырады. Қазақ поэзиясындағы фатализм, эсхатологизм және символизм жайын мүлде жаңаша талдайды. Амантайдың «измдері» қашаннан қалыптасқан қасаң теорияның құрсауындағы дәстүрлі «измге» емес, елдік екпінге, ұлттық ұлағатқа, сүйіспеншілік сезімге толы. Ол кейінгі еңбектерінде ұлттық әдебиет пен дәстүрлі ментальдік мәселелерін талдауға көбірек көңіл қойып жүр. Ғалымның түркітану бағытындағы ізденістері де жаңашылдығымен ерекшеленеді. Батыл болжам, берік байлам, тастай түйін – бұл саладағы Амантай еңбектерінің сипатын айқындайтын қасиеттер осылар. Түркі дүниесіне бойлаған еңбектерінің бірсыпырасы «Алтын арқау» деген кітабында жинақталған. Халықаралық Түркі академиясының ғалым-хатшысы, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, белгілі әдебиеттанушы Амантай Шәріптің әр еңбегі ұлттық құндылықтарды байыта түседі деп сеніммен айта аламын. Абдылдажан АҚМАТАЛИЕВ, Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, академик, Қырғызстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты.