Фото: Үкімет
Премьер министрдің өңірге сапары аясында облыстың әлеуметтік-экономикалық даму перспективалары, кадрлық әлеуетті арттыру, инфрақұрылымдық міндеттерді шешу барысы талқыланды.
Сондай-ақ бірыңғай уақыт белдеуіне көшу мәселесіне де назар аударылды. Қостанай облысының тұрғындары бұрын да көтерген, өйткені 6-шы уақыт белдеуі табиғи уақытқа сәйкес келмеген. Тұрғындардың айтуынша, бірыңғай уақыт белдеуіне көшу туралы шешім күнделікті тұрмыстық процестерді жеңілдетті. Осыған байланысты кездесуге қатысушылар бірыңғай уақыт белдеуін қолдайтынын айтты.
Премьер-министр Олжас Бектенов тұрғындармен әңгімелесу барысында табиғи уақыттың азаматтардың денсаулығы мен әл-ауқатына оң әсері ғылыми дәлелденгеніне назар аударды. 2017 жылы америкалық ғалымдар тобы адамның циркадтық ырғағын зерттегені үшін Нобель сыйлығымен марапатталды, бұл табиғи уақытқа сәйкес өмір сүрудің ең пайдалы екенін растады. Осы жұмыстың және басқа да ғылыми зерттеулердің негізінде 2022 жылы 80-нен астам елдің ғалымдары мен мемлекет қайраткерлері қол қойған Барселона декларациясы қабылданған.
«Шешім Қазақстанда ғана емес, шетелде де жүргізілген өте терең ғылыми зерттеулер негізінде қабылданды.
Қазақстан үшін табиғи уақыт белдеуі – біз қазір өмір сүріп жатқан UТC+5 болып табылады. Бұрын өздеріңіз білетіндей, біз басқа UТC+6 белдеуінде болдық. Кезінде еліміз директивалық тәртіпте біз үшін табиғи емес белдеуге ауыстырылды. Қазір, керісінше, біз уақытты күн цикліне сәйкес келтірдік.
Мен бірыңғай уақыт белдеуіне ауысу кейбір адамдарға ыңғайсыздық тудыруы мүмкін екенін түсінемін. Ағза біртіндеп үйренеді. Осындай шешім қабылданды. Егер өңірлерде қандай да бір қолайсыздықтар болса, біздің еңбек заңнамамыз мүмкіндік беретін инфрақұрылымды, жарықтандыруды, ыңғайлы кестені ұйымдастыру арқылы жұмыс істеу қажет. Осы мәселелердің барлығын әрі қарай шешетін боламыз», деді Премьер-министр.
Сондай-ақ, зауыт ұжымымен кездесу барысында Мемлекет басшысы жариялаған алдағы Жұмысшы мамандықтары жылы қарсаңында еңбек жағдайлары және өзге де қолдау шаралары туралы мәселе көтерілді.