01 Мамыр, 2015

Баласы Найманханның Паша деген

468 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Рәтбек САҒИД-УАҺАССамсы дегенде жүрегі елжіреп сала беретін жандар көп арамызда. Алла көпсінбесін. Солардың бірі Паша болатын. 1944 жылы Грузиядан бір мезетте жер аударылған месхеттік Ахыска түріктерінің де көрмеген азабы жоқ. Қап тауының қапталын ежелден мекен еткен бірқатар мұсылман ұлттарына екінші дүниежүзілік соғыс кезінде солақай саясаттың сойылы оңбай тиді. Соның салдарынан чешендер мен ингуштар, қарашайлар мен балқарлар, ноғайлар, Қырым татарлары, тағы да Исламға иланған біраз ағайындардың басына қара бұлт төнген. Мал таситын эшелондарға тоғытылған олардың қиямет сапардан аман қалғандары қазақ жерінен пана тапты. Міскіндердің қатарында 12-13 жас шамасындағы Паша да бар еді. Панасыз еді. Жетім еді. Жетілді. Шүкір. Иә, қалай жетілді дейсіздер ғой енді. Еріксіз жер аударылған түріктердің ішінде жалғыз қалған жетімекті Самсыдағы Найманхан деген құдайға қараған ақжүрек адам асырап алады. Бұл сонау 1944-1945 жылдың қақаған қысында болған оқиға. Сөйтіп, Пашаның жасы 18-ге толғанда әке орнына әке болған Найманхан оны өзі құралпылас түріктің Алтын деген қызына үйлендіріп, жеке үй сатып әпереді. Еншісіне бір бұзаулы сиырын атап, отау етіп шығарады. 1966 жылы Алланың дәргейімен Найманхан бақилық сапарына ұзаған соң, Меркіден Пашаның қабырға ағайындары табылып, Самсыдағы елі-жұртының риза-қоштығын алған ол сол жаққа қоныс аударады. Тағы бірнеше жылдар өткенде арадағы қатынас та сирексіп, бірте-бірте барыс-келіс азая береді. «Е-е, «қасқырдың баласын қанша асырасаң да, орманға қарап ұлиды» деген осы. Енді сендерді не қылсын. Өзі болып-толғандай-ақ жүрген шығар бір жерде», дейді сыпсың сөзді жамағайын. Сөйте-сөйте уақыт тозаңының астында қалған бір естелік болып, Паша туралы Самсыдағы әңгіме де тыйылады. Жоқ, тыйылмапты. Жақсы ұлан жақ­сылықты тіпті де ұмытпапты. Оған мына келесі бір оқиға дәлел. Былтыр аудандық сәулет бөлімінің басшысы болған Айнұр Жұрын қарындасымыз 2014 жылғы еңбек демалысы кезінде Түркияның Кемер қаласына демалысқа барыпты. Сапар барысында бір дүкенге кіреді. Сатушы түрік баласы ақжарқын екен, қысқаша жөн сұрасады. «Қайдан келдіңіз?». «Қазақстанның Алматы деген жерінен». «О-о, онда Ұзынағаш, Самсы деген ауылдарды білетін шығарсыз?». «Әрине, мен тура сол ауданнанмын». «Бәрекелді! Онда Самсыда тұратын Найманхан деген кісіні естуіңіз ба ма? Мұхтар деген баласы болуы керек. Менің атам ол кісі». «Білемін. Мұхтар аға Самсы ауылының әкімі болып қызмет атқарған. Жуырда ғана зейнетке шықты». Қойшы, содан Кемер қаласында шағын дүкен ұстап тұрған Рамис есімді түрік баласы Айнұрды туған әпкесіндей құрметтеп, бүкіл мекен-жайы мен телефонын жазып беріп жібереді. Айнұр ауылға келген соң бұл хабарды Самсыдағы Мұхтар ағасына жеткізеді. Жарты ғасырға жуық байланыссыз қалған екі жақ сөйтіп, телефон арқылы қайта табысады. Жуырда Мұхтар Найманханұлы Шынтеміров бір кезде өз әкесінің шапағатымен көктеп-көгерген түрік туысқандарының арнайы шақыртуымен Кемер қаласына барып қайтты. Сыйлас ағамыздың жалпы жұртқа жария етуге тұрарлық осы бір жүректі елжіретер жарқын сәттері туралы жазбақ ниетімізді білдіргенде, ол мені он күн бойы алақандарына салып күтті түрік бауырларым. Кемердің өзінде және Демер деген қаласында, Анталияда болдым. Армансыз аралатты. Кезінде Меркі жаққа көшіп кеткен Найманханның Паша деген баласы да, оның зайыбы Алтын да қайтыс болыпты. Сол екеуінен 1956 жылы туған Құрбан мен Дунияханум атты келіннің үш ұлы, бір қызы бар екен. Әлгі Рамис үш ұлының бірі. Рафик, Рашид атты ұлдары да бір ізетті айналайындар көрінеді. Түркияға біздің ел Тәуелсіздігіне ие болғаннан кейін көшіпті. Жол ашылды ғой. Кемерге күйеу баламыз Ержан екеуміз барғанбыз. Айттым ғой, жандары қалмай күтті. Бір кезде гладиаторлар жекпе-жекке шығатын Демердегі аренаны да көрсетті. Осыдан жиырма күндей бұрын Пашаның ұлы – Мурадов Құрбанның өзі келіп қайтты Самсыға. Біздің үйде қонақ болды. Мен де Самсыны түгел аралатып, одан кейін Меркіге апардым. Әй, несін айтасың, әбден есте қаларлық кездесулер бастан өтіп жатыр, – дейді Мұхтар аға тебіренісін жасыра алмай. Біздің елдің дархан даналығы, шексіз мейірімі мен шуақты шапағаты арқылы сан ұлттың арасында тіршілік тамырын одан әрі жалғаған мұндай әулеттер аз емес. Аласапыран соғыс жылдарында кешегі қазақтың жақсылығын көргендердің біразы жүр арамызда. Шіркін, солардың бәрі баласы Найманханның Паша сияқты болса, қане? Не деген адамгершілік! Өзі өмірден өтсе де, кейінгі ұрпағының жадына сіңіріп кетіпті қазақтың қарапайым бір азаматының жақсылығын. Соның арқасында Мұхтар мен Құрбан Самсы мен Кемердің арасын әлі талай жол қылатынына біз кәміл. Ұзағынан сүйіндірсін. «Адамға істеген жақсылығың да, жамандығың да кезі-кезінде алдыңнан шығады» деген тәмсілдің бір мысалы тура осындай-ақ болатын шығар. Рәтбек САҒИД-УАҺАС. Алматы облысы, Жамбыл ауданы. Суретте: Құрбан, Ержан және Мұхтар үшеуі Түркияның Кемер қаласындағы Ататүріктің ескерткіші алдында.