Алматы • Бүгін, 08:18

Алматыны аялай білейік!

14 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қашанда шаруасы шаш етектен болып жататын Алматы қала­сының Мемлекет басшысының пәрменімен қолға алынған «Таза Қазақ­стан» акциясын атқаруда үздіксіз белсенділік танытқанын дәйектейтін тірлік көп. Тазалықты өнеге, әдетке айналдыру бас­тамасына қала билігі жастарды, танымал спорт саңлақтарын, өнер жұлдыздарын да тартып, тынымсыз жұмыс жасады.

Алматыны аялай білейік!

Қала әкімдігінің бастамасымен акция басталған күннен «Алматы – ортақ үйіміз» науқаны қызу қолға алынды. Қалалық инфрақұрылымға ұқып­ты қарау, халық арасында азаматтық жауап­кершілікті насихаттау, тұр­ғындарды экологиялық мәде­ниетке тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған акция барысында қаланың барлық ауданында түрлі экологиялық іс-шаралар кеңінен өріс алды. Аудандық әкімдіктер мен коммуналдық қызметтер көшелерді, үйішілік аумақтарды, балалар мен спорт алаңдарын ретке келтірді. Жасыл аймақтарды – саябақтар, өзен-көлдер аумақтарын тазалауға ерекше мән берілді. Сондай-ақ мәдениет нысандарын, тарихи орындар мен ғимараттарды жинау, қалпына келтіру жұмыстары ұйымдастырылды. Коммуналдық қызмет қызметкерлері арасында түрлі номинациялар бойынша конкурс өткізілді.

«Алматы – ортақ үйіміз» нау­қаны аясындағы қалалық сенбілік комьюнити-орталықтарын да қамтыды. Жастар жыл бойы эколо­гиялық ахуалды жақсартуды көздейтін бастамаларға тұрақты түрде қатысты. Қалалық жастар саясаты басқармасының мәліметінше, 2024 жылдың басынан бері бұл орталықтарда 1500-ден астам іс-шара, оның ішінде дәрістер, семинарлар, эко-акциялар, интеллектуалдық ойындар, шеберлік сабақтары, акустикалық кештер, спорттық турнирлер өткен. Шараларға 375 мыңнан астам адам қатысқан, оның 27 мыңы – NEET санатындағы жастар.

Биылдан бастап әрбір комью­нити-орталықта елімізде жасалған фандоматтар, плас­тикалық бө­телкелер мен алюминий банкаларды жинау аппараттары орнатылды. «Plastic reboot» акциясы аясында комьюнити-орталықтар 1 тонна пластик қақпақ жинаған. Экологиялық акцияларды ұйымдастыруға мұрындық болып жүрген мекемелер Бауман тоғайын да тазалады. Бір сөзбен, қалалық коммуналдық қызмет саласы Алматыны қысқы маусымға дайындау жұмыстарын сәтті аяқтады.

Қыста қала тазалығын қамта­масыз етуге 841 арнайы техника мен 1 400 жұмысшы жұмылдырылады. Жұмыс тиімділігін арттыру мақ­са­тында «Алматы Тазалық» ком­муналдық кәсіп­орнының автопаркі 32 заманауи техникамен толықты. Санитарлық тазалық 2 318 көшені, жалпы ауданы 25,1 млн шаршы метр аумақты, ұзын­дығы 2 777 км болатын жолдарды қамтиды. Көше, жол желісін тазарту жұ­мыстарына 10 мердігер ұйым жауапты.

 

АЛМАТЫ