Архив қалай қатталады
Мемлекет тарапынан архив саласына ерекше көңіл бөлініп, 22 желтоқсан Архившілер күні болып жарияланғаны белгілі. Ел тарихын түгендеуде «Архив-2025» кешенді бағдарламасы іске қосылып, шетелдерден Қазақстан тарихына қатысты қаншама құнды құжаттар елімізге әкелінді. Қолға алынған іс-шаралар туралы айтылып та, жазылып та жүр.
Ұлттық архив қорларын жинақтау көздері ретінде еліміздің 285 ұйымы тіркелген, оның 144-і – елордада орналасқан Орталық мемлекеттік органдар. Сондықтан Ұлттық архив мамандары құжаттарды дұрыс сақтау ісінде оларға әдістемелік көмек көрсету үшін министрліктер мен ведомстволарға үнемі барып тұрады. Өйткені мемлекеттік ұйымдарда құжаттарды сақтау мерзімі – 15 жыл, одан кейін олар Ұлттық архивке беріледі. Ұлттық архив құрылғалы бері 18 жыл ішінде біздің мамандар ведомстволық құжаттарды сақтау талаптарын үнемі тексеріп келеді. Бұл өте маңызды мәселе, өйткені құжаттар «ауырып қалуы», «түрлі вирустар жұқтыруы» мүмкін. Бұған жол бермеу үшін қауіпсіздік жағдайларын, атап айтқанда, температура мен ылғалдылықты қамтамасыз ету қажет. Өкінішке қарай, кей мекемелерде бұл талаптар сақталмайды. Бір жерде қоймаға арналған тиісті орынжай белгіленбейді, енді бір ведомстволарда кадрлар тым жиі ауысады немесе тұрақты архившінің жоқтығы құжаттардың сақталуына кері әсерін тигізеді. Осы орайда айта кету керек, қазіргі таңда Ұлттық архив тұрақты сақтау мерзіміндегі құжаттардың үлгісі деуге әбден болады. Архивте заманауи тұрғыда жабдықталған 19 қойма бар. Ол сондай-ақ осындай ұқыптылықты өзінің жинақтау көздерінен, яғни мемлекеттік органдардан да талап етеді. Ұлттық архивте сараптамалық-тексеру комиссиясы (СТК) жұмыс істейді, бұл комиссияға жинақтау көздері – ұйымдар істер номенклатурасын, тізімдемелерді, құжаттарды жоюға арналған актілерді келісуге жібереді.
СТК-ге ұйымдардан келіп түскен материалдардан біз ведомстволық архившілердің өрескел қателіктерін жиі көреміз. Бұл жағдайда біз оларға құжаттарды қайтадан өңдеуге қайтарамыз. Әрине, қаншама күш, уақыт пен жүйке рәсуа болады, бірақ амал жоқ. Мұндай кемшіліктерді болашақта азайту үшін ведомстволық архившілерге арнап семинарлар ұйымдастырып, осы тақырыптарды талқылап отыруды дәстүрге айналдырғанбыз.
Ұлттық архив қорының құжаттарын сақтаудың басқа да мәселелері бар. Қазір ақылы қызметтер нарығында ғылыми-техникалық сараптаманы, мемлекеттік органдардың құжаттарын өңдеуді, кейіннен Ұлттық архивте сақтау үшін тапсыру жұмыстарын көбіне мамандандырылмаған компаниялар орындайды. Олар құжат түпнұсқаларының орнына көшірмелерді, беттері ретсіз немесе мүлдем жоқ, дұрыс тігілмеген істерді тұрақты сақтауға тапсыруға тырысады. Әрине, сапасыз өңделген құжаттарды Ұлттық архив сақтауға қабылдамайды, сондай-ақ қайта пысықтауға жібереді. Екінші жағынан, мемлекеттік органдардың өзінде архивтік құжаттардың барлық қоймасы талаптарға сәйкес келмейді. Мысалы, құжат сақтайтын бөлмеде терезелер болмауы керек, құжаттарға күн сәулесі түспеуге тиіс. Қажет болса, саңырауқұлақтар мен басқа аурулардан «емдеп», санитарлық өңдеу жүргізілуі шарт. Архившілер құжаттардың «сау» екеніне көз жеткізген кезде ғана оларды сақтауға алады. Дәл осындай жұмыс ведомстволық архивтерде де жүргізілуге тиіс, өйткені мемлекеттік органдардың архивінде жатқан 15 жыл ішінде құжаттар небір вирус жұқтыруы мүмкін.
Көбіне архившілер істер номенклатурасының маңыздылығын дұрыс түсінбейді, оған бекітілген ережелерге қайшы келетін әртүрлі әріптік және сандық мәндерді оңды-солды қоса береді. Бұл тәсілдің қауіптілігі мынада: біраз уақыттан кейін жұмысқа жаңа адамдар келгенде, дұрыс емес номенклатурасы бар құжаттарды архивтен табу мүмкін болмайды. Әрине, мұндай мәселелерді бір семинар аясында шешу мүмкін емес. Сондықтан Ұлттық архивте біліктілікті арттыру орталығы жұмыс істейді. Орталық құрылғалы еліміздің түкпір-түкпірінен 500-ге жуық архивші мен іс жүргізуші сертификат алды.
Құжаттар да қамқорлыққа зәру
Егер архив қызметкері өз бетінше ғылыми сараптама жүргізе алмаса, өз қолымен істі тіге алмаса, оны нағыз архивші деп санау қиын. Сондықтан біз ведомстволық архившілердің басын қосып, жиі-жиі практикалық сабақтар өткізіп тұрамыз. Семинарларда қандай құжаттарды сақтау керек, қайсысын сақтамау керек, құжаттарды қалай дұрыс қалыптастыру қажет, қалай тігу керек, соны көрсетеміз. Сол мақсатта Ұлттық архив пен ведомстволық архивтер арасында өзара тұрақты байланыс орнатамыз. Мемлекеттік органдардағы архившілер өз проблемаларымен өздері жалғыз қалмауы керек. Өйткені архивші мамандығы – бұл кәсіп, бұл жүректің таңдауы. Жалақының төмендігіне қарамастан, біздің мамандар бұл жұмысқа жан дүниесін салады.
Құжаттар да адам сияқты, олар да үнемі қамқорлыққа зәру. Сонымен қатар сақтау талаптары үнемі өзгеріп отырады. Кейбір құжаттарды қағазда сақтаудың қажеті жоқ, олардың басым бөлігі электронды форматта сақтауға ауыстырылады. Тіпті дамыған елдерде де маңызды құжаттарды тек электронды түрде сақтау туралы шешім қабылданған жоқ. Тұрақты сақтау мерзімі бар құжаттар әлі де қағазда электронды нұсқасымен бірге сақталады және оны өте мұқият қарау керек.
Бүгінгі тәжірибеде кез келген қызметтік құжаттың өмірі екі циклдан тұрады: Белсенді цикл (құжатты жасау, оны өңдеу, адресатқа жіберу, мекемеге түсу, оны қарау және орындау). Пассив цикл (орындалған құжатты есептен шығару және архивке беру, оны сақтау).
Қазір бизнес-үдерістерді талдауға және халықаралық стандарттар негізінде басқару функцияларын құжаттамалық қолдауды ұйымдастыруға үлкен мән беріледі. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қ.Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 13 сәуірдегі №872 «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократияландыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығында да айтылған. Онда мониторинг пен талдауды, оның ішінде мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін зерделей отырып және тиісті құқықтық актілердің қайта қаралуын қамтамасыз етіп, ішкі бизнес-процестерге кешенді реинжиниринг жүргізуді қамтамасыз ету жөнінде нақты келтірілген.
Сақтасаң сақталады
Қазіргі уақытта бұл бағытта Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті НҚА-ға өзгерістер енгізу бойынша үлкен жұмыс жүргізуде. Біз, архившілер, осы бағыттарға белсенді қатысып, ұсыныстар енгізуіміз керек. Бүгінде іс-қағаздарында жасалып жатқан нәрсе бірнеше онжылдықтан кешіктірмей архивке түседі. Сондықтан ведомстволық сақтау деңгейіндегі сапаға басты назар аударылуы қажет. Бұл құжаттардың толықтығы мен физикалық жай-күйі, сондай-ақ қажет болған жағдайда оларды емдеу, құжаттардың құндылығына уақтылы сараптама жүргізу мәселелері болмақ. Қазір барлық архивте электрондық құжаттар бойынша да мәселе бар. Егер ештеңе жасалмаса, қандай да стандарттауға тырыспаса және электрондық құжаттарды пайдалану мен сақтауды ретке келтірмесе, болашақта архивтер «электрондық археологиямен» айналысуға мәжбүр болады. Ал елдің тарихи жадында электронды құжаттар массасының жоғалуына байланысты алып бос кеңістік пайда болады деген қауіп туындайды.
Мекемелер шынайы, сенімді және қолдануға жарамды құжаттарды құруы және сақтауы, сондай-ақ осы құжаттардың тұтастығын қажетті уақыт ішінде қорғауы керек. Бұдан басқа, Ұлттық архив қоры еліміз үшін маңызы бар шетелдік мұрағат құжаттарымен толықтырылады. 2022 жылы «Архив-2025» кешенді жобасы аясында 14 мемлекетке барып, Қазақстан тарихына қатысты 7000 құжат әкелінді. Қазіргі таңда құжаттардың электрондық форматта сақталуын қамтамасыз ететін е-Архив ақпараттық жүйесінің жұмысын жандандыру бағытында біраз жұмыс жүргізіліп жатыр.
Біз бұл мақалада «Мемлекет маған не береді деп емес, мен мемлекетке не беремін» деген қағида тұрғысынан әрбір ведомстволық архивші мен архив қызметкерлерінің тікелей өздеріне қатысты факторларды қозғауға тырыстық. Иә, мемлекет архив ісін дамытуда көптеген шараны қабылдап жатыр. «Архив ісінің үздігі» төсбелгісін тағайындап, бүкіл саналы ғұмырын осы салаға арнаған шын мамандардың еңбегін бағалап келеді. Сондықтан біз де архив ісін ғылыми түрде дамытып, құжат айналымын бірізділікке түсіру жолында аянбай тер төгуіміз қажет.
Сағила Нұрланова,
Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің директоры