Музей • Бүгін, 08:30

Сингапур музейінің инновациялық әдістері

55 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Былтыр Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық Музейлер бірлестігінің 10 қызметкері Париждің Ұлттық ескерткіштер орталығында біліктілігін арттырды. Музейлер бірлестігіне Д.Қонаев музейін қосқанда тоғыз музей кіреді. Маған Сингапурдың Ғылыми орталығында біліктілікті арттыру бағдарламасына қатысу мәртебесі бұйырды.

Сингапур музейінің инновациялық әдістері

Біздің оқу Сингапурдың Ғы­лыми орталығында өтті. Біз тео­риялық бі­лім ғана емес, сонымен қатар тә­жірибелік дағдыларды да мең­гердік. Мәдениеттанушы Кеннет Хадсонның пікірінше, идеалды орталықтар – ғалымдардың қы­зығушылықтарын қанағаттан­дырып, қарапайым келушілер­дің назарын экспозицияның бар­­лық элементтеріне аударуды қам­тамасыз ететін орындар. Син­­гапур ғылыми орталығы уақыт­­пен тексерілген тәсілдері, жетіл­дірілетін озық технологияларымен ерекшеленеді.

Онда мектеп жасындағы ба­ла­ларға арналған білім бағ­­дар­­­ламаларына ерекше көңіл бөлі­­неді. Олар жарыс, фес­ти­валь­, ғылыми квест мен зерт­хана сияқты іс-шараға белсен­ді қа­тысады. Ғылыми ор­та­лық әр­түрлі табиғаттану ас­пекті­сіне ар­налған тақырып­тық ай­мақ­тарға бөлінген, мысалы, таби­ғи құбылыстар, энергетика, экология, тағы басқалар. Мы­салы, «Energy Titans» аймағы балаларды электр энергиясының әлеміне енгізеді: көрнекі эксперименттер мен интерактивті демонстрациялар олардың электр энергиясын жеткізу үдерісін түсінуіне көмектеседі. Мұнда орталық қыз­меткері балаларға физиканың негізгі қағидаттарын бақылатып, қыздыру шамына электр энергия­сын жеткізуді түсіндіре алады.

Балаларға арналған ғылыми орталықтың бір бөлімінде тамақ­тану мәдениеті туралы айтылады. Балалар өнімдерді өз бетімен таң­дап, сатып алуды, өлшеуді, төлеу­ді және тіпті тағам дайындауды үйренеді.

Мысалы, орталықта немесе му­зейде сабақ өткізгенде балалар еденге отырады – бұл жердің жа­қындығын білдіреді және таза­лыққа үйретеді. Сингапурда таза­лық – жай ереже емес, бала кезі­нен баулу әдет-ғұрпы. Бала­лар еденнің қай жерде болса да таза болуын түсінеді. Үкімет таза­лық­ты қолдау үшін мыңдаған қоқыс жәшіктерін орнатқан.

Музейдің негізгі міндеттерінің бірі – келушілерді тарту және қы­зықты тәжірибемен қамтамасыз ету. Сингапурда әрбір көрме ақ­парат беріп қана қоймай, келу­шілерді тарту үшін жобала­нады. Мәселен, ғарышқа арналған аймақ арнайы «Night vision» VR-көзілдіріктері арқылы келуші­лерге жұлдызды кеңістікті көру­ге, ғарыш кемесінде «болу­ға», эки­паждың жұмысын көру­ге, тіпті спутниктер мен пла­­не­таларды бақылауға мүм­кін­дік береді. Бұл ғарыш пен ғы­лымға қызығушылықты оятып, мамандық таңдауда шабыттандыруы мүмкін.

Осындай қызықты бағдарла­ма­ларда әрбір бала әлем мен өз елі туралы жаңа нәрсені аша алады. Мұндай интерактивті тәсіл­дерді бізге де енгізуге болады, мысалы, батырлар, билер, ше­­­­жіреге арналған музейлер құру арқылы. Бұл балаларға өз та­­­мыр­ларын тереңірек түсінуге, ата-бабаларының мәдениетімен та­нысуға мүмкіндік беріп, өз бас­таулары туралы біртұтас түсінік қалыптастыруға көмектеседі.

Батырларға арналған музейлерде балалар сауыт-сайман­дар­дың немесе ат әбзелдерінің эле­менттерін жинай алатын ин­терактивті экспозициялар құруға болады. Біздің жылқы мәдениеті мен ғарыш символикалық түрде байланысты: ата-бабаларымыз аспан денелері мен басқа табиғи бағдарларды басшылыққа алған. Сингапурда балаларды музейлер мен ғылыми орталықтарға осындай ойын әдістері арқылы тартуға үлкен көңіл бөлінеді, демек осындай бағдарламаларды дамытуға ынталанған жөн.

Музей мамандары ретін­де біз голограммалар, 3D-модель­дер, мультимедиялық құрыл­ғылармен таныстық. Бұл, әсіресе, инновациялық технологияларға оңай тартылатын өскелең ұр­пақ үшін маңызды. Мысалы, компьютерлік графика мен арнайы құрылғылардың көмегімен экс­понаттарды «тірілтіп, толық­тыруға» болады. Бұл келушілерге ерекше әсер сыйлайды. Мәселен, келушілер Дінмұхамед Қонаев­тың әйгілі асатаяғын қолдарын­да ұстап тұрғандай сезінуі мүм­кін. Немесе Дінмұхамед Ахметұлы мен Зухра Шәріпқызының қол ұстасып тұрған суретін елестетуге болады; толықтырылған шынайылық форматы арқылы келушілер «олардың жанына» тұрып, естелікке фото мен видеоға түсе алады.

Мұндай интерактивті элементтер экспозицияларды ес­те қаларлықтай етеді. Мыса­лы, тұт­қасынан атақты адам­дар­дың да­уысы дыбысталатын классикалық телефондарды енгізуге болады. Тұтқаны көтер­ген кезде келуші Дінмұхамед Ахметұлының өзі айтқан сөздерін немесе оның батасын естуі мүм­кін, бұл өте әсерлі, өйткені ақсақал­дардың батасы әрдайым құнды.

Біз ұлы адамдардың, Дінмұха­мед Ахметұлы Қонаевтың дәйек­сөз­дері мен ой-пікірлеріне негіз­делген авторлық экскурсияларды әзірлеп жатырмыз. Мысалы, «еңбек» сөзін атағанда, экранда еңбек туралы қанатты сөз шы­ғады. Интерактивті панельдер мен тапсырмаларды, мысалы, лазер немесе стилус көмегімен енгізу тарих пен мәдениетке назар аудартады. Мысалы, балалар Д.Қонаевтың басшылығымен құрылған қалалардың атауларын жинай алады немесе минералдар мен архитектура туралы біле алады. Бұл тәсіл ақпаратты есте сақтауға көмектесіп қана қоймай, сәулетші мен инженер мамандығына қызығушылық тудыруы мүмкін.

Сингапур мұражай жұмысы­ның инновациялық әдістері балалар мен ересектердің мәдениетке, экологияға және ғылыми білімге деген көзқарасын өзгерте алаты­нын айтқым келеді. Өзара іс-қи­мылға, практикаға және жеке тәжірибеге бағдарланған тәсіл­дер ғылым мен тарихқа деген қы­зығушылықты оятуға, қоршаған ортаны құрметтеуге, бәлкім өмір жолдарын анықтауға мүмкіндік береді.

 

Елена Кубашева,

мәдениет саласының үздігі