Театр • Бүгін, 08:33

Көзқарас майданы

73 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрын­да жазушы Төлен Әбдіктің «Пара­сат майданы» және «Оң қол» шығар­маларының желісімен қойылған режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Мир­ғалиеваның психологиялық драмасы­ның премьерасы өтті. Тәуелсіздік күні қар­саңында тұсауы кесілген туынды көрермен үшін тамаша тарту болды.

Көзқарас майданы

Жалпы, адам бойындағы қос­тұлғалық мәселесі – осы күнге дейін әдебиетте жан-жақ­ты қырынан қалам жеткен та­қырыптардың бірі. Ұлттық драматургияда да ұтымды тәжірибе үлгілері бар. Соның бірі де бірегейі – жазушы Оралхан Бөкейдің «Текетірес» драмасы. Ондағы Ақтан мен Қаратан тартысы да осы жақсылық пен жамандық, ізгілік пен зұлымдық арасындағы арпалыс пен айқас­тың, сол арқылы адамдар ара­сын­дағы қарым-қатынастың, түрлі мінез қайшылығы мен қақтығысын мінсіз мүсіндейді. Төлен Әбдік те «Парасат майданы» повесі арқылы парықты ойлар айтады. Мұхтар Мағауиннің «Жармағын» кезінде жата-жастана оқымаған оқырман сирек. Ал әлем әдебиетінде мұндай мысал­ көп. Себебі суреткелік өнердегі айтулы форманың қай жанр, қай үлгіде де ұтымды тұсы мол.

Осы ерекшелікті ескерсек, қай кезде де жаңашылдыққа жаны құштар, ойлы да терең тақырыптарға батыл баратын режиссер Гүлсина Мирғалиева «Парасат майданын» сахна тіліне көшіруді көздепті. Әрине, бұл жаңа­лығын алғаш естігенде біз ғана емес, тіпті автор­дың өзі таңырқағанын жасырмады. Оны премьера күні сахнаға көтерілген қаламгер де риясыз көңілімен ризашылығын жеткізіп тұрып жайып салды:

«Қойылымдағы режиссердің жаңашыл ізденістерін, сахна арқылы образға толы астарлы, бейнелі ой айта білгенін көріп, шын мәнінде, тәнті болып отырдым. Актерлердің ойынында да жасандылық жоқ, бәрі жанын салып шынайы рөл тудырып жүр. Осы үшін де театр ұжымына, премьераға жиналған баршаңызға  айтар алғысым шексіз.  Өздеріңіз де куә болғандай, сахнада сана­ға, ойға салмақ түсіретін күр­делі көріністер көп. Кейде тіпті қарапайым көрерменге түсі­нік­сіздеу де болуы мүмкін. Сон­дықтан менің бір ғана  айтарым, бұл қойылымға көрермен «Парасат майданын» оқып, алдын ала дайындалып келсе әсер бұдан да күштірек  болары сөзсіз», деді Төлен Әбдік.

Иә, шынымен де, адам міне­зінің түрлі қалтарысын тереңнен һәм жіті зерделеген психологиялық туынды көрушісінен де қырағылық пен сергектікті талап етері хақ. Өйткені «Парасат майданы» — адамның руха­ни биігіне жету жолындағы күресін бейне­лейтін, көрерменді ойландыратын, өмірдің шынайы мәнін іздеуге жетелейтін туынды. Әсіресе сахна көрген туындының табиға­тын терең танып, құндылығын ұғып, қаймағын қалқу үшін де парасаттылық ауадай қа­жет. Спектакльдің негізгі өзегі — адамның өз-өзімен күре­сі, қоғамдағы моральдық құнды­лықтардың жоғалуы һәм ақи­қат тереңіне үңілу. Ал басты кейіпкер — жалғыздық пен ішкі қай­шылықтың құрбанына айналған жан. Ол адамдар арасындағы әділетсіздікке қарсы үн қатып, қоғамның қатал жүйесіне қар­сы тұруға тырысады. Сол арқы­лы көрерменін рухани құнды­лықтар мен материалдық әлем­­нің қайшылықтары, адам бол­мысының күрделілігі, жақсылық пен жамандықтың аражігін ажырату мәселелері турасында ойландырады.

«Жазушы ағамыз Төлен Әбдіктің шығар­машылығы қай кезде де мені қызықтыра­тын. «Парасат майданын» қоюға кірі­суім сол құрметті одан сайын арттыра түсті. Мен бұл спектакль арқылы психикалық ауыт­қуы бар адамдардың өмірін емес, бүгінгі біздің қоғамның түрлі жағдайына да өзімнің азаматтық көзқарасымды біл­дір­гім келді. Себебі адам таби­ғаты қызық қой. Өзін саумын деп санайтын адамның ішінде де түрлі толқыныс пен бір-біріне қарама-қайшы  сан алуан мінез өмір сүреді, яғни адам болмысының өзі – түпсіз терең тұңғиық. Қалай десек те, психологиялық спектакль қоюдың өз қиындығы бар. Бірақ шығармашылық құрам менің ойымды толық түсінді. Соның арқасында аз ғана уақыт ішінде осы қойылымды өмірге әкелдік»,  деп ағынан ақтарылды қоюшы режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Мирғалиева.

Режиссер пікірімен біз де толықтай келісеміз. Бір-бірін тереңнен ұғысып, жіті түсініс­кен ұжым үздік ансамбльдік бірлікте жымдаса жүріп жақсы қойылымды жаратып шығыпты. Әсіресе басты рөлді сомдаған актер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуілов пен режиссер Гүлсина Мирғалиеваның тамаша тандемі спектакльдің негізгі жүгін кө­теріп, «Парасат майданының» көркемдік биікте бедерленуіне жол ашқан. Бұған дейін де Абай, Гамлет, Яго сынды түрлі терең кейіпкерлерді кемеліне келтіре кейіптеп жүрген актер осы жолы өзін нағыз психологиялық рөлдің хас шебері екенін көрсете білді. Бейне табиғатының толық ашылуына, сондай-ақ жармақ Бейтаныстың жартысын сомдаған жас актер Марғұлан Наменов шеберлігі мен сахна­дағы пластикалық еркін­дігі көңіл­ге құрмет орнықтырды. Әр рөліне қашанда үлкен жауап­кершілікпен келетін актер Нұр­кен бұл жолы да сол биі­гі­нен түскен жоқ. Бұл – сөзсіз қойы­лымның жеңісі.

Спектакльде параллель жү­ріп отыратын екін­ші желі – автордың «Оң қол» шығар­масындағы Алма мен дәрігердің оқиғасы. Бір аурухананың ішінде өрбіп жатқан қос оқиға һәм оның айналасындағы актерлер па­расат майданына түскен адам­ның ішкі жан дүние қатпар­ларын тереңнен толғады. Шыны­мен де, ұлы Мағжан айтпақ­шы, теңіз терең емес, адам­ның жаны терең екен. Ал ми­дың игерілмеген мүмкіндігі қанша­ма? Оның түбіне жету әсте мүм­кін емес. Сондықтан болса керек, өзге түгіл адам өзінің жан әлемінде болып жатқан түрлі құбылыстың жұмбағын шешуге әлі де қауқарсыз. Тұ­ла бойында тіршілік кешер түрлі мінездің табиғатын тану да кейде ақиқат ауылынан алыс көрінетіні бар. Бірақ қалай десек те, әрқайсысымыздың бойымыздағы бір-бірімен тартысып, текетіреске түсіп жататын «қостұлғалық синдромы» бүгін болмаса да әйтеуір бірде оянары анық. Мәселен, ішіміз жылап тұрып, сыртымыз өп-өтірік күлуі, болмаса кейде біліп-білмей бір пенделік әрекетке барып, соңында «мені шайтан азғырды» деп өзімізді ақтауға тырысатындығымыз да адам бойындағы жұмбағы шешілмеген осындай тылсым жағдайлардың салдары болса керек. Міне, мінездегі осы тектес түрлі құбылуды суреткерлік сана биігінде сараптауда режиссер табысты шешім таба білген. Арнайы кеңесші ретінде дәрігер-резидент психиатр маман Камила Жиренбаевамен бірлесе жұ­мыс істеуі де қойы­лым­ның шынайылығын, наным­дылығын арттырған. Сценог­рафия, жарық, музыка, пластика мен қостюмдер арқылы шешілген түрлі форма да өзінің символ мен метафораға толы бейнелі астарымен бірден өз атмосферасына елітіп алып кетеді. Жармақ кейіпкердің қостұлғалық табиғатын беруде табылған маскалық шешімдер, айна мен жарықтың, дыбыстың сәтті ойнатылуы да көрермен көңілін қозғамай қоймайды.

Барлап қарасаңыз, сахнада да анау айтты алып жи­һаз, аурухананың зілдей темір тө­сектері мен басқа да есепсіз бұйым­дары жоқ. Бірақ шартты­лықпен шешілген ұтқыр шешім­дер, минималистік безендірілу – мұның барлығы да спектакльдің көркемдік бояуын қалыңдатып, аткерлердің іштей терең ашылуына мүмкіндік берген. Алма бейнесінде қос құрамда өнер көрсеткен Еңлік Айымғазы мен Динара Егубаева, дәрігерлер – Нұрсұлтан Есен мен Заңғар Әбенов, анасын кейіптеген Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алтынай Нөгербек пен Жанар Қасымова, медбикелер – Айкөркем Тұранова мен Гау­хар Исмайылқызы ізденістерін де айрықша атап өткіміз келеді. Әсіресе пластикалық көркем қимылы мен психологиялық рөл сомдаудағы терең тебіренісімен ерекше есте қалған Алма бейнесіндегі Еңлік Айымғазы­ның рөл сараптаудағы сезімталдығы көрушісін әсерлендірмей қоймайды. Сол секілді өзін философ санайтын науқас – Гүлбаршын Қылышбай, профессор – Асхат Сұлтан, өзінің пайғамбар екеніне сенген кейіпкер – Дастан Әлім, өткенді іздеуші – Нұрбек Съезхан, Нұр­хан Қосанов, полиция қызметкері – Руслан Әлишев бейнелері –  көпшілік сахнада болса да қойылымның көркемдік сапасына сәтті қызмет еткен табысты рөлдер. Осы қатарда инсценировка авторы Мирас Әбіл,  сахна және кос­тюм суретшісі Шынар Елембева, жарық қою бойын­ша суретші Азамат Бекбембетов, хореограф Карина Жирембаева, дыбыс режиссері Ләззат Қыстықбаева еңбегі де қошеметке лайық.

Тоқетерін түйсек, екі күн қатарынан қос құрам ойынын салыстыра тамашалағандағы байқағанымыз – Ұлттық театрдың шығармашылық құрамы шын мәнінде бабында екен. Мазмұны терең, қойылуы қиын шығармалардың өзіне батылдықпен барып және содан табысты нәтиже көрсете білген талантты труппаға «Қошемет!» дейік ендеше!