Білім • Бүгін, 08:43

Ұлттық сана – ұрпақ еншісі

35 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ұрпаққа ізгілік пен рухани құндылықты сіңіру – тек ата-ананың емес, бүкіл қоғамның міндеті. Әуезовтің тілімен айтқанда, ең әуелі – бесікті түзеп, содан соңғы жерде балабақша мен мектепті және университетті бақылауға алсақ, мұратымыз орындалатынға ұқсайды. Үстірт қарағанда солай. Ал шындап келгенде, атаулы мәселе анағұрлым күрделі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай мінберінде: «Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс», деген еді. Сондықтан қоғам, уақыт өзгерді дегенмен, ұлттық тәрбиеден ажырамаған жөн.

Ұлттық сана – ұрпақ еншісі

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Жастардың көп уақыты ғалам­торда өтетінін ескерсек, елдік тәрбиені цифрлық платформалар арқылы сіңіру ұлттық сананы жаңғыртудың ең бір тиімді жолы болмақ. Мәселен, «Qonzhyq» мобильді қосымшасын әзірлеген Әйгерім Исатаева мен Әлия Сәрсенованы осы орайда үлгі етсек болады. Олар балаларға фольклорды қызықты форматта насихаттайтын жаңашыл жоба дайындаған.

«Бүкіл әлем цифрлық жүйеге көшуде, біз де соған ілестік. 250-ге жуық ертегі, 1 700 ән-күй және түрлі бесік жырын қосымшамызға енгіздік. Ойын форматындағы оқу бөлімі де бар. Жобамыздың ерекшелігі – пай­даланушыға ыңғайлы әрі қол­же­тімді. Ата-ана «Google» мен «YouTube-ті» шарлап, қажет дүниені іздеп отырмайды. Бәрі бір жүйеде. Қазір қосымшаның 150 мыңнан аса қолданушысы бар. Демек балалар фольклорды оқиды, тек қызықтыра білу керек және желіде қазақи кон­тент­ті барынша көбейтуіміз керек», деді Әйгерім Исатаева.

Ұлттық сананы тек заманауи технологиялар арқылы ғана емес, дәстүрлі әдістермен ұштастыру маңызды. Өйткені «Тәрбие – тал бесіктен». Осы жағынан келгенде, бар салмақ ата-анаға түседі. Себебі бала өнегені ең әуелі отбасында алады. Отбасында не көрді, не түйді – соны бойына сіңіреді. Бала тәрбиесінің маманы Елжас Ертайұлының айтуынша, қазір Х, Ү, Z секілді «Ұрпақтар теория­сы» деген түсінік көптеген көзқарасты түбегейлі өзгертті.  Дегенмен бұл біздің ұлттық тәрбиемізді толығымен жоққа шығармайды.

«Мысалы, педагогикада тікелей тәрбие және жанама тәрбие деген екі түрлі ұғым бар. Біріншісі, бала­ның айыбын бетіне баса отырып тәр­биелеу деген сөз. Қазір өкінішке қарай, біздің ата-аналардың көбісі, осы әдісті қолданады. Ал негізінен педагогикада ұсынылатын әдіс ол – жанама тәрбие. Мұнда бала өзінің тәрбиеленіп жатқанын тіпті сезбеуі керек. Яғни оның ешқандай жеке басына шабуыл жасамай, айыбын бетіне баспай, жай ғана бір әңгіме айта отырып, түсіндіру деген сөз. Енді қарап тұрсақ, біздің ертегі­леріміз, мақал-мәтелдеріміз, қисса-дастандарымыз, бәрі-бәрі – жанама тәрбиенің озық үлгісі. Шығар­мадағы кейіпкерлерге қарап, бала бой түзейді, жаманнан жиреніп, жақсыдан үлгі алады. Сондықтан осы секілді бала тәрбиесінде құнын жоғалтпайтын  әдістерді  қолданған жөн. Бірақ дәс­түрдің озығы бар, тозығы бар де­мекші, кейбір түсініктер мен тыйым­дарды қазіргі таңда қайта қарас­тыру керек. Соның бірі – тұңғыш баланың ата-әжеге берілуі. Бұрынғы отбасы құрылымында бір әулет бір ауылда тұратынын ескерсек, бала ресми түрде ата-әженің бала­­сы деп аталғанымен, ол өзінің әке-ше­­ше­сінен алшақтап кетпейтін еді. Ал қазір жаһанданған дәуірде ата-әже бір жақта, әке-шеше басқа жақта өмір сүріп жатыр. Араларында үл­кен арақашықтық бар.  Бұның бәрі анасының мейіріміне қанбай қалу, туған әкесінің жылуын көрмей өсу деген секілді мәселелерді туындатады. Кейін ата-әже о дүниелік болғанда бала екі ортада қалады. Өйткені өзінің әке-шешесімен эмоционалды байланыс орнамаған. Бұл – балаға психологиялық соққы. Одан бөлек, қазақ қоғамында жиі байқалатын «Ұл бала жыламайды» деген секілді ұғымдарды тозығы жеткен түсініктер қатарына жатқызамын», дейді Е.Ер­тайұлы.

Иә, бала отбасында тәрбиеленіп, мектепте қалыптасады. Ол жақтағы білім жүйесі, араласатын ортасы оқу­шы­ның негізін қалайды. Осы орайда мектеп тәрбиесі ұлттық тәрбиемен қалай ұштасып жатыр деген заңды сауал туындайтыны рас. Біз бұған жауап табу үшін Астана қаласындағы С.Мәуленов атындағы №37 мектеп директоры Гүлжан Дәрібайқызын сөзге тарттық.

«Мектебіміздегі «Ұлттық құнды­лық­тар» алаңы «Біртұтас тәрбие» бағ­дарламасының аясында жүзеге асырылып отыр. Яғни оқушылар үзіліс кезінде тоғызқұмалақ, бес асық сияқты ұлттық ойындарды ой­нап, домбырада күй шертіп, ұлт­тық киімдермен, тағамдармен танысуға, қолмен ұстап, көзбен көріп, санаға сіңірулеріне жағ­дай жасалған. Мектеп дәлізінде орна­ласқан осы аймақта балалар бір-бірімен емен-жарқын араласып, жақын танысып кететінін байқап жүрміз. «Пайдалы 10 минут» жобасында қазақ әндері насихатталып, оқушылар қазақ күйшілерінің шығармасымен танысады», дейді Гүлжан Дәрібайқызы.

Қазір «Ұлттық құндылықты дәріп­теу керек» деп ұрандатып сөйлей­тін­дер көп. Бірақ сөз бен істі бір ар­наға тоғыстырғандардың қатары аз.  Солар­дың бірі – «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебінің жетекшісі Тұрар Сәттарқызы.

«Бүгінде үкіметтік емес ұйымдар жанданып келеді. Соның ішінде қазақтілді ұйымдардың көбейіп келе жатқаны қуантады. Тек есеп үшін, көзбояушылық үшін емес, нақты нәти­жеге жұмыс істесе деймін. Көк туды желбіретіп, челлендж жа­сап, суретке түскеннен, патриотизм оянбайды. Біздің мақсатымыз – ұлттық құндылықтар дәріптелетін іс-шаралар арқылы ұлт рухын оятып, сөз бен істі бір арнаға тоғыстыру. Осы жылды қоры­тындылайтын болсақ, елорда балабақ­шаларында «Балаңды қазақша оқыт» атты ата-аналармен рухани-танымдық кездесулер, мектептерде «Ұлағатты ұрпақ», Жоғары оқу орындарында «Qazaq alemi»  атты жүздесулер ұйымдастырдық. Жас отбасылар арасында «Қазағымның дәстүрлері-ай», студенттер арасында «Шашбаулым» танымдық-этнографиялық сайысын өткіздік. Сондай-ақ белгілі этнодизайнер Тілек Сұлтанның  «Киелі кимешек» атты жеке көрмесін республикалық деңгейде тұңғыш рет Ұлттық музейде өткізіп, қазақ құндылығын ұлықтап, ұлт рухын асқақтаттық. Міне, дәл осындай тағылымды іс-шаралар арқылы біз жас ұрпақты ұлтымыздың асыл мұ­расымен таныстырып, олардың бойы­на ұлттық тәлім-тәрбиенің дәнін егеміз. Әрбір отбасында салт-дәстүрі­міз дәріптелсе, бала оны күнде көріп, өз болмысына сіңіріп өседі», дейді Т.Сәттарқызы.

Филология ғылымдарының док­торы, профессор Рақымжан Тұрыс­бектің айтуынша, тәрбие ісі – ел­дік мүдденің қайнар көзі. Ұлт ру­ханиятының мақ­таныш-шамшы­рақтары қалдырған даналық ойлар мен сырлы сөз мәйегі­нен де елдік мүдде, дәстүр мен дүние­таным, тәлім-тәрбие арналары айқын аңғарылады.

«Алаш ардағы Ж.Аймауытұлы «Ұлтты сүю» атты көсемсөзінде: «...Ұл­тын шын сүйіп, аянбай қызмет қыл­ған азаматы көп жұрт күшті, өнер­лі, білімді жұрт болып, күресте тең тү­сіп, басқаларға өзін елетіп отыр. Ұлт­ы үшін құрмет қылмай, бас қамын ой­лап жүрген азаматтардың елі арт­та қалып отыр... Қара халықтың мәде­ниетті болуынан, мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бас­тан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек», деп ұлт пен ұрпақ мәнін жіті айқындайды. Алайда осы күні ауыл өмірі мен қала тіршілігінде – тарихи сана мен тәлім-тәрбие бағыттарындағы жұмыс­тар жүйесінде бірізділік байқала бер­­мейді. Әсіресе жас ұрпақтың жауапкершілік жүгін жеңіл қабыл­дайтыны, жаңашыл көзқарас, еңбек­қорлық пен патриоттық сезімнің төмендігі жіті көрініс береді. Смарт­фонға тәуелділік артты. Оқу үдерісі төмендеді. Кітап, газет-журнал оқылмайды. Қысқасы, адам факторына қажетті даму үрдістеріне көлеңке түсіріп келеді. «Ұлтты сүю» миссия­сы көңілден шыға бермейді. Осы орайда, ұлттық сана – өзекті арна, елдік тәрбие – құндылықтар қайнары екендігі ойға оралады. Ағартушылық бағыт пен пассионарлық рух – ұлт азаттығы, еркін ел дамуының жарқын жолы. Жұрт ісі, ұрпақ болашағы, мәдени-рухани арналар – ұлттық сана мен тәрбие өзегін құрайды. Оның мәнісі: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» (Әл-Фараби),  «Адамзатқа қызмет етпей­тін білім – қатерлі» (Софокл), «Өмір ұзақтығымен өлшенбейді, маз­мұнымен өлшенеді» (Сенека) секіл­ді өмір-тәжірибеден алынған қағи­датты ойлар мен толғаныстар жауап­кершілік жүгін арттырады. Ендеше, тарихи санасы ашық, тәрбиесі толық ұрпақ – ел мерейі, ұлт жемісі», дейді Рақымжан Тұрысбек.