Мектеп • Бүгін, 08:45

Шалғайдағы мектептер қалай жаңарады?

24 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елімізде 8 мыңға тарта оқу ошағы бар. Соның 70 пайызға жуығы, анығы 5 247-сі – ауыл мектебі. Осы айдың басында өткен Үкімет отырысында айтылғандай, бүгінде үш ауысымда оқытатын мектептердің 57%-ы және апатты жағдайдағы мектептердің 76%-ы ауылда орналасқан. Осыдан да болар, ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығы әлі де үлкен. Үкімет бұл мәселені қалай шешпек?

Шалғайдағы мектептер қалай жаңарады?

Сурет: foto-planeta.com/

Оқу-ағарту министрлігінің дерегіне сүйенсек, ауыл мектептерінің әлеуетін да­мыту мақсатында 2023 жылдан бастап «Ауыл мектебі – сапа алаңы» респуб­ликалық жобасы іске асырылып жатыр. Алматы облысында 2023-2024 оқу жылында 50 мектепті қамтитын жаратылыстану-математикалық бағытындағы пәндер бо­йынша білім сапасын арттыру мақсатында «Білім-инновация» лицейлерінің тәжіри­бесіне негізделген жоба «Қазақстан халқы­на» қорының қаржылай қолдауымен қолға алынды. Ал Ақтөбе облысында 2023-2024 оқу жылында Оқу-ағарту министрлігі, облыс әкімдігі және «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры бірлесіп «Цифрлық технологияларды пайдалана отырып, ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасын жүзеге асырды. Жобаға 12 тірек және 134 шағын жинақты мектеп, 11 мыңнан аса білім алушы мен 3,5 мыңға жуық педа­гог қатысты. Жоба аясында тірек мек­тептерінің материалдық-техникалық база­сы толығымен жаңартылып, шағын жи­нақты мектептер пәндік және цифр­лық кабинеттермен жабдықталды. Мектептер жылдамдығы жоғары интер­нетпен қамтамасыз етілді. Жоба аясында жүргізілген кешенді жұмыстар шағын жинақты мектептердегі білім сапасының артуына ықпал етті. Бұл 6,8 және 10 сыныптардағы оқу үлгерімінің жақсарғанынан көрінді.

Осыған қатысты Оқу-ағарту министр­лігіне қарасты Орта білім комитеті тө­р­а­ғасының орынбасары Әлия Чокуше­ва да: «Оқу үдерісінде цифрлық шешім­дер, соның ішінде тірек мектептер оқы­тушылары озық технологияларды тиімді пайдалануды, оқушыға оңай жеткізуді жүзеге асырды. Жобаны іске асыру нәтижесінде мектептер онлайн-оқытуға арналған 155 жаңартылған цифрлық кабинеттер мен зертханалық жұмыстарды жүргізуге арналған ғылым кабинеттерін алды. Сондай-ақ 1000-нан аса педагог білім бағдарламалары бойынша оқудан өтті. Оқу жетістіктері мониторингінің нәтижелері оқушылардың барлық пән бойынша үлгерімінде оң динамиканы көрсетті», деп пікір білдірді.

Оқу-ағарту министрлігі ұлттық үйлес­тіруші ретінде ауыл мектептерінің даму стратегиясын әзірледі. Енді әкімдіктер стратегия негізінде жобаны масштабтау жұмыстарын кезең-кезеңімен іске асыруды қамтамасыз етуі қажет. Биыл жобаға Ақмола, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыс­тарындағы 10 тірек және 30 шағын жинақты мектеп тартылып жатыр. 2025 жылдың қаңтарынан бастап жобаға 17 өңірдің 192 тірек және 759 шағын жинақты мектебі қатысады. Ал үшінші кезеңде осы жобаға қалған шағын жинақты мектептердің барлығы толығымен қамты­луға тиіс.

Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданындағы Талдысай мектеп директорының орынбасары Әсел Ізбасарова жоба нәтижесінде оқушылардың сабаққа қызығушылығы айтарлықтай артқанын айтты.

«2023 жылы қыркүйек айынан бас­тап аталған жобамен біздің мектеп жұ­мыс жүргізді. 2023 жылы оқу ошағы «Цифрлық технологияларды пайдаланып, Ақтөбе облысының шағын жинақты ауылдық мектептерінің әлеуетін дамыту» қанатқақты жобасы аясында магниттік мектебі ретінде бекітілді. Сонымен қатар жоба аясында «Қазақстан халқына» және «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қорынан 2 кабинет жабдықталды. Оған қоса үш пән, яғни математика, химия, биология бойынша 5 мұғалім онлайн сабақ береді. Жобаға қатысатын мектептерге «BilimLand», «Daryn Online», Күнделік, «Roqed Science»,»TopIQ» секілді цифрлық білім беру платформалары қолдау көрсетіп отыр, пән мұғалімдері аталған платформаларды сабақ барысында қолданады. Бұл платформалардың бейнесабақтары мен құрастырылған тапсырмалары зертханалық жұмыстарды, сабақтарда демонстрацияларды көрсетуге өте ыңғайлы, сапалы жасалған. Оқушылар сабаққа аса қызығушылықпен қатысып, тапсырмаларды өзге мектептердің оқушыларымен жарыса орындап отырaды. Ауыл мектептері арасында бәсекелестік қалыптасты. Осы аз ғана уақыттың ішінде оқушылардың білім сапасына да оң септігін тигізді. Оқу жылының қорытындылары бойынша аталған пәндерден білім сапасында оң динамика байқалды. Жалпы, өткен жылмен салыстырғанда оқушылардың үлгерімі жақсара түсті», деді Ә.Ізбасарова.

Оның ойынша, кейбір ауыл мектеп­терінде интернет желісі нашар болатын, осы жоба шеңберінде көптеген ауыл сапалы интернет желісімен қамтылды. Бұл сәйкесінше оқушылардың өз бетімен заманауи білім алуына, білім сапасын арттыру үшін цифрлық технологияларды пайдалануға мол мүмкіндік берді. Аталған жобаның нәтижесінде ауыл мұғалімдері виртуалды мұғалімдерден көптеген тың мәлімет алып, әдіс-тәсілдерін бөлісіп, тәжірибе алмасуға мол мүмкіндіктер туғызды. Педагогтердің әрі қарай білімін терең жетілдіру мақсатында біліктілік арттыру курстары ұйымдастырылды. Бүгінде мектеп оқушылары мен ауыл мұғалімдері үшін де берері көп жобаның тиімділігі дәлелденді. Жоба ендігі жерде республика көлемінде жалғасын тапса, оқу жүйесінің дамуына жаңаша серпін әкеледі.

Алматы облысы Іле ауданының Байсерке аулындағы №28 мектеп-гимназиясында білім алатын 2 оқушының анасы Қымбат Бейсембаева мектепте кабинеттердің жаңаша жабдықталғаны білім сапасына әсер ететінін жеткізді.

«Ауылымыздағы мектепте 3-ші және 5-сыныпта екі балам оқиды. Биыл бала­ларым білім алатын оқу ошағында жаңа жобамен мектебіміздің жиһаздары жаңартылып, жөндеу жұмыстары жүр­гізілді. Физика, химия, математика, биология, география, информатика, жаратылыс­тану кабинеттері заманауи құралдармен жабдықталды. Интерактивті панельдер мен зертханалық жабдықтар орна­тылды. STEM зертханасы мен роботтех­ника кабинеті сынақтарға керекті гид­ро­поника зертханасымен, виртуал­ды шындық кабинеттерімен және басқа да түрлі кұралдармен, материалдар­мен жабдықталан. Информатика каби­неті заманауи технологияларға сәйкес компьютерлік техникалармен жаңар­тылды. Жаңадан парталар берілді. Бас­тауыш сыныпта оқушыларына арнайы киім шешетін жеке шкафтармен орнатылды. Дәлізге ыңғайлы, жайлы, жаңаша орындықтар қойылды. Бала­ларымыздың осындай жайлы жағдайда оқып жүргеніне ата-ана ретінде ерекше қуаныштымыз. Себебі оқушы білімді тек теориялық тұрғыда алмай, іс-тәжірибе жүзінде көзбен көріп, қолмен ұстап, терең түсініп, жан-жақты зерттеп алғаны жөн. Қазір мектепте практикалық жұмыстар көптеп жүргізіліп жатыр. Бұл – балаға құнды азық. Осының нәтижесінде оқушылардың оқу үлгерімі жақсарады», деді ата-ана Қ.Бейсембаева.