Энергетика • Бүгін, 08:58

Энергетика саласындағы елеулі өзгерістер

22 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елдің экономикалық белсенділігі жоғарылаған сайын электр энергиясына сұраныс та арта түсетіні белгілі. Биыл Үкімет дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздерін теңгерімді дамыту бағытында маңызды қадамдар жасады.

Энергетика саласындағы елеулі өзгерістер

Үкіметтің ресми ақпараттық ресурсы таратқан мәліметке сүйен­сек, Энергетика министрлігі­нің «Жылу-электр энергетикасын дамыту» бюджеттік бағдарламасы аясында республикалық бюд­жеттен 14 жобаны іске асыруға 58,3 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар қайтарымды инвестициялар­дың жылдық лимиті 32 млрд теңге­ден 428 млрд теңгеге дейін ұлғайтыл­ды. Бұл жұмыс істеп тұрған энергия өндіруші ұйымдарға негізгі жабдықты жаңғырту, кеңейту және реконструкциялау жөніндегі жобалар пулын кеңейтуге мүмкіндік берді.

Былтыр қарашада «Қазақстан БЭЖ Батыс аймағының электр желісін күшейту» жобасы сәтті іске асырылды, оның шеңберінде «Батыс Қазақстан энергия торабы – Атырау – Маңғыстау» бағыты бо­йынша ұзындығы 780 км бола­тын 220 кВ электр беру желісі (ЭБЖ) салынды.

2028 жылдың соңына дейін Батыс аймақтың электр желіле­рін Бірыңғай электр энергетикалық жүйемен біріктіру жобасы іске асырылады, ол үшін Ақтөбе, Атырау облыстарын жалғайтын ұзынды­­ғы 604 км болатын 500 кВ ЭБЖ са­лынады. Қазіргі уақытта жоба­лау-сметалық құжаттама әзірле­ніп жатыр, құрылыс-монтаждау жұ­мыстары 2025 жылы бастала­ды. Сонымен қатар еліміздің солтүс­­тік және оңтүстік өңірлері арасын­дағы байланысты одан әрі күшей­ту, сондай-ақ транзиттік әлеует­ті арттыру үшін кернеуі +/-500 кВ «Солтүстік-Оңтүстік» тұрақты ток желілерін салу жоспарла­нып отыр. Биыл Екібастұз 1-ГРЭС-те қуаты 500 МВт жаңа генерацияланатын бірінші энерго­блок желіге қосылды, жыл соңына дейін Атырау ЖЭО-да тағы 65 МВт, сондай-ақ 2025 жылы Топар ГРЭС-те 130 МВт іске қосылады деп жоспарланған.

пр

Қолданыстағы электр стансаларын реконструкциялау және ке­ңейту есебінен қосымша 5,6 ГВт іске қосылады, оның ішінде 2024 жылы министрлік энергия өндіруші ұйымдармен жалпы қуаты 1,4 ГВт болатын 13 инвестициялық келісім жасасты.

Бүгінде Түркістан, Қызылорда облыстарында, Ұлытау облысы мен Алматыда іске асырылатын жал­пы қуаты шамамен 1,8 ГВт бола­тын бу-газ қондырғыларының төрт ірі жобасы негізінде құрылыс жұмы­сы жүргізіліп жатыр, олардың аяқ­талу мерзімі 2026 жылға жоспарлан­ған.

Үкіметаралық келісім шең­берінде стратегиялық инвес­тор­лардың қатысуымен қуаты 2 ГВт ауқымды жобалар пысықталып жатыр. Мәселен Қатармен үкі­метаралық келісім шеңберін­де Қызылорда облысында қуаты 1100 МВт бу-газ қондырғысын (БГҚ) салу жоспарланып отыр, оның аяқталу мерзімі – 2029 жыл. Тағы бір үкіметаралық келісім – Ресеймен Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында көмір генерациясы базасында жаңа жылу электр орталықтарын (ЖЭО) са­лу­ға бағытталған.

Жылумен жабдықтау желі­ле­рінде биылға жоспарланған 542 км-ді жөндеу және реконструк­циялау толық көлемде орындалды. Уақытылы жүргізілген жұмыс­тың арқасында жылыту кезеңін кедергісіз бастауға және оны ірі технологиялық ақаусыз жү­зеге асыруға мүмкіндік туды.

Биылға арналған мұнай өн­діру жоспары 90,3 млн тоннаны құрайды. Өткен 11 ай қоры­тындысына сәйкес мұнай өндіру 80,5 млн тонна, бұл жоспардан 1,8 млн тоннаға аз. Қаңтар-қарашада мұнай өңдеу көлемі 16,7 млн тоннаны құрады, бұл жоспардың 102%-ы. Жалпы жылдың қорытынды­сы­на сәйкес мұнай өңдеу көлемі 17,9 млн тоннаға дейін ұлғаяды деп күтілуде, бұл өткен жылмен салыстырған­да 1,1%-ға артық.

Қазірде елімізде табиғи газ өн­діру деңгейі жылына 55 млрд м3 астам. 2030 жылға қарай газ өн­діру деңгейі 86,5 млрд м3 жетеді деп болжанып отыр. Негізгі газ кен орындары – Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ. Сондай-ақ газдың ресурстық базасын ұлғай­ту мақсатында Анабай және Шы­ғыс Өріктау, Рожковское сияқ­ты жаңа кен орындары бел­сен­ді да­мып келеді. Таяу келешекте Батыс Прорва, Орталық Өріктау, Барханная (2025–2026 жылдар ке­зеңінде) кен орында­рын іске ­қосу жоспарланған, олар­дың жиын­­тық алынатын қорлары ­50 млрд ­м3-тен асады.

Елімізде тауарлық газдың ре­сурстық базасын ұлғайту мақ­са­тында газ саласын дамытуды жал­ғастыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Атырау облысында қуаты жылына 1 млрд м3 газ өңдейтін зауыт салынып жатыр, ол Қашаған кен орнының шикізатында жұмыс істейтін болады. Бұдан басқа, 2030 жылға қарай Қашаған кен орнын игеру шеңберінде қуаты жылына 2,5 млрд м3 газ өңдеу зауытының құрылысы жобасын іске асыру көзделген. Бұл жобаларды жүзеге асыруға қатарлық инвестор тартылды.

Жаңаөзен қаласында ескі Қазақ газ өңдеу зауытының базасында қуаты жылына 900 млн м3 жаңа зауыт салынып жатыр. Қарашығанақ кен орнында қуаты жылына 4 млрд м3 газ өңдеу зауытын салу жөнінде келіссөз жүргізіліп, ол 2030 жылдан кешіктірілмей пайдалануға берілуге тиіс. Осы жобалардың барлығын іске асыру 2030 жылға қарай тауарлық газ өндірісін жылына 31 млрд м3-ке дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Парламент Мәжілісі депу­тат­тарының бастамасымен газды түпкілікті тұтынушылардың жа­уапкершілігін арттыруға бағыт­талған түзетулерді қамтитын заң жобасы ұсынылады. Атап айт­қанда, газды есепке алуды цифр­ландыру және белгіленген тұтыну нормаларынан асып кеткеніне нормативтен тыс коэффициенттерді қолдану сияқты ұқыпты тұтыну тетіктері енгізіліп отыр.

Бұдан басқа, заң жобасында елді газдандыруға республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат шең­берінде салынып жатқан объек­тілердің сапасын жақсартуға ба­ғытталған нормалар көзделген.

Табиғи газды мотор отыны ре­тінде пайдалануды кеңейту ша­ра­лары жаңа автокөлік газ толтыру компрессорлық станса (АГТКС) салуды және табиғи газға арнал­ған маршруттық автобустарды жаңартуды көздейтін 2024–2027 жылдарға арналған Жол картасын жасауды қамтиды.

Сондай-ақ Шымкент пен Ба­тыс Қазақстан облысында атау­лы әлеу­меттік және тұрғын үй кө­мегін алушыларға тауарлық газ­ға жеңілдіктер беруге пайдала­нылатын «Әлеуметтік әмиян» қанатқақты жобасы іске қосыл­ды. Бұл жоба газға же­ңілдіктер беру жүйесін ке­ңей­туге және автоматтандыруға, сон­дай-ақ мұқ­таждар үшін отын­ның қол­же­тімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Үкіметаралық уағдаластық­тар шеңберінде Энергетика министрлігі «Самұрық Қазы­на» ҰӘҚ» АҚ-мен бірлесіп ЖЭК жобаларын іске асы­руға кірісті. Сонымен қатар Қытай Халық Республикасымен ЖЭК саласындағы жобаларды іске асыру жөніндегі үкіметаралық ке­лісімге қол қойылды, оның аясында жалпы қуаты 1,8 ГВт ЖЭК объектіле­рін салу жоспарланып отыр.

Атом генерациясын құру жос­­парларын іске асыру және 2060 жылға қарай көміртегі бей­та­­рап­­тығына қол жеткізу міндеті ­тұр­­ғысында биыл 6 қазанда рес­пуб­ликалық референдум өткізі­ліп, онда азаматтардың көпші­лігі АЭС салу бастамасын қолдаға­ны белгілі. Қазіргі уақытта Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылының маңында 2-ден 2,8 ГВт-қа дейінгі атом электр стан­сасының құрылысы қаралу­да, сондай-ақ ядролық техноло­гия­ның әлеуетті жеткізушілері­мен келіссөз жүргізіліп жатыр. ­Жа­ңар­тылатын, баламалы энер­гия көздерін және газ генерация­­сын енгізу электр энергиясын тұты­ну көлеміндегі көмір генерациясы­­ның үлесін айтарлықтай төменде­туге мүмкіндік береді. Осылай­ша, 2035 жылға қарай көміртекті оф­сет­­ке жылына 44 млн тонна СО2 деңге­йіне қол жеткізу жос­парланған.

Барлық энергия көздері қа­лыпты жұмыс істеп тұр, жылыту маусымы тұрақты. Іске асырылып жатқан жобалар бастапқы ресурс­тармен жеткілікті көлемде қам­тамасыз етілген.