Жыл басынан бері мұндай мазмұндағы акциялар қаланың барлық ауданында ұйымдастырылып келеді. Жергілікті полиция, еріктілер, үкіметтік емес ұйым мүшелері бірігіп, қоғамдық орындардағы есірткі жарнамаларын бояуға жиі шығып тұрады. Колледж студенттерімен де бірнеше мәрте кездесу ұйымдастырылған. Бүгінде Астана қаласы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қаладағы 5 аудандық әкімдікпен бірге 40-тан аса қабырғаны нашақорлыққа қарсы графитимен бояған. Ұйымдастырушылар акция мақсатын тыйым салынған заттардың жарнамасын жою және саламатты өмір салтын насихаттаумен байланыстырды. Бұл – жастар арасында нашақорлықтың алдын алудағы маңызды қадам.
Осы жолы акцияны Астана қаласы «Байқоңыр» ауданы әкімдігінің аппараты, Жергілікті полиция қызметі басқармасы, Астана қаласы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен қоса, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының волонтерлері бірге өткізген. Мысалы, есірткі жарнамаларын өшіруге достарымен бірге келген ерікті Даниял Келгенбаев нашақорлыққа қарсы акцияларға қала жастарының амандығы, саулығы үшін жиі шығып тұратынын айтады.
– Өзім – «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының волонтерімін. Волентер болған соң, қоғамдық жұмыстарға араласып, көпшілікке қолғабыс ету – біздің жұмысымыздың бір бағыты. Бүгін Полиция басқармасының қызметкерлерімен бірге есірткі заттарының жарнамалары қалған қабырғаларды бояуға шықтық. Елдің ертеңі – біздің замандастар болған соң, олардың саламатты өмір салтын ұстануы жарқын болашақ кепілі деп білемін. Сондықтан мұндай акцияларға бірнеше мәрте шықтық. «Астана – есірткісіз қала». Осы сөзді біз сияқты жастар ұран етсе, зиянды заттардан аулақ болса, қаланы ластамаса, қабырғаларды бүлдірмесе дейміз, – дейді Д.Келгенбаев.
Акцияға бір кісідей үлес қосқан тараптар игі бастамаларды үзбей жалғастыруды жоспарлап отырғанын айтты. Осылайша, ақпараттық-ағартушылық жұмысты күшейтіп, жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырмақ ниетте. Бұл ретте қоғам дертіне айналған нашақорлықпен күрес жұмыстары жан-жақты жүргізілетінін айта кеткеніміз жөн. Есірткі заттарын тарататындар әлеуметтік желінің көмегін жиі пайдаланған соң, психологиялық және құқықтық сауаттылықты арттыру да аса маңызды бағыттардың бірі саналады. Ақпарат үшін айтар болсақ, жыл басынан бері Астанада есірткі айналымына қатысты 407 қылмыстық іс қозғалса, оның ішінде 285 жағдай есірткі затын сатумен байланысты болған екен.