04 Ақпан, 2015

Жағдай қалай?

344 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Ресей рублінің соңғы уақыттардағы құлдырауы Қазақстанның осы елмен шекаралас өңірлері үшін белгілі бір дәрежеде қиындықтар да туындатып отыр. Өйткені, көрші елдің арзан тауарлары елімізге ағылып, оның өзі отандық тауар өндірушілердің өз өнімдерін өткізулеріне кедергілер келтіруде. Осыған орай шекаралас өңірлердегі қазіргі жағдайдың қандай екенін нақты білу үшін газет тілшілеріне тапсырма берілген болатын. Төменде Ресеймен шектесетін облыстардан жазылған материалдардың бір тобы оқырмандар назарына ұсынылып отыр.  

Петропавлдан – Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан».

Ресей рублінің девальвацияға ұшырауына байланысты солтүстік­қазақстандық тауар өндірушілер мен тұтынушылардың ырғын пайда көріп жатқандары да, белшеден шығынға батқандары да баршылық. Былтыр бір рубльдің теңгеге шаққандағы бағамы 4,7-4,8 болса, жаңа жыл алдында екі есеге дейін құлдырауы талайлардың тасын өрге домалатқаны да, еңсесін төмен түсіргені де рас. Редакцияның арнайы тапсырмасына орай автосалондарды аралап шыққанда қазақстандық автокөліктерді сатумен айналысатын «Бипек» ЖШС-дегі отандық өнімдердің бағасы шетелдік «Mitsubishi Motors» компаниясымен теңесіп қалғанын аңғардық. Біз негізінен Ресейден әкелінген автомобиль көліктерін Қазақстан нарығына ұсынумен айналысамыз. Қазір саудамыз дөңгелеп тұр. Өйткені, рубльдің құлдырауы салдарынан импорт тауарларының бағасы біршама арзандап, сұраныс тудырып отыр, дейді ресейлік автосалонның менеджері Константин Степаненко. Оның бұл уәжін жергілікті бизнес өкілдері де жоққа шығармайды. Мәселен, «Мәмбетов және К» КС-нің бас директоры Еркебұлан Мәмбетовтің айтуынша, рубльдің құнсыздануынан кәсіпкерлер айтарлықтай зиян шегіп отырған жайы бар. Ресейдің бірқатар облыстары бізбен шекаралас болғандықтан, оның үстіне біртұтас экономикалық кеңістікте өмір сүріп отырғандықтан, бір-бірімізге деген тәуелділік сипаттан арыла қойған жоқпыз. Бүгінде бір рубльдің теңгеге шаққандағы бағамы – 2,62. Сауда орындарын көрші елден арзан тауарлар мен тұрмыстық бұйымдардың, азық-түлік түрлерінің қаптап кетуі салдарынан кейбір жергілікті кәсіпорындар жұмыстарын уақытша кідіртуге мәжбүр. Осы орайда облыстық әкімдіктің меморандумдар қабылдап, әлеуметтік мәселелерге қатысты шешімдер қабылдауы құптарлық, дейді ол. «Дайындық» серіктестігінің жетекшісі Біржан Шаймерденов Түмен облысынан 300 бас ірі қара сатып алыпты. Бұрындары бір бас малды 125 мың теңгеден әкелсе, бұл жолы 75 мың теңгеден айналыпты. Алайда, ұлттық мүддені бірінші орынға қоятын азамат, тұтастай алғанда, мұндай ахуал мемлекетке, халыққа, шағын және орта бизнес өкілдеріне айтарлықтай теріс әсер етіп отырғанына алаң­даушылығын жасырмайды. Ет өнімдерін ұқсатумен көп жылдан бері шұғылданып келе жатқан «Фрегат» ЖШС «Докторский» шұжығының бір килосын 950-1000 теңгеден сатып келсе, енді 650-600 теңгеге дейін арзандатуға тура келген. Басты себебі, импорттық ет өнімдерінің «қолжетімділігі» жергілікті өнімдерді сауда орындарынан ығыстыра бастаған. Соның салдарынан өндірілетін өнім көлемі де қысқарған. «Петропавл кондитер» кәсіпорны Ресей, Моңғолия елдеріне бір айда 70 тоннаға жуық кондитер өнімдерін жөнелтіп келсе, бұдан былай экспорттың қысқаруына Ресей рублінің құлдырауы кері әсер еткен көрінеді. Десек те, солтүстікқазақстандық тауар өндірушілер мен тұты­ну­шылар 1 қаңтардан бастап күшіне енген Еуразиялық экономикалық одақтан үлкен үмітті екендіктерін, жағдайдың әлі жақсаратынын жасырмайды.

Ақтөбеден – Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан».

Біздің облыстың Ресеймен ортақ шекарасы  1 мың шақырымға жуықтайды. Яғни, көршілермен көлік қатынасы жақсы дамыған, барыс-келіске ыңғайлы. Соған қарамастан соңғы кездегі Ресей рублі бағамының түсіп кетуінің салдары бізге де әсері бола ма деген қауіп тудырғаны шындық. Шыны керек, бастапқыда облыс тұрғындарының арасында  Ресейден арзан автокөлік сатып алып келуге әуестенушілік болды. Бірақ, бұл құбылыс жаппай етек алып кетті деуге келіңкіремейді. Мұндай жекелеген адамдардың іш жақтан автокөлік әкеліп, үстеме баға қосып сатушылығы бұрын да болған. Арзан автокөлік ағыны бәсеңдей бастады. Бұған отандық автокөлік өткізушілердің сатып алушыларға тиімді жолдарды ұсынуы да себеп болуда деу орынды. Қазір автокөліктерді несиеге беру жолға қойылған. Бастапқыда отандық автокөліктерді өткізуде сәл кідіріс болғанымен қазір қалыпты жағдайға түсті. Сондай-ақ, көршілерден арзан азық-түлік ағылып келуде дегенге де негіз жоқ. Облыстық кәсіпкерлік басқармасы сауда бөлімінің басшысы Бақытбек Мұхамбетованың айтуынша, әлеуметтік маңызға ие 33 түрлі азық-түліктің бағасы тұрақты ұсталуда. Ресейден ағылып келіп жатқан арзан азық-түлік те көрінбейді. Бұған сауда орындарымен бұрыннан қалыптасқан жүйе де алғышарт жасауда. Базарлар мен дүкен сөрелерінде азық-түлік ассортиментінде  де, бағаларында да аса бір өзгеріс байқалмайды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аян Ықыластың мәлім­деуінше, өңірдегі азық-түлік нарығы тұрақты. Ауыл­шаруа­шылық тауарларын өндірушілер облыс нарығын өз өнімдерімізбен қамтамасыз етудің қадамдарын жасауда. Еттің, жұмыртқаның бағасын түсіріп, нарықты ұстап қалуға ұмтылуда. Рас, сырттан көкөніс келіп жатқан көрінеді. Картоптың бағасы 80 теңгеге дейін арзандаған. Облыстық бағаны тұрақтандыру қорындағы көкөністің өтуі сәл  баяулаған. Бұл соншалықты дабыл қағарлық жағдай болмаса керек. Алайда,  тұтынушылар үшін тиімді болып отыр. Тұрмыстық тауарлар мен құрылыс материалдарының арзан бағамен жеткізілуінен қашқақтаудың жөні жоқ. Қайта халық тұтынатын тауарлар бағасы арзандап, ақтөбеліктердің сатып алу мүмкіндігі молая түскенін аңғаруға болады.  Облыста Ресей рублінің құнсыздануына байланысты алаңдатарлық жағдай туындап отырған жоқ. Әзірге баға да, нарық та бақылауда ұсталуда.

Оралдан – Темір құсайын, «Егемен Қазақстан».

Ресей рублінің соңғы уақытта екі есеге дейін құнсыздануы республикадағы шекаралас облыс  тұрғындарының көршілес мемлекеттен арзан тауарлар тасымалдау үрдісін үдетіп жіберді. Түсінуге болады. Бір жағынан мұның өзі табиғи жәйт. Өйткені, қарапайым тұтынушы қай жерде баға төмен, сол жерден өзіне қажеттісін түгендей алады. Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуразиялық экономикалық одақ өз қызметін бастауына байланысты қазіргі кезде кедендік шектеулер алынып тасталған. Шекарадан тауар алып өту барысында ешқандай кедергі кездеспейді. Көршілес мемлекеттер арасында тауар өткізу кезінде қосымша құн салығы алынбайды. Биылғы жыл басында қа­лып­тасқан көршілес мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарға байланыс­ты батысқазақстандықтар арасында әртүрлі ой-пікірлер айтылуда. Мысалы, тілшілер қосынына телефон шалған Орал қаласының тұрғыны Ғазиза Асылбекова Ресейдегі қазіргі күрделі қаржылық ахуалды пайдаланып біздегі тауар тасымалдаушылар о жақтан бағалары өзімізбен салыстырғанда екі-үш есе арзан дүниелерді жеткізіп жатыр. Енді соны неге өз отандас­тарына көтеріп ұсынады. Бағаны неге түсірмейді деп қынжылыс білдірсе, екінші бір ел азаматы Бекболат Лұқпанов көршілерден арзан тауар тасу – отандық өндірісшілердің аяғына тұсау салатын, ешқандай да бәрекелді деуге мүлдем келе қоймайтын қауіпті құбылыс екенін айтты. Сондай-ақ, Ресей мен Қазақстан арасында тауарлар жабдықтау мәселелерімен айналысып жүрген аймақтық менеджерлердің бірі Сансызбай Сатаев қазір Ресейде баға сәл-пәл көтерілгенімен мұның өзі көрші мемлекеттен тасымалданатын тауарлар ағынын төмендетуге, көтерме сауда арқылы жет­кізілген тауарлар ағынын азай­туға айтарлықтай әсер етіп отыр­мағаны жөнінде ой қорытты. Оның ойынша отаншылдық сезім мен қазақстандық патриотизмнің дәл қажет жері осында. Дұрыс-ақ.  Қазір олар бұл жөнінде отандық тауар бағасын икемді түрге келтіру және бәсекелестікке қабілеттілікті көтеру жөнінде белгілі бір іс-шаралар шоғырын ойластырып отыр екен. Соның бірі – акциялар ұйымдастыру болып отыр. Соған сәйкес сатып алынған бір дана тауарға, екіншісін тегін қосып беру тәсілі жүзеге асырылған. Тілшіге берілген тығыз тапсырмаға орай журналистік сауалдамаларға үн қосушылардың бірқатары елдік шекаралас өңірлеріндегі тауарлар бағасы Ресеймен салыстырғанда жоғары болғандықтан оны экспортқа шығару да оңай бола қоймайтынын жеткізді. Сондықтан да шекаралас өңірлердегі шағын және орта бизнес өкілдері қазіргі уақытша арзан тауарға малданып қалмай, өз өндірістерін жүргізудегі оңтайлы тетіктерді ойластыруы керек деген тұрғыдағы тұжырымдарын жеткізді.

Өскеменнен – Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан».

Ресей Федерациясымен қоңсы қонған Шығыс өңірінің кәсіп­кер­лері үшін көрші елдегі рубль бағамының төмендеуі жағымды әсер ете қойған жоқ. Қазіргі кезде облыстық кәсіпкерлік және ин­дустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, «Азия Авто», «Кэмонт», «Өске­мен арматура зауыты», «Өске­мен құс фабрикасы» сынды ірі кә­сіп­орындар шығаратын өнімдердің өтімділігі төмендей бастады. Ресей­лік өндірушілердің арзан өнім­­дері шығысқазақстандық нарық­қа ене бастағалы отандық кәсі­п­орын­дар өнім көлемін төмен­дет­песе де, сұраныстың азаюын бастан өткеруде. Облыс орталығында ресей­лік көліктердің көптеп жүйт­ки бастағанынан-ақ орын алған жағдайдың отандық автоөндіру­ші­лерге оңай соқпай тұрғанын аңдауға болады. Мәселен, өске­мен­дік Берік Исаев жуырда Бар­наулдан жаңа көлік сатып алды. Оның айтуынша, ондағы баға 30-35 пайызға дейін арзан. Бұл – біздің тұтынушыларға тиімді болғанымен, отандық өндірушілер үшін кері әсерін тигізіп отыр. Оның үстіне қомақты қаржы да өзге елдің экономикалық айналымын қамтамасыз етеді. Осы орайда облыстық ішкі істер департаментіне хабарласқанымызда, автокө­лік­те­р­ді тіркеу бөлімі осыған дейін заңды және жеке тұлғалар әкелген көлікті бірге санағандықтан, сондай-ақ 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін қосымша құн салығы төленген кө­ліктер салық басқармасында тір­келгендіктен, Ресейден қанша көлік келгенін анықтау мүмкін бол­май отырғанын жеткізді. Деген­мен, екі ел арасындағы көлік са­тылымының бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жеткенін автодилерлер растайды. Жалпы, Өскеменнен Ресейдегі Алтай аймағының орталығы Бар­наул қаласына дейін 507 шақырым, Шығыс Қазақстанның Бородулиха ауданының орталығынан Ресейдің Рубцовск қаласына дейін 103 шақырым жол жүретіндіктен, өңірдің кейбір тұрғындары тұрмыстық техникаларға дейін көрші елден сатып алуда. Ресеймен шекарада орналасқан Шемонайха ауданының әкімі Амангелді Тоқтаровтың айтуынша, көрші елден ет өнімдерінің көптеп келуі мұндағы ауыл шаруашылығы өндірушілеріне сын болып тұр. Ресейлік еттің бағасы бізден 30-35 пайызға дейін арзан. Осы орайда Шемонайхада агросектор саласының күш бірік­тіруімен муниципальды сауда орындары құрылу үстінде екен. Бұл – қысылтаяң жағдайдың алдын алуға септеспек. Шығысқазақстандық кәсіп­кер­лер осы орайда Еуразиялық эко­номикалық одақ аясындағы мемлекетаралық келісімдер арқы­лы аталған мәселелердің оң шеші­мін тауып, екі жаққа да тиімді сауда қатынастарының орнауынан үміт күтіп отыр.