«Алтын қалам» байқауынан қанаттанған қаншама ақын-жазушылар оқырманға танылып, топжарған туындылар ұлт әдебиетінің озық шығармаларының қатарына қосылып келеді. Еліміздің жас дарындары мен жаңа есімдерін қалың жұртқа таныстыруға септігін тигізіп келе жатқан байқау биыл Нұрлан Смағұлов қорының қолдауымен өтті.
Мерейлі датаға тұспа-тұс келген байқауға 115 автордан 202 шығарма келіп түскен. Өз кезегінде оқырмандар өзіне ұнаған туындыға онлайн түрде дауыс берген. Бәйге қорытындысына сәйкес, «Жылдың үздік балалар шығармасы» аталымында Нұрбек Нұржанұлы, «Жылдың үздік поэзиясы» аталымында Алтынбек Мерсадық, «Жылдың үздік прозасы» аталымында Бекен Ыбырайым, «Жылдың үздік сатирасы» аталымында Асхат Өмірбаев, «Жылдың үздік фантастика және детектив шығармасы» аталымында Бақыт Жамалиева, «Жылдың үздік киносценарийі және драматургиясы» аталымында Шаридияр Уәлиханов жеңімпаз атанды.
Ұйымдастырушылар алқасы бәйгеде бағы жанған үздіктерге естелік сыйлықтар мен ақшалай сыйақы табыстады. Жеңімпаздар арасынан 1 млн теңгелік бас жүлде «Уран кеніші» атты туындысы үшін Бекен Ыбырайымға бұйырды. Бұған қоса, жыл соңында қатысушылардың үздік әдеби шығармалары жеке жинақ түрінде оқырманға жол тартпақ.
«Әдебиет – ұлттың жаны. Қазіргі жағдайда қаламгерлердің шығармашылығын ынталандырып, түрлі туындылардың сапасы мен деңгейін іріктейтін осындай байқаулар міндетті түрде қажет. Бұл байқаудың бір ерекшелігі көпшілікке белгісіз жас жазушылардың атын шығарып, оларға метариалдық және моральдық қолдау көрсетуінде. Сондықтан да біз «Алтын қалам» байқауының ұйымдастырушылары мен қолдаушыларына алғысымызды жеткіземіз», деді байқау лауреаты Бекен Ыбырайым.
Айта кету керек, «Алтын қалам» – ұсынылған туындыларға тағайындалған қазылар емес, оқырман қауым өздері тікелей баға бере алатын Қазақстандағы алғашқы әдеби жүлде. Осы орайда шараға қолдау білдірген Нұрлан Смағұлов қорының директоры Айдын Сұлтанов: «Кітап бұл руxани байлықтың кілті. Кітап оқыған адам білім көкжиегі кең, тілі бай, мәдениетті, жан-жақты және пікірін еркін жеткізе алытыны белгілі. Жалпы жақсы кітап оқу өмірде жеке тұлға болып қалыптасуға көмектеседі. Сондықтан да біз осы бағыттағы «Алтын қалам» секілді мәдени-ағартушылық бастамаларды қашанда қолдаймыз», деп атап өтті.
Үш айға созылған дауыс беру қорытындысына сай әр аталым бойынша алты шығарма таңдап алынып, оқырмандар тарапынан ең көп ұпай жинаған шығармалар және қазылар назарына ілінген туындылар сайыстың екінші кезеңіне өткен. Ақтық іріктеу сатысында қазылар алқасы әрбір номинация бойынша жеңімпаздарды жасырын дауыс беру арқылы анықтағандарын айтады.
«Сайыс барысында әдеби шығармалардың авторлары көрсетілген жоқ. Бұл байқаудың барынша әділ өтуіне септигін тигізеді. Мемлекет басшысы: «Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі. Қазіргі уақыт – секунд сайын жаңарған ақпарат заманы. Алтын уақытымызды пайдалы істерге жұмсағанымыз жөн», деп көпшілікті кітап оқуға ынталандыру керек екенін сондай-ақ, қазақ тілін дамыту әрқашан мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала беретінін атап өткен еді. «Алтын қалам» әдеби байқауы бұл бастаманы барынша қолдайды. Сондықтан биыл біз қазақ тілді авторлардың шығармаларын көпке таныстыруды жөн көрдік. Өнердің ішіндегі ең бір қадірлі де қасиеттісі – көркем әдебиет. Қазақ әдебиетінің тұғырын биіктете түсетін осындай ізгі шаралар көбейе берсін», дейді әдеби байқауды ұйымдастырушылардың бірі Кенже Жұманұлы.
АЛМАТЫ