Автордың балаларға арналған әңгімелері жан тазалығы мен шынайылықты насихаттайды. Шығармадағы кейіпкерлер табиғат тазалығын сақтауға, кітаппен дос болып білімге қызығуға және үлкендерді сыйлай білуге, өз қатарластарымен тату болуға үндейді. Ең бастысы оқырманды ойландырады. Аталған кітапқа жазушының ірілі-ұсақты 23 әңгімесі енген.
Іс-шара аясында мектеп кітапханашысы Алмагүл Дүйсенқызы автор шығармашылығын оқушыларға таныстырып, пікір алмасты. «Мейірбектің көгершіні» кітабына шолу жасап, балалар да ойын ортаға салды. Осылайша, мектеп кітапханасының қоры жазушының 20 дана кітабымен толықты.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Болат Үсенбаев кітапқа жазған алғысөзінде «Бақыт – балалар әдебиетінің қоржынына олжа салған қаламгер. Жазушы өзі өмір сүрген дәуірге ғана емес, болашаққа да қызмет етеді» деген екен. Шынында да, Бақыт Досымов шығармаларының екінші өмірі басталып кеткендей...