Үкімет мүшелері аймақтарды аралап жүр. Мақсат – отандық бизнесті қолдау, өзіміз өндірген өнімді демеу. Мына қиын кезеңде мемлекет кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетпек. Бұл жұмыс орындарының жабылып, адамдардың жұмыссыз қалмауы үшін жасалып жатқан нақты қадам. Сондықтан ұлттық компаниялар жергілікті кәсіпкерлермен меморандумға отырып, бір-біріне септесіп жұмыс істемек.
Кеше Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Қызылорда облысында болды.
Алдымен облыс әкімдігінде орналасқан ситуациялық орталықтың жұмысымен танысты. Мұнан соң бірінші вице-премьер орталық мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар басшыларының және бизнес қауымдастық өкілдерінің қатысуымен отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Қазіргі дағдарыс кезінде маңызды міндеттердің бірі шетелдік инвестицияларды тарту. Елбасы «Нұрлы Жол» – болашаққа бастар жол» атты биылғы Жолдауында шетелдік қаржы ұйымдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуді тапсырды. Осы орайда Еуропа қайта құру және даму банкімен жалпы құны 63 миллиард теңге болатын 8 жобаға қол қойған Қызылорда облысының тәжірибесі басқа аймақтарға үлгі боларлықтай, деп атап өтті Б.Сағынтаев.
– Әлемдік нарыққа шығу үшін бәсекеге қабілетті өнім шығару керек. Мемлекет жан-жақты қолдау көрсететін болады, дегенмен сіздер де сапалы өнім өндіріп, бәсекеге төтеп бере алуларыңыз шарт, – деді бірінші вице-премьер.
Кеңес қорытындысы бойынша Қызылорда облысы әкімдігі, ұлттық компаниялар мен жергілікті тауар өндірушілер арасында жалпы құны 39 миллиард теңге болатын бірқатар меморандумдарға отырды. Келісімге «ҚазАтомПром», «ҚазМұнайГаз» және «Қазақтелеком» акционерлік қоғамдары қол қойды.
Сондай-ақ, Қызылорда облысының әкімдігі мен жүйе құрайтын кәсіпорындар жұмыс орындарын сақтау және өндірістік үдерістерді тұрақтандыру бойынша меморандумдар жасасты. Үшжақты келісімге Қызылорда облысы әкімдігі, облыстық кәсіподақ және «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ, «ҚазГерМұнай» ЖШС, «Аралтұз» АҚ, «Абзал және К» ЖШС, «Жанрос Дриллинг», «Сибу» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қол қойды.
Бұдан кейін, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында болды.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
ҚЫЗЫЛОРДА.