Құрылыс • 24 Желтоқсан, 2024

Құрылыстағы инновация

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ бас сәулет құрылыс академиясының жас ғалымдары мен зерттеушілері «Alumen Group» компаниясымен келісімшарт негізінде әзірлеген инновациялық макеттерін құрылыс саласына сәтті енгізді.

Құрылыстағы инновация

Жобаның бастапқы қадамы шатырсыз жабынды (өздігінен кебетін жабын) жобалау бойынша техникалық шешімді талқылаудан басталды. Бұл тәсіл ғимараттарды пайдалану әрі қызмет ету мерзімін ұзартады. Жартылай желдетілетін, өздігінен кебетін жаңа технологияға негізделген жобаның басты ерекшелігі құрылыс материалдарын тиімді пайдалану, сонымен қатар ғимаратты тозбаудан, су өткізбеуден сақтауға ықпал етеді.

Қазақ бас сәулет құрылыс академиясының ректоры Маргарита Имандосованың айтуынша, жастардың ғылым мен инновацияға қосып жатқан үлесі қомақты. Бұл университет ғалымдарының еліміздегі құрылыс саласына жаңа технологиялар мен шешімдер әзірлеудегі игі қадамы. Студенттер мен жас ғалымдардың осындай тың жобалары отандық құрылыс индустриясына тың серпін береді.

Қазіргі таңда жас ғалымдар мен зерттеушілердің жетістіктері академияның ғылым және инновациялар проректоры, PhD Жанғазы Молдамұратовтың жетекшілігімен жүзеге асып жатыр.

Жалпы құрылыс факультетінің ассистент-профессоры Айдана Қуанышбайдың айтуынша, бұл шешім «Alumen Group» компаниясы үшін ғана емес, еліміздің барлық құрылыс саласына тиімді болмақ. Жас ғалымдар қолданатын жаңа материалдар, оның ішінде битумды-полимерлі, эластомер­лі және термопластикалық жабындар, армирленген мастика­лар, құрама темірбетон плиталары ғимараттардың құрылым­дық беріктігін қамтамасыз етеді. Инновациялық шешімдермен қоса дыбыс өткізбейтін пәтер­ара­лық қабырғалар макеті де ерекше назар аударуға тұрады. Бұл конструкция екі жағынан металл жақтаумен құрастырылған. Екі қабатты металл жақтауларның ені 50 мм метеллярлық профиль­дер­ден жасалған. Ондағы бағыт­тау­шы профильдер бір-бірінен 10 мм қашықтықта орнатылған. Екі металл жақтауларының шет­терінде екі қабатты қап­тамала­ры бар. Арасындағы тігіс­тер кеп­тірілмейтін силикон тығыз­да­ғышпен өңделеді.

Егер жас ғалымдардың құ­рылысқа арнап жасаған инно­ва­циялық шешімдері коммерция­ланып, өндіріске енетін болса, онда құрылыс нарығы заманауи, экологиялық жаңа өніммен толығары сөзсіз.

 

АЛМАТЫ