Қаланың солтүстік шетінде орналасқан ауданда негізінен жас отбасылар тұрып жатыр. Жаңа бөбекжай бұған дейін жақын маңайда балабақша болмағандықтан, таң атпай балаларын қаланың орталығына, екінші бір шетіне тасып әбігер болып келген жұмысбасты ата-аналардың қолын ұзартып отыр.
«Балабақшаның ашылуын тағатсыздана күттік. Үйге жақын, балаға да, бізге де өте ыңғайлы. Ең бастысы, ел – аман, жұрт – тыныш. Мемлекетіміз ата-аналарға, балаларға барынша қамқорлық көрсетіп жатыр. Оны көріп-біліп, сезініп отырмыз. Осыдан біраз жыл бұрын үйсіз едік, үй берді, одан кейін үйдің жанынан мектеп салып берді. Енді, міне, бүгін баламызды балабақшаға алып келдік», дейді «Юбилейный» шағын ауданының тұрғыны Раушан Иманқұлова.
Балабақшаның құрылысына 1,7 миллиард теңге қаржы жұмсалған. Мұнда 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларға арналған қазақ, орыс тілді 15 топ жұмыс істейді. Үш қабатты, екі қанатты заманауи балабақша қазіргі талапқа сай, қажет дүниенің бәрімен жабдықталған. Балалардың жан-жақты дамуына қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасалған. Жатын бөлмелері жайлы, ойын бөлмелері кең. Хореография, гимнастика, музыка, спорт залдары бар. Педагог-психолог, логопед мамандар жұмыс істейтін арнайы бөлмелер, қосымша білім беру кабинеттері, дәрігерлік ем-шара жүргізетін жеке кабинет қарастырылған.
Балабақшаның ашылу рәсіміне арнайы келген облыс әкімі Құмар Ақсақалов шағын аудан тұрғындарын құттықтап, балабақшаны аралап шықты.
«Облыстың әлеуметтік саясатының басты міндеттерінің бірі – мектепке дейінгі білім берудің сапасын арттыру. Ерте жастан бастап мектеп жасына дейінгі балалардың ІТ-құзыреттерін қалыптастыру үшін мұнда инновациялық STEAM-зертханасы бар «цифрлық балабақша» жүйесі енгізілетін болады. Балалар робототехникамен айналысады, эксперименттер мен тәжірибелер жасай алады. Анимация студиясында өз қиялымен мультфильм жасайды, сондай-ақ квадрокоптер жүргізе алады. «Юбилейный» шағын ауданында ашылған жаңа нысан облыс орталығындағы балабақша кезегін 18%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Мұнда 43 тәрбиеші, тәрбиеден тыс міндеттерді атқаратын 34 адам жұмыс істейді», деді әкім.
Бүгінде өңірде балаға мектепке дейінгі білім беретін 485 мекеме бар. Облыс көлемінде балабақшаға баратын балалардың саны шамамен 32 мыңнан асады. Ал Қостанай қаласындағы 74 балабақшаға 11 мыңнан аса бала барып жүр.
Биылдың өзінде Рудный, Арқалық қалаларында, Қостанай, Әулиекөл, Жангелдин аудандарында жаңа балабақшалар ашылды. Бұл бөбекжайлар бүгінде 760 балаға мектепке дейінгі білім беріп жатыр.
Қостанай облысы