Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаев жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстан облысына келіп, орталық мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар және өңірдің ірі өндіріс орындары басшыларының қатысуымен жергілікті мазмұнды дамыту және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мәселелеріне арналған жиын өткізді.
Жиында сөз алған Б.Сағынтаев отандық бизнесті қолдауда ұлттық компаниялардың тауарлар мен қызметтерді сатып алуда жергілікті мазмұнның үлес салмағын арттыру бағытында Үкімет тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын мәлімдеді.
«Бұл өз кезегінде отандық кәсіпорындардың дамуына, қуатын арттыруға және шығаратын өнім түрлерін көбейтуге, ең бастысы, жұмыс орындарын сақтап қалуға мүмкіндік береді. Жұмыс орындарын сақтап қалу – бұл Мемлекет басшысының әкімдерге жүктеп отырған негізгі тапсырмасы» деді Б.Сағынтаев.
Әңгіме барысында Бақытжан Сағынтаев әлемдік дағдарыстың алғашқы толқынын «Жұмыспен қамту-2020» сияқты бағдарламалардың арқасында жұртшылықтың оншалықты сезінбегенін, оның пайдалылығын еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін білгендігін айтты. Алайда, мұнай бағасының түсуі, Ресейге бағытталған геосаясат бюджетті қайта есептетіп, орынсыз шығындардың азайтылғанын, қиын жағдайда көрпеге қарай көсілу қажеттігін алға тартты. Елбасының былтырғы қарашада жариялаған «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауындағы жеті бағыт бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың негізгілерін атап өтті.
Жиын қорытындысында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен «Қазатомпром», «Қазақтелеком», «ҚазМұнайГаз», «Самұрық Энерго» АҚ-тар арасында жергілікті мазмұнды дамыту жөнінде меморандумдарға қол қойылды. Жалпы, осы өңірде жергілікті мазмұнды дамыту шеңберінде құны 61 млрд. теңгені құрайтын меморандумдар бекітілді.
Жұмыс орындарын сақтап қалу және өндірістік процестерді тұрақтандыру мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен өңірдегі ірі өндіріс орындары, оның ішінде «Қазатомпром», «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, «ПетроҚазақстан ОйлПродактс», «Стандарт цемент» ЖШС, т.б. арасында меморандумдар түзілді. Тұтастай алғанда, осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде облыста 50 мың жұмыс орындарын сақтап қалуға арналған 1057 меморандумға қол қойылды.
Айта кетсек, облыс әкімдігі тарапынан 2014 жылы өңірдегі кәсіпорындарды қолдауға арналған іс-шаралар жоспары бекітіліп, жыл соңына қарай өндіріс өнімінің көлемін 104,5 пайыз арттыруға немесе 650 млрд. теңгеге жеткізуге мүмкіндік туды. Бұл республикадағы үшінші көрсеткіш болып табылады. Қолға алынған шаралардың тиімділігі ескеріліп, облыс әкімдігі дәл осындай құжатты 2015 жылы да қабылдап отыр. Қазіргі таңда өңірдегі өндіріс орындарында кездесіп отырған түйткілді түйіндерді дер кезінде шешіп отыру үшін жұмысшы тобы құрылған.
Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысы еліміздегі қуатты индустриялы орталықтардың біріне айналып келеді. Индустрияландыру картасы аясында құны 1,2 трлн. теңгені құрайтын 223 жоба іске асырылуда, олардың 65 пайызы ауылдық жерде жүзеге асып келеді, деді Б.Сағынтаев.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
ШЫМКЕНТ.