Заң мен Тәртіп • Кеше

Бюджет қаржысын жымқырғандар жазасын алды

28 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шымкент қалалық прокуратурасы қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының бастығы Бақытжан Байғозиев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жасөспірімдерге қатысты құқықбұзушылықтар жөнінде статистикалық мәліметтерді баяндады. Ол биыл 11 айда мегаполисте жасөспірімдер жасаған қылмыс саны азайып, кәмелет жасқа толмағандарға қарсы жасалған қылмыс саны өскенін айтты.

Бюджет қаржысын жымқырғандар жазасын алды

Заң өкілі мәлімдеген­дей, шаһарда қала прокуроры өкі­мімен мобильді топтар құ­рыл­ған. Олардың қыз­меті – жасөспірімдерге қатыс­ты заң­бұзушылықтың алдын алу әрі олармен күресу. Мобильді топтар жыл басынан бері жүздеген түнгі рейд ұйымдастырып, балаларын қадағаламаған ата-аналарды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Қылмыс жасайтын жас­өспірімдер негізінен толық емес, тұрмысы төмен отбасынан шығады. Прокуратура 1 300 осын­дай отбасын зерделеп, 500-ге жуығына әлеуметтік көмек көрсетуге атсалысты.

Шымкентте 237 мектеп, 36 колледж, 7 универси­тет бар. Прокуратура тиіс­ті сала өкіл­дерімен осы білім беру ұйым­да­рында іс-шара­лар өткізіп, оқушы, студент­тердің құқықтық сауатын ашты. Қадалағаушы орган мектеп, колледждегі психолог мамандардың жұмысын тексеру барысында психолог-педагогтерге тапшылық барын, біліктілігінің төмен екенін анықтаған. Осы­ған орай және басқа да құ­қық­бұзушылық бойынша мектеп, колледж директорларына әкімшілік жауапкершілік жазасы қарастырылды. «Киберқадағалау» бірге жасөспірімдерді суицидке итермелейтін сайттар мен компьютерлік ойындарды бұғаттады.

Тұрмыстық зорлық-зом­бы­лыққа ұшыраған жандар­ға көмек көрсету мақсатын­да прокуратура жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бас­қармасына қарасты «Бақыт­ты жанұя» орталығында арнайы жобаны қолға алды. Со­ның нәтижесінде, тұрмыстық кикілжіңнен шаршаған отбасы мүшелеріне мамандар психологиялық көмектер ұсын­ды. Әсіресе мамандар ата-аналар мен балалардың арасын жақын­дас­тыру, ерлі-зайыпты азаматтарды бір-бірімен жарастыру бағытында көп жұмыс атқарды. 11 айда отбасы шырқын бұзған 5 600 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 4 800 тұлғаға қатысты «қорғау нұсқамасы» шығарылды. Оны бұзған 363 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Прокуратураның мәліметінше, биыл тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша анықталған деректер саны 32-ден 146-ға бір-ақ өскен. Заң өкілі Б.Байғозиевтің айтуынша, мұның басты себебі отбасылық құқықбұзушылық пен қыл­мыс­қа қатысты заң­на­маның биыл күшейтілуіне байланысты болған.

Сонымен қатар Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің штаб басшысы Дәурен Тұрғынбай атқарылған жұмысқа қа­тыс­ты есеп берді. Маман мә­лім­дегендей, департаменттің әуелгі жұмысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірге арнайы меморандум түзді. Соның аясында дөңгелек үстел мәжілістері, жеке қабылдау ұйымдастырылды. Осы күнге дейін кәсіпкерлер палатасында 9 жиналыс өткізілді. Онда бизнес өкілдерінің құқықтары қаралып, заң тұрғысынан кеңес берілді. Сондай-ақ 10 жеке қабылдау ұйымдастырылып, 20 кәсіпкердің арыз-шағымы қаралды.

Департамент шешкен мәсе­лелерге келсек, азық-түлік саласында қызмет ететін кәсіп­кердің электр энергиясына төлейтін тариф құны 41 теңгеден 31 теңгеге төмендетілді. Шаһарда балалар жаялығының жалған көшірмесін жасаған алаяқтар ұсталып, олардың ісі сотқа жолданды. Осындай дерекпен тұрмыстық химияның контрафактілік түрлерін шығарған топ анықталып, 25 млн теңгеден аса келтірілген залал шығыны өндірілді. Департа­мент халық көп шоғырлана­тын аймақтарда әр тоқсан сайын ұйымдастырылатын «Халық заң­гері» акциясына қатысып, тұрғындарға керекті заңгерлік кеңестер беріп келеді. 11 айда тергеп-тексеру органы 133 арыз-шағым қарап, 100-ден астамы оң нәтижемен шешілді. «Бизнесті қорғау» жобасы аясында департамент табалдырығын тоздыратын кәсіпкерлер саны күрт азайған.

Аталған заң мекемесінде бүгінде бірнеше ілкімді бастама қолға алынған. Біріншіден, тергеу әрекеттері бейне­жаз­ба арқылы жүргізіледі. Бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға көмектеседі. Екіншіден, барлық экономикалық іс негізінен электрондық форматта тіркеледі. Үшіншіден, тергеу рәсімінен тыс кәсіпкерлер­ден құжаттар сұратуға ты­йым салынды. Төртіншіден, тер­геу процесіне шақыру екі есеге қысқарды. Осындай рефор­ма­лардың нәтижесінде, сотқа дейінгі тергеп-тексеруге тар­тылған кәсіпкерлер саны 90 пайызға азайды. Қазір олар са­лықтық әкімшіліктендіру аясында тергеліп жатыр.

«Біз анықтаған құқықбұзу­шылықтың құрылымына қара­сақ, қозғалған істің 80 па­йызға жуығы «обнал» фир­маларға, қаржылық пирамидаларды ұйым­дастырушыларға, заңсыз ойын бизнесіне, заңсыз алкоголь өнімдерін өндірушілерге, контрафактілік өнімдерді жасау­шыларға қатысты тергеу­лерден тұрады. Бұл субъек­тілерді бизнесмендер қатарына жатқызуға болмайды. Өйткені олар не салық төлемейді, не әлеуметтік міндеттемелерді орындамайды. Сондықтан біздің негізгі міндетіміз – заңсыз әрекетке баратын осындай топтарды анықтау», деді Д.Тұрғынбай.

Маманның айтуынша, департамент қаланы жылумен қамтамасыз етуші «Қуат­жылу­орталық-3» комму­нал­дық мем­лекеттік кәсіпорны бас­шы­ларының бюджет ақ­шасын жымқыру деректерін анықтаған. Олар құрылыс­тың смета құнын әдейі өсіріп, істелмеген жұмысты істедік деп шаһардың жылу мен электр желілерін ауыс­тыруға бөлінген 1,1 млрд теңге қазына қаржы­сын жеп қойған. Лауазымды тұлғалар қаражатты жылыс­тату үшін «қолма-қол ақша жасаушылар» тобымен ауыз жаласқан. Бұл топ 7 пайыз ақшалай сыйақыға 24 кәсіпорын арқылы шот-фактура секілді жалған құжаттар ұсын­ған. Осы алаяқтық әрекетті іске асыр­­­ған­дар Астана мен Шымкент қалаларынан жеке үй мен пә­тер­лер, басқа да жылжымай­тын мүліктер сатып алып, банк шоттарына 50 млн теңге салған. Олардың барлық қыл­мысы әшкере болып, энергетика басқармасының лауазымды тұлғалары, коммуналды кәсіпорын мен жеткізу­ші мекемелердің басшылары 2 жыл­дан 7,5 жыл мерзімге сот үкі­­мімен бас бостандығынан айы­рылды.

Жалпы, бюджет саласында жыл басынан 12 қылмыстық іс анықталып, олардың жетеуі сотқа жолданса, қалған бесеуі – өндірісте.

 

ШЫМКЕНТ