04 Ақпан, 2015

Фиджи өз туын өзгертпек

294 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Шарайна шарайна-1Фиджи республикасы өзінің Ұлыбританиядан тәуелсіздік алуының 45 жылдығын атап өткен кезде мемлекеттік туын өзгертетін болады, деп мәлімдеген ел үкіметінің басшысы Воренге Мбаинимарама. Жаңа ту Фиджидің қазіргі заманғы және нағыз тәуелсіз мемлекет ретіндегі әлемдегі бүгінгі орнын көрсетуі тиіс. Бізге қазіргі тудағы ескірген, лайықсыз және біздің бұрынғы отарлық кезімізді бейнелейтін символдарды алып тастау қажет, деп атап өткен ол. Оның айтуынша, жаңа туды таңдау үшін Фиджиде жалпыұлттық байқау өткізілетін болады. Сауда орталығындағы жарылыс Австралияның оңтүстік-батысындағы Перт қаласындағы сауда орталығында болған жарылыстан  бір адам қаза тауып, бірнеше адам зардап шеккен. Оқиға 3 ақпан күні таңертеңгілік орын алған көрінеді. АВС News агенттігінің хабарлауынша, барлығы 10 адам зардап шегіп, олардың 6-уына сол жерде медициналық жәрдем көрсетілген. Денелерін елеулі күйік шалған тағы 3-еуі ауруханаға жеткізілген. Кейбір мәліметтерге қарағанда, ауруханадағы адамдардың жағдайлары өте ауыр күйде. Сауда орталығында күштік трансформатор жарылып, соның салдарынан өрт пайда болған. Ауруханаға түскен адамның бірінің денесіндегі күйік 80 пайызды құрайды екен. Министр жол апатына ұшырады Финляндия ішкі істер министрі Пяйви Рясянен Ресеймен шекаралас Ваалимаа шекара қосынына ресми іс-шараға бара жатқанда жол-көлік апатына ұшыраған. Екі автокөліктің бір-бірімен соғысуы салдарынан министрді қоса алғанда 3 адам зардап шеккен. Іс-шара жоспарына сәйкес шенеунік әйел ел премьер-министрі Александер Стуббпен бірге шекара өтпесінің жұмысын тексеруге тиіс болған. Бірақ, белгіленген жерге 10 шақырым қалғанда жол-көлік апаты орын алған. Жергілікті басылымның хабарлауына қарағанда, жолдың үсті лай-батпақ болған көрінеді. Рясяненді Котка қаласындағы орталық ауруханаға жеткізген. Қазіргі уақытта министрдің өзін жақсы сезінетіні, өміріне қатер төндіретіндей жарақаты жоқ екендігі белгілі болып отыр. Революция көсемінің жағдайы қалай? шарайна-2Кубада елдің бұрынғы басшысы Фидель Кастро қайтыс болды деген жаңа сыбыстың аясында, арада бірнеше ай өткенде революция көсемінің жаңа фотосуреттері жарияланған. Фотосуреттер Кубаның ең басты басылымы «Гранма» газетінде жарияланып отыр. Онда Гавана университеті студенттер федерациясының басшысы Рэнди Гарсианың командантеде қонақта бола отырып, Фидель Кастромен бетпе-бет кездескені туралы репортаж берілген. Жас жігіттің айтуынша, оған алдымен Кастроның өзі қоңырау шалып, революция көсемінің осы оқу орнына түскеніне 70 жыл толуына орай салтанатты шара ұйымдастыру жөніндегі бастамасы үшін алғыс айтқан көрінеді. Ол командантемен 50 минутқа жуық әңгімелескен. Каирде қауіпсіздік шаралары күшейтілді Египет астанасы Каир қаласының орталығындағы халық көп жүретін алаңдардың бірінде жарылыс болған. Алдын ала болжам бойынша, қолдан жасалған жарылғыш құрылғы жарылған көрінеді. Құрбан болғандар мен ұсталғандар туралы әзірге ешқандай мәлімет жоқ. Оның сыртында Каир әуежайы қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері электронды құрылғылар көмегімен әуежай терминалдарынан тағы да екі бомбаны тапқан. Қазіргі уақытта бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерттеуде. Әуежайдағы қауіпсіздік шаралары барынша күшейтіліп отыр. Кимнің отбасын кетіруді ұсынды БҰҰ-ның Солтүстік Кореядағы адам құқықтары жөніндегі арнаулы баяндамашысы Марзуки Дарусман барлық тұтқындарды босату үшін КХДР лидері Ким Чен Ынды ғана емес, сонымен бірге, бүкіл оның отбасын саяси сахнадан кетіру керек деп мәлімдеген. Менің ойымша, 80, бәлкім, тіпті, 100 мың болатын тұтқындарды шұғыл түрде босатып, лагерьлердің көзін жою бірінші кезекті маңызды мәселе болып табылады, деп атап өткен ол Associated Press агенттігіне берген сұхбатында. Бірақ, ол жеке басқа табынуға негізделген жүйе толықтай жойылған кезде ғана мүмкін болмақ. Оның айтуынша, олай жасаудың бірден-бір жолы – Кимді қызметінен тайдырып, оның отбасын саясат сахнасынан кетіру. Президент жолында жасанды бомбалар табылды шарайна-3Түркия президенті Реджеп Эрдоғанның кортежі жүретін Анкараның маңайындағы жол бойында екі бірдей қолдан жасалған жарылғыш құрылғы табылған. Бұл туралы түріктің Zaman атты интернет-сайты хабарлаған. Басылымның мәліметтеріне қарағанда, бір бомбаны президент кортежі өтерден жарты сағат бұрын анықтаса, екіншісін кортеж өткеннен кейін 15 минуттан соң тауып алған. Оқиға орнына келген мамандар жарылғыш құралдардың пластик шөлмектер ішіне орнатылғанын анықтаған. Бір бомба табылған кезде әлі іске қосылмаған көрінеді. Сарапшылар жарылғыш құрылғының зақымдағыш күшінің онша үлкен емес екенін атап көрсетіп отыр. Интернет материалдары негізінде әзірленді.