Шаруашылық • Бүгін, 10:58

Шаруаларды қолдау жалғасады

28 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Аграрлық несие корпорациясы» ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау мақсатында «Кең дала 2» бағдарламасын жүзеге асырып жатқаны белгілі. 2024 жылдың 24 желтоқсанындағы жағдай бойынша корпорация 1 098 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіден шамамен 135,8 млрд теңгенің өтінімін қабылдап, 378 фермерге 39,047 млрд қаржы берілген.

Шаруаларды қолдау жалғасады

«Биыл алғаш рет көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарын қар­жыландыру ерте басталды. Бұл – фер­мерлердің тұқым мен тыңайт­қыш­тар­ды алдын-ала сатып алуына және техникаларын ерте дайындауларына мүмкіндік береді. Бұрын-соңды болмаған мұндай мүмкіндік мемлекеттік қолдау шаралары мен нарық көздерінен қаражат тартудың арқасында іске асырылып жатыр», деп атап өтті «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков.

Биыл «Аграрлық несие корпорациясы» көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмысына 320 млрд теңге бөлген болатын. Бұл алдыңғы жылдары берілген 140 млрд теңгемен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш. Президент тапсырмасын орындау аясында Үкіметтің қолдауымен 2025 жылдың көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмысына 700 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінетін болады. Оның 560 млрд теңгесіне жуығын «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен «Аграрлық несие корпорациясы» нарықтық капитал көздерінен тартады. Биыл жыл соңына дейін игеру үшін 100 млрд теңге қаржы бөлініп, фермерлерге беріліп жатыр.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндіру­шілер мемлекеттік қолдау шара­ларының арқасында барынша қолайлы жағдайда жедел қаржылық қолдауға ие болады. Сонымен қатар несиені рәсімдеу, кейін өтеу кезінде фермерлерге ыңғайлы болу үшін олар жүгінетін қаржы институттарының саны артып келеді. Мәселен, несиені екінші деңгейлі банктер, несиелік серіктестіктер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы және «Аграрлық несие корпорациясынан» рәсімдеуге болады.

Айта кетейік, фермерлер үшін «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша жеңіл­детілген сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5% деңгейінде сақталды. Сондай-ақ көбіне агроөнеркәсіп кешенінің субъектілері несие қаражатын алар кезде кепілдігінің жетіспеушілігі проблемасына тап болады. Бұл мәселені ауыл шаруашылығы саласының барлық кәсіпкері мен қоғамдық ұйымдар айтып келеді. Мемлекеттік қолдау тетігіне сәйкес, «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша қарыз сомасының 85%-ына «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры кепілдік береді.

Батыс Қазақстан облысындағы «Жаңа әлем» шаруа қожалығының басшысы Анатолий Кан да «Кең дала 2» бағдар­ламасы бойынша алғашқылардың бірі болып несие алған. Ол ерте берілген несиенің тиімділігін айтты.

«Алғашқылардың бірі болып несие алдым. Бұл қаржыға алдымен тұқым сатып аламын. Биыл «Кең дала 2» бағдарламасы ерте басталды. Бұл фермерлерге өте ыңғайлы болды. Жанар-жағар май, тұқым, тыңайтқыш, техниканы қыс бойы қамдап, егін егу науқанына сақадай-сай дайындаламыз. Бұл бағдарламаның артықшылығы – несие тікелей 5%-бен беріліп жатыр. Фермерлер субсидия аламыз деп ешқайда сабылмайды. Оның үстіне, кепіл мүлігі жетпейтін шаруалар «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының 85% кепілдігін алады. Яғни фермер алатын сомасының 15%-ына кепілдік қойса болғаны. Бұл – үлкен мемлекеттік қолдау», дейді Анатолий Кан.

Мәселен, «Айболат» шаруа қожалығы 154 гектар жерге дәнді дақыл егеді. Шаруа биыл мемлекеттік қолдаудың арқа­сында жерін дайындап, қажетті тұқым мен тыңайтқыштар алған. Бітік шыққан егін есебінен «Аграрлық несие кор­порациясының» алдындағы қарызын уақытынан бұрын өтеуге мүмкіндік туғанын айтады. Енді көктемге «Кең дала 2» бағ­дарламасымен тағы қаржы алып, қар жаумай қамданып отыр.

«Кең дала 2» бағдарламасы бойынша несие беру ерте басталғаны шаруаларға өте тиімді болып тұр. Себебі дизель отынын, тұқымды, тыңайтқыштар мен зиян­кестерге қарсы себетін дәрілерімізді ертерек сатып алатын болдық. Егер көктемге қалатын болсақ, олардың бағасы қымбаттап кететін еді. Қазір арзан кезінде сатып алуымызға мүмкіндік бар. Бұл біз сияқты егін егетін шаруаларға үлкен қолдау», дейді Шымкенттегі «Айболат» шаруа қожалығының басшысы Бекболат Күзембаев.

Кеңес алу үшін және «Кең дала 2» бағ­­дар­ламасына өтінім беру үшін «Аграрлық несие корпорациясының» аймақтардағы филиалдарына бару қажет. Қосымша ақпаратты Agrocredit.kz сайтынан алуға болады және Kcell, Activ, Beeline абоненттері үшін 5353 Call center нөмірі, Tele 2, Altel үшін 8 701 006 19 91 телефон нөмірі жұмыс істейді.