Қоғам • Кеше

Мүгедек балалардың ата-аналарын зейнетке ерте шығару ұсынылды

38 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Депутат Таңсәуле Серіков мүгедек сәбилі аналарға қатысты мәселе көтеріп, Премьер-министрге сауал жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz

Мүгедек балалардың ата-аналарын зейнетке ерте шығару ұсынылды

«Өмір мен өлімнің арасынан жеңілмей шыққан жас ана үшін дүниеге келген сәбиіне «мүгедек» деген диагноздың қойылғаны қандай соққы екенін сол аналардың өздері ғана біледі. Осындай зіл батқан ауыртпашылықты қабылдап, келешек өмірін тек қана сол баласының жолына арнауға тәуекел ететін әрине – ана. Сондықтан да оларды нағыз ержүрек тұлғалар деп айтуға әбден болады. Жанға бататыны, осындай ерлік көрсеткен жандарға біздің тиісті жанашырлық таныта алмай жүргеніміз», деді депутат сауалында.

Депутаттың сөзінше әрбір ана бала денсаулығы үшін жұмысын да, басқа шаруасын да тастап тау асып, шоқ басуға дайын. Ерекше қажеттілігі бар баланың күнделікті терапиясы, ем-шарасы, гимнастикалық жаттығулары, медициналық оңалтулары, бассейн немесе тағы да басқа қажетті ем-домдары бар. Қалада тұратындар үшін бұның өзі ауыр. Ал ауылдық жерде тұратын ата аналар үшін бұл үлкен қиындық.

«Бала кезінен мүгедектігі бар, тіпті өздігінен тамақ та ішпейтін, сөйлей де алмайтындары қаншама. Туабітті сал ауруына шалдыққан баланы аяқтан тұрғызамын деп тек аналар ғана мақсат қояды. Баланың түнімен бебеу қағып жылағаны – қиындықтың бер жағы ғана. Тәулігіне бірнеше рет ес-тұсынан айрылып, талып қалатындар бар. Бұл ата-анаға физикалық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар психологиялық тұрғыдан да ауыр екені белгілі», деді депутат.  

Т.Серіков сандық деректі де ұсынды. Айтуынша, елімізде 113 мыңға жуық мүгедек бала бар болса, оның 40 пайызы ауылдарда тұрады.

«Иә, қалалық жерлерде ерекше балаларды апаратын арнайы орталықтар бар. Онда ерекше баланың анасы уақытша демалу үшін әлеуметтік қызметкер мүгедек баланы бір мезгіл өздері алып кетіп, орталық мамандары сол баламен айналысады. Оның ішінде ем домы, жаттығулары бар. Ал ауылдық жерлердегі ата аналарды не істейміз? Олардың да отбасы, басқа да тірлігі бар емес пе? Сол себепті ауылдардағы ФАП жанынан осындай арнайы орталықтар ашу керек. Сонда ауылдағы мүгедек балалардың аналары да уақытша демалып отбасына қарай алар еді», деді ол.

Осы орайда депутат өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.

«Аналардың тәжірибелері болғандықтан басқа балаға да дұрыс қарап күтім жасай алады. Сондықтан педагог-ассистент, әлеуметтік қызметкер сияқты мамандықтарға ата-ананың біреуін қысқа 2 жылдық мерзімде бакалавриатта оқыту қажет. Мүгедек балаға өз ата-анасынан артық қарайтын адам жоқ. Сол себепті баланың ата-анасын оқытып, арнайы дайындықтан өткізу қажет, сол арқылы ата-ананың күтуші ретінде жұмысы да болады, еңбек өтілі де жоғалмайды, дұрыс күтім болғандықтан баланың дамуы да арта түседі. Даму ерекшеліктері бар балаға жиі күтім жасау ата-аналарға оңай емес. Қиындыққа шыдамай отбасын тастаған әкелер де қаншама. Сондай сәттерде баласының бар ауыртпашылығын арқалаған аналар физикалық ғана емес, психологиялық тұрғыдан да қиындық көріп жатыр. ­Өмір бойы сырқаттанған баласын қараған анаға зейнетке шығу жеңілдігі де қарастырылмаған. Мүгедек баланың жағдайымен жұмыссыз жүрген ананың зейнетақысы қандай болмақ? Сондықтан ерекше баланы тәрбиелеп отырған ата-ананың біреуінің зейнетақы қорына мемлекет тарапынан тұрақты түрде қаржы салыну қажет деп есептеймін», деген депутат осындай аналарды мүмкіндігінше зейнет жасына ерте шығару мәселесін қарастыру керектігін де айтты.

Түйіндей келе, «АУЫЛ» партиясының мүшесі Таңсәуле Серіковтің ұсыныстары келесідей болды:

  • Ерекше баланың ата-анасын зейнетке ерте шығару;
  • Ата-ананың біреуін педагог-ассистент, әлеуметтік қызметкер маманыдығына қысқа мерзімде оқыту;
  • Ерекше бала ата-анасының біреуінің зейнет қорына мемлекет тарапынан тұрақты түрде қаржы салу;
  • Балаға күтім жасаған жылдарын еңбек өтілі деп есептеу.