Ғылым • Кеше

Қазақстан бәсекеге қабілетті болу үшін алдыңғы қатарлы технологиялары болуы қажет - ғалым

29 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстанның келешегін алдыңғы қатарлы технологиялар өзгертеді. Ғылымның беделін көтеріп, интеллектуалдық еңбек адамдарының қажеттіліктерін қалай арттыруға болатыны туралы Назарбаев Университетінің перспективалық материалдар мен лазерлік технологияларды зерттеу зертханасының директоры, профессор Жандос Өтегулов айтып берді. Ғалым бұған дейін АҚШ-та Айдахо ұлттық зертханасында, Ұлттық стандарттар және технологиялар институтында, Небраска-Линкольн, Цинциннати және Оклахома университеттерінде зерттеу жұмыстарымен айналысқан.

Қазақстан бәсекеге қабілетті болу үшін алдыңғы қатарлы технологиялары болуы қажет -  ғалым

Назарбаев Университетіндегі сіздің зертханаңыз қандай жұмыстармен айналысады?

– Біз материалдардың қасиеттерін лазерлік технологияларды қолдана отырып зерттейміз. Зерттеулерімізге шетелдік ғалымдар зор қызығушылық танытып жатыр, себебі осы заманда ғылым «оқшаулана» алмайды.

Біз лазерлік технологиялар мен зерттеу әдістерін материалдардың қасиеттерін зерттеу үшін қолданамыз. Материалдардың қасиеттері өте көп: оптикалық, магниттік, жылулық, механикалық және т.б. Зерттеулер әртүрлі салаларға арналған, мысалы соның бірі – ядролық энергетика. Бұл сала қазіргі уақытта Қазақстанда өте өзекті, себебі жуырда ғана алғашқы АЭС құрылысын бастау туралы референдум өтті. Барлық зерттеулер лазерлік-оптикалық әдістер арқылы жүзеге асырылады. Біз электроникада, термоэлектрлік құрылғыларда, күн батареяларында және басқа да салаларда қолданылатын материалдарды зерттей аламыз. Әсіресе, микро және нано масштабтарда жылуды басқару қажет болған жерлерде. Лазерлік әдістердің көмегімен біз микро және нано өлшемдерде жылуөткізгіштік пен механикалық қасиеттердің өзгерістерін диагностикалай аламыз.

Назарбаев Университеті елдегі зерттеу жүргізетін аз ғана университеттердің бірі. Ал инфрақұрылымы ауқымды жобаларды жүзеге асыруға қаншалықты мүмкіндік береді?

– Ғылымда тәжірибелер жасап, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізу үшін сәйкесінше инвестициялар қажет болатыны белгілі. Табиғи ғылымдар мен инженерия, әрине, материалдық-техникалық базаны талап етеді. Зерттеу процесін неғұрлым тереңірек білу үшін және материяның қасиеттерін және оның қалай әрекет ететіні туралы мағлұматты қаншалықты кеңірек алу үшін соғұрлым заманауи жабдықтар қажет болады.

Бұл жерде, әрине, басымдықтарды белгілеген жөн. Себебі Қазақстан ғылымы қаржы жағынан шектеулі. Дегенмен, мемлекет пен қоғам бізден нақты нәтижелер күтеді. Әрине, қалың жұрт Қазақстан ғалымының Нобель сыйлығын алғанын қалайды. Бірақ соңғы 10–20 жылдағы Нобель сыйлығының лауреаттарына қарасақ, бұл ғалымдар алып ғылыми орталықтарда жұмыс істеп, ерекше әрі өте қымбат жабдықтарға қол жеткізіп отыр. Қазақстанда мұндай жабдықтар әлі жоқ. Назарбаев Университеті қажетті материалдық базаны қалыптастырып, тәжірибелер жүргізу үшін қажетті зерттеу жабдықтарын сатып алуға мүмкіндік алды.

щ

– NU оқытушыларының көбі ғылыми қызметпен де айналысады. Студенттер ғылыми зерттеулерге қатысады ма?

– NU-де ғылым мен білім бір-бірінен ажырамас болуы заңдылық, ғылым тарихындағы ең үздік мысалдар бізге аталған үлгіні көрсетеді. Ғалым зертханада ашқан жаңалығын бірден студенттерге жеткізеді. Негізінен, бұл – кез келген ғалымның арманы: зертханамен ғана шектеліп қалмау немесе сабақ берумен ғана айналысып, ғылыми жұмыстан тыс қалмау. Біздің студенттер оқулықтардағы біліммен шектелмей, зертханалық тәжірибелер арқылы білім алады, бұл – нағыз оқу процесі. Студенттердің тыңдаумен ғана шектелмей, кері байланыс жасауы өте маңызды: олардың талқылауы және сұрақтар қоюы оқытушылар үшін де әрдайым пайдалы.

– Жастарды «заңгер-экономист» болуға емес, ғылымға қалай тартуға болады?

– Осыдан бірнеше жыл бұрын мұғалім мамандығы аса сұранысқа ие емес, беделі төмен мамандықтардың бірі болды. Қазір ол ең беделді мамандықтардың қатарына еніп, IT мамандарының деңгейіне дейін көтеріліп жатыр. Бұл өзгерісті мемлекет тарапынан қабылданған қарапайым шешімдер қамтамасыз етті – мұғалімдердің жалақысы көтерілді, бюрократиялық жұмыстардан босатылып, оқушылармен көбірек айналысуға мүмкіндік алды.  Осындай өзгеріс ғалымдар үшін де күтіледі. Елдің бәсекеге қабілетті болуы үшін материалдық ресурстарға ғана ие болу жеткіліксіз, мұғалімдердің, ғалымдардың, интеллектуалдық еңбек адамдардың беделін арттыру қажет. Қазақстан сияқты елде мұнай мен сирек кездесетін элементтер болса да, бұл ұзақ мерзімді перспективада барлық мәселелерді шеше алмайды. Ғылыми базаға қаржы құйылуы қажет және адами капиталды дамыту керек.