Үкімет • 27 Желтоқсан, 2024

Заң қуаты – тәртіптің тірегі

450 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда сенаторлар күн тәртібіне шығарылған бірқатар заңды қарап, өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Заң қуаты – тәртіптің тірегі

Отырысты ашқан Сенат төрағасы, алдымен, палатаның және жеке өз атынан Маңғыстау облысында болған ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты. Мәулен Әшімбаев төтенше жағдайға байланыс­ты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырма­сы­мен мемлекеттік комиссия құры­лып, құтқару операциясы аясында жедел қажетті шаралар қабыл­данғанын, сондай-ақ зардап шеккендерге тиісті көмек көр­сетіліп жатқанын тілге тиек етті.

Сенат отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізу туралы» заң­­ды қарап, мақұлдады. Талқы­лау кезінде айтылғандай, заң тәр­тіп­тік, әкімшілік және қылмыс­тық жауапкершілік шара­лары­нан туындайтын мемле­кет­тік қызметке кіруді шектеу мерзімдерін, олардың салдар­ларының мөлшерлестігін айқын­дау, сондай-ақ құқық қор­ғау органдары мен Қарулы Күш­тердегі басшы лауазымдарды іріктеуді жетілдіру, оларды жасақтау сапасын арттыру, арнаулы, әскери атағын немесе жоғары басшы құрам мен басқаларының сыныптық шенін төмендету түрінде тәртіптік жаза қолдану тәртібін реттеуді және тағы басқа ережелерді айқындайды.

Сонымен қатар депутаттар «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады. Заң нормалары­на сәйкес «қоғамдық жұмыстар» түріндегі әкімшілік жаза ен­гізіледі. Сондай-ақ құжат әкім­шілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға және әкім­шілік жаза қолдануға құқығы бар лауа­зымды адамдар шең­берін кеңейтуді көздейді. Іс қыс­қартылған іс жүргізу тәртібімен жүзеге асырылатын жағдайлар­да жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша істерді қайта қарау тәртібі де айқындалған. Жалпы, заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қам­тамасыз етуге, әкімшілік-делик­тілік заңнаманы жетілдіруге және оңтайландыруға, сон­дай-ақ құқық қолдану тәжірибесінде анықталған құқық­тық олқы­лықтар мен қайшылықтарды жоюға мүмкіндік береді.

Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады. Андрей Лукин шекаралық өткізу бекеттерін­дегі инфрақұрылымдық мәселе­лер­ге назар аударды. Сенатор осы бағытта бірқатар шешім ұсын­ды. Оның ішінде жүк көлігі үшін сервистік күту аймақтарын құру, шекара маңындағы теміржол стансаларын жаңарту сияқты шаралар бар.

«Жүк көліктерінің жүргізу­шілер демалатын, КЖО мен жа­нар­­май құю стансалары қыз­­метін пайдалана алатын күту аймақтарын салу аса ма­ңыз­ды. Сондай-ақ өткізу және шекара бекеттерін қайта жаңар­ту жұмыстарын жеделдету үшін Үкімет жеке қаулы қабылдауы қажет. Оған қоса «ҚТЖ» АҚ-мен бірлесе отырып, ше­каралық аудандардағы темір­жол стансаларының инфра­құ­ры­­лымын жаңғыртуды бас­тау керек. Сонымен қатар барлық шекара заставасының құ­ры­лы­сын аяқтап, шекарашы­лар тұра­тын мекенжайды жақ­сарту мен шекаралық бақы­лау бөлім­шелеріндегі қызметкер­лер санын көбейту қажет. Қазіргі заманғы өткізу бекеттері еліміздің көлік-логистикалық жүйесінің ажырамас бөлігіне айналуға тиіс және шекарадағы бақылауға қатысу­шылардың бәріне қауіп­сіздік пен ыңғай­лылық қамтамасыз етілуі керек», деді депутат.

Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев ғарыш саласының негізгі мәселе­леріне тоқталды. Депутаттың айтуынша, «Бәйтерек» жобасын іске асыруға ерекше көңіл бөлген жөн. Басты проблемалардың бірі «Союз-5» экологиялық таза зымыран тасығышын ұшыру­ға байланысты «Бәйтерек» жобасын іске асырудың кешігуі болып отыр. Жоба қайта жаңар­тыл­ған, мемлекеттік бюд­жеттен қаржы қаралған, бірақ Байқоңыр­ға зымыран жеткізу мерзімі 2025 жылдың соңына ауыс­тырылды. Сенатор мерзімнің ауысуы 2025 жылғы желтоқсанға жоспарланған алғашқы ұшу сынағын өткізуге қауіп төндіре­тінін жеткізді.

«2029 жылы «KazSat-3» спут­нигін кең ауқымды «KazSat-3R» ғарыштық байланыс жүйесіне ауыстыру қарастырылған. Қара­жаттың аз мөлшерде бөлінуі «KazSat-3R» жобасының толық мерзімінде орындалмауына әкеледі. Осыған орай, заңды тұлғаның жарғылық капиталын ұлғайту арқылы республика­лық бюджеттен қаржылан­дыру­ға мемлекеттік қолдау керек. Бұл салада кадрларды сақтап қалу үшін сирек кездесетін мамандардың халықаралық жобаларға қатысуына, оқуына, білімін арт­тыруына көмек беруді, қаржылық қолдауды, еңбек жағдайларын жақсартуды талап етеді», деді Ғ.Сарыбаев.

Сенатор Нурия Ниязова «Медеу» мұз айдынының спорт­тық даңқын қайта жандандыру жөнінде бастама көтерді.

«Медеу» рекордтар аренасы ғана емес, сонымен қатар Қазақ­­стандағы допты хоккейді дамы­­татын маңызды мекен бола ала­ды және еліміздің осы спорт түрін­дегі дәреже-деңгейін нығай­та түседі. Мұздағы шоу мен мұз спидвейі бойынша әлем чем­­пионатын ұйымдастыру халық­аралық қоғамдастықтың назарын аударумен қатар, еліміз­дің туризм саласы бойынша тар­тым­­дылығын арттыра түседі. «Ме­деудің» әлемдік спорт аренасына оралуы жаңа рекордтарға жол ашады және әлемдік спорт кар­­та­­сындағы Қазақстанның кел­бе­тін айшықтай түседі», деді депутат.

Жанболат Жөргенбаевтың айтуынша, Үкімет Алматы облы­сындағы Алатау қаласының құры­лысына мемлекеттік қолдау­ды арт­тыруға және қолға алынған жо­баларды іске асыруға 2025 жыл­ға арналған республикалық бюджеттен қаражат бөлуге тиіс.

Сондай-ақ Бибігүл Жексен­бай мәслихаттарды цифрлан­дыру сапасына байланысты мәсе­ле­лерді көтерді. Осыған бай­­ла­нысты сенатор жағдайды жақ­сар­туға, қызметтерді алу үдері­сін авто­маттандыру арқылы халық­тың қажетті ақпаратқа жедел қол жеткізуін қамтамасыз етуге қатысты ұсыныстарын жеткізді. Сенатор «e-Maslikhat» атты бірыңғай цифрлық платформаны әзірлеуді ұсынды. Бұл жүйе құжат айналымын автоматтандыру, депутаттық сауалдарды есепке алу, есептерді жариялау және азаматтармен өзара интерактивті іс-қимыл жасау құралдарын қамтуға тиіс. 

Соңғы жаңалықтар

Көкшетау көркейіп келеді

«Таза Қазақстан» • Кеше

Өндірістегі өзгеше отау

Мереке • 01 Мамыр, 2025