Аймақтар • Кеше

Жәңгір хан университетінің оқытушылары үздік шықты

153 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің үш мұғалімі «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы-2024» республикалық байқауында жеңімпаз атанды.

Жәңгір хан университетінің оқытушылары үздік шықты

Фото: БҚАТУ медиа орталығы

Атап айтқанда, университеттің ғалым-ұстаздары Қайсар Көшәлиев, Біржан Нұрғалиев және Лаура Душаева Қазақстан бойынша жоғары оқу орындары үздік оқытушыларының тізіміне енген.

Бұл ғалымдар университеттің «Ветеринария және агротехнология» институтында қызмет етеді. Ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Қайсар Жалитұлы – 270-тен астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектің авторы, соның ішінде ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша 5 өнертабыс куәлігін алған. Ол соңғы жылдары ақбөкен тақырыбын зерттеп жүр. Ол «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудағы қызметі үшін» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерінің иегері. Айта кетерлігі, ғалым-ұстаз 2011 жылы «ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері атанған. Демек, мұндай атаққа Қайсар Жәлитұлы екінші мәрте лайықты деп танылды.

Үздіктер қатарына іліккен ветеринария ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Біржан Елубайұлы – Жәңгір хан университетінің жанындағы «Ветеринария және агротехнология» институтының директоры. 100-ге жуық ғылыми еңбектің, бес оқу құралының және алты оқу-әдістемелік нұсқаулықтың авторы. Жоғары білім және ғылым саласындағы қажырлы еңбегі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгімен марапатталған ғалым-ұстаз мал шаруашылығы өнімдерін ветеринарлық-санитарлық сараптау бағытындағы ғылыми зерттеулермен айналысады.

Үздік оқытушы атанған келесі жас ғалым – «Ветеринариялық және биологиялық қауіпсіздік» зертханасының меңгерушісі, ветеринария ғылымдарының философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор Лаура Жанеділқызы биыл халықаралық «500 ғалым» бағдарламасы аясында АҚШ-тың Мэриленд университетінде молекулярлық эпидемиология бағыты бойынша ғылыми тағылымдамадан өтіп келді. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасының, «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері.

 

Батыс Қазақстан облысы