Фото: aikyn.kz
Шанхай ондығы: Астана саммиті
Биылғы айтулы саяси оқиғалардың бірі - Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті.
Айта кетейік, Қазақстан 2023 жылғы 5 шілдеден 2024 жылғы 5 шілдеге дейін Шанхай ынтымақтастық ұйымының қызметіне төралық етті. Жалпы Шанхай ынтымақтастық ұйымы 2001 жылы құрылған еді. Оның негізі 1996 жылы «Шанхай бестігі» ретінде қаланды. Бүгінде ол көпсалалы және көпфункционалды ұйымға айналды.
Қазақстан ШЫҰ құрылғалы бері ұйымға төрт рет төрағалық еткен (2004, 2010, 2016 жылдар және 2023 жылдың шілдесінен биылға дейін).
Биыл саммит алғаш рет жаңа «ШЫҰ+» форматында ұйымдастырылғанын айта кету керек. Оған сәйкес ұйымның жоғарғы органы – ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысынан бөлек, бақылаушы және серіктес мәртебесін алған мемлекеттер басшыларымен кездесу өтеді. Халықаралық іс-шараға Қазақстан, Үндістан, Қытай, Иран, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь, Моңғолия, Әзербайжан, Қатар, БАӘ, Түркия және Түркіменстанның мемлекет және үкімет басшылары, ШЫҰ бас хатшысы және ШЫҰ Аймақтық терроризмге қарсы құрылымының атқарушы директоры қатысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының халықаралық аренадағы рөліне айрықша тоқталды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы мәдени орталықтар құру, жастарды тарту, ШЫҰ университеттерін кеңейту және студенттерге, әсіресе техникалық салаларда гранттарды көбейту арқылы мәдени және гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуды алға тартты.
ШЫҰ мемлекеттер басшыларының 24-ші саммитінде Астана декларациясы қабылданды. Декларацияда ұйымның неғұрлым өкілетті, демократиялық, әділ және көпполярлы әлемдік тәртіпті құруға бейілдігі атап өтілген. Астана декларациясына сәйкес, ұйым аясындағы ынтымақтастық Еуразиядағы тең құқықты және бөлінбейтін қауіпсіздік архитектурасына негіз бола алады.
Қытайдың Циндао қаласы 2025 жылғы Шанхай Ынтымақтастық ұйымының мәдени астанасы атанды. Сондай-ақ ШЫҰ төрағалығы Қытайға өтті.
АЭС құрылысы: Халық таңдауын жасады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында қазіргі әлемде энергия тапшылығының күшейіп бара жатқанын ескере отырып, атом энергетикасын дамытуға баса мән беру керегіне тоқталған еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы Жолдауында 6 қазанда атом электр стансасын салу бойынша жалпыхалықтық референдум өтетінін мәлімдеген еді.
Референдумның қорытындысына сәйкес, халықтың 71,12%-ы АЭС құрылысын қолдады. Референдумға қатысуға құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны 12 миллион 284 мың 487 адамды құраған. Дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны 7 миллион 820 мың 204 адамды немесе референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар санының 63,66%-ын құрады. Референдумға шығарылған мәселені оң шешуге дауыс берген азаматтардың саны 5 миллион 561 мың 937 адамды немесе 71,12%-ды құрады.
Президенттің Қазақстанда атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін зерделеу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында реакторлық технологияларды таңдау бойынша бұрын жүргізілген зерттеулерді өзектендіру, атом электр станциясының қуаты мен құрылыс ауданын анықтау бойынша жұмыстар жүргізілген.
Жүргізілген зерттеулердің қорытындысы бойынша атом электр станциясы құрылысының ең қолайлы ауданы ретінде Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылының аумағы таңдалды.
Айта кетейік, бүгінде 31 ел атом электр станциясын пайдаланады. Қазір әлемде 439 энергетикалық реактор жұмыс істейді. 19 ел 62 реактор салу сатысында. Атом энергетикасы әлемдегі электр энергиясының жалпы генерациясының 10%-ын құрайды. Еуроодақ атом энергетикасын «жасыл» технологияға теңестірді. Енді 15-20 жылда АЭС қызметі барынша жанданатыны күмән тудырмайды.
Жолдау - нақты бағдар, мақсаттар мен міндеттер
Биыл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Биылғы Жолдау дәстүрлі түрде мемлекет дамуының негізгі бағыттарын айқындап берді. Әлеуметтік-экономикалық мәселелерден бастап, экология мен саяси мәселелерге дейінгі әртүрлі салада маңызды реформалар ұсынылды.
Президент азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі экономикалық реформаларға басты назар аударды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының бастамалары мен ұсыныстары салық жүйесін қайта жаңғыртуға, шағын және орта бизнесті қолдау шараларын қабылдауға, ауыл шаруашылығы саласын қолжетімді несиелеуге, әділ және тиімді тарифтік саясатқа, көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, білікті кадрлар даярлауға, цифрландыру және жасанды интеллектіні дамытуға, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталды.
Президент 2024 жылғы 6 қазанда Атом электр стансасын салу мәселесі бойынша референдум өтетінін мәлімдеген.
Мемлекет басшысы қоғамды толғандыратын бірқатар өзекті мәсе легіне жеке-жеке тоқталып өтті. Олардың қатарында интернет-алаяқтық, жол-көлік оқиғалары, әскердегі тәртіп, есірткі бизнесімен күрес, медициналық сақтандыру жүйесінің жетілмегендігі, педагогикалық және медициналық кадрлардың тапшылығы, шағын және орта бизнес саласындағы мемлекеттік бақылаудың шектен тыс болуы және т.б. мәселелер бар.
Жалпы, Жолдау көптеген өзекті мәселелерді шешуге және еліміздің стратегиялық даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған. Елдің әр саласындағы реформалар мен жаңалықтар болашақта халықтың әл-ауқатын арттыруға және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазақстан-Қытай: Визасыз режим
2023 жылғы 10 қарашада Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім күшіне енді.
Осы Келісімнің 1-ші бабына сәйкес екі елдің азаматтары жеке істерді, туризмді, ем қабылдауды, халықаралық тасымалдарды, транзиттік, сондай-ақ іскерлік мақсаттарды жүзеге асыру үшін визалық талаптардан босатылады. Осы ретте азаматтардың екі мемлекет аумағында болу мерзімі күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімдегі кезеңге, ал күнтізбелік 180 (жүз сексен) күн ішінде жиынтығында күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аспауы қажет.
Азаматтарда 30 күннен артық болу қажеттілігі болған жағдайда, тиісті санаттағы кіру визасын алдын ала рәсімдеу қажет. Айта кету керек, визасыз режим жұмысқа орналасуға, оқуға және миссионерлік қызмет жасауға құқық бермейді.
Жоғарыда аталған Келісім ҚХР Гонконг және Макао арнайы әкімшілік аудандарының аумағына баруға қолданылмайды. Қазақстан азаматтары Гонконгқа визасыз 14 (он төрт) күннен аспайтын мерзімге бара алады, ал Макаоға бару үшін виза рәсімдеу қажет.
Бүгінде ел азаматтары 34 елге виза рәсімдемей-ақ бара алады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы: биылғы сессия ерекшелігі
Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясын өткізді. Жиынға Парламент Сенатына ҚХА қатарынан сайланған депутаттар, республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, Ассамблеяның еріктілері, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы Ұйымның өңірлердегі делегаттары қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, еліміздің бірнеше өңірінде болған су тасқыны салдарын еңсеру үшін жүргізілген ауқымды жұмыстарға тоқталып, Қазақстан халқы Ассамблеясы да ортақ істен шет қалмай, белсенді әрі үйлесімді жұмыс істегенін атап өтті.
Мемлекет басшысы орындалуға тиіс бірнеше өзекті міндетке арнайы тоқталды. Ең алдымен, Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажеттігін алға тартты.
Сонымен қатар Президент бүгінде жаһандық катаклизм белең алып, түрлі мемлекеттер арасында әскери-саяси, сауда-экономикалық текетірес, тіпті мәдени-гуманитарлық тартыс күшейіп бара жатқанына тоқталды. Мемлекет басшысы қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды екенін айтты.
Мемлекет басшысы еліміз соңғы жылдары аса күрделі сынақтардың тағы бір тарихи кезеңін бастан өткеріп жатқанын айтып, бірлік пен ынтымақтың арқасында бұл қиындықтың бәрін жеңетінімізге, бұрынғыдан да мықты болып шығатынымызға сенім білдірді.
Сондай-ақ салтанатты жиында Республикалық тәжік этномәдени орталығының төрағасы Акбаржон Исмаилов, ҚХА Төрағасының орынбасары, Қазақстан корейлері қауымдастығының президенті Юрий Шин, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық ұйымының төрағасы Тимур Жұмырбаев және басқалары сөз сөйледі.
Жиын соңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен халық арасында бейбiтшiлiктi, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға, мемлекеттік тілді дамытуға сiңiрген еңбегi үшiн бірқатар азаматқа мемлекеттік наградалар табысталды.
Әлемдік діндер лидерлері бас қосты
Биыл Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXII отырысы өтті. Оған ислам, христиан, буддизм, иудаизм, даосизм, синтоизм және бахаи дінінің делегаттары, сондай-ақ, халықаралық ұйымдар мен Қазақстандағы діни бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Кездесу барысында қатысушылар қазіргі заманғы сын-қатерлерді бірлесіп еңсеру мәселелері бойынша пікір алмасты. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасына қатысты сұрақтарды талқылады және алдағы VIII съездің күн тәртібін белгіледі.
Хатшылық отырысында қатысушылар бейбітшілікті сақтап, диалог пен өзара құрмет мәдениетін нығайту үшін барлық діни және халықаралық ұйымдардың күш-жігерін ортақ мүддеге жұмылдырудың маңызды екеніне тоқталды.
Отырыс нәтижесінде Ізгі ниет елшілері сайланып, дін өкілдерін құрметті медальдармен марапаттау рәсімі өтті.
ҰҚШҰ сессиясында не талқыланды
Биыл ел ордасы - Астанада Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясы өтті.
Астанадағы жиынға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Ресей Президенті Владимир Путин, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон және ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов қатысты. ТМД бас хатшысы Сергей Лебедев пен ШЫҰ бас хатшысы Чжан Мин де Астанаға келді. Армения өкілдері басқосуда қатыспады.
Астана саммитінде тәжік-ауған шекарасын нығайту жөніндегі ҰҚШҰ-ның мақсатты мемлекетаралық бағдарламасы бекітілді.
Сонымен қатар Президенттер Ұлы Жеңістің 80 жылдығына байланысты мәлімдеме қабылдап, келесі жылы осыған орай ұйымдастырылатын іс-шаралардың жоспарын бекітті.
Ұйымға төрағалық ету эстафетасын Қырғыз Республикасы қабылдады. Садыр Жапаров келесі жылы Бішкекте Киберқауіпсіздік бойынша халықаралық конференция өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
Биыл Қазақстан осы ұйымға төрағалық етті. Сол себепті саммит Астанада ұйымдастырылды. Оның аясында биыл еліміз 60-қа жуық іс-шара ұйымдастырған. Жауапты міндетті Қазақстан толығымен орындады.
Келелі жиын - құрылтай
Биыл Атырауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ІІІ Ұлттық құрылтай өтті. Екі күнге жалғасқан жиында барлық өңірден келген құрылтай мүшелері ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын өзекті мәселелерді талқылай отырып, бірнеше шешімдер шығарылды. Іс-шарада қозғалған негізгі тақырыптар – «Азаматтық қоғам», «Мәдениет. Өнер. Руханият», «Білім және ғылым», «Әлеуметтік-экономикалық және аймақтық даму».
«Біздің нақты құндылықтарымыз болмаса, көшбасшы елдер қатарына қосылуымыз неғайбыл», деп ойдың түбін қозғаған Мемлекет басшысы құндылықтарымызды тағы бір рет айқындады.
Президент сөз еткен құндылықтар қатарында ең бастысы тәуелсіздік және отаншылдық болды. Бұл қазіргі таңда өте өзекті тақырып. Отаншылдық – бұл шынайы патриоттық сезім. Жастардың бойына осындай ең ізгі қасиеттерді сіңіре білген абзал.
Сондай-ақ ұлттық мүдде мен Тәуелсіздікті қорғауға әрдайым дайын болу керек екенін атап өтті.
Сонымен қатар елімізде қазақ тілі жоғары сұранысқа ие болып, ғылымның, бизнестің, техниканың тіліне айнала бастағаны және ағартушылық жолмен тілімізді ары қарай дамыту қажеттігі айтылды.
Ынтымақтастықтың жаңа деңгейі
Осы жылдың қараша айында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин мемлекеттік сапармен Астанаға келген еді.
Мемлекеттік сапар аясында Владимир Путин Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен жабық және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді.
Сондай-ақ мемлекеттер басшылары бейнебайланыс арқылы Уфада өткен ХХ Ресей мен Қазақстанның өңіраралық ынтымақтастығы форумының пленарлық отырысына қосылды.
Путин Қазақстанға сапарының екінші күнінде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысына қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономикалық байланыстарының қазіргі жай-күйіне назар аударды. Президенттің айтуынша, өзара сауда-саттық үздіксіз дамуда, таяу уақытта екіжақты тауар айналымын 30 млрд долларға дейін жеткізуге мол мүмкіндік бар. Инвестиция саласында да оң үрдіс байқалады.
Өз кезегінде Владимир Путин Мәскеу мен Астана арасындағы ықпалдастық барлық бағыт бойынша белсенді өрбіп келе жатқанын мәлімдеді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады.