
фото qazaquni.kz
Әйелдер мен балалардың құқығы қорғалады
Елімізде әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға айрықша мән берілді. 2024 жылғы 15 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заңға қол қойды.
Жаңа заң әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейтуді көздеді. Осылайша, бұрын ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әкімшілік құқық бұзушылық ретінде сараланып келсе, енді осы тектес қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Жазаларға 80-нен 200 АЕК-ке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алу жатады.
Жәбірленушіні азаптағаны үшін 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін – 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.
Педофилді өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру, кәмелетке толмаған 16 жасқа толмаған балаларды жыныстық қудалау үшін 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған. Кәмелетке толмағанды заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін – 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал кәмелетке толмаған баланы ұрлау – 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру шарасы қолданылады.
Бұл заң жобасының қалыптасуына Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мекемесі де өз үлесін қосты. 2023 жылдың қараша айында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес мәселелері бойынша халықаралық конференция өткізді, оның барысында мемлекеттік органдармен, сарапшылармен, ҮЕҰ және дағдарыс орталықтарының өкілдерімен бірлесіп, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасауға ықпал ететін негізгі факторлар талқыланды. Нәтижесінде заңнамалық түзетулер пакеті қалыптастырылып, Қазақстан Республикасы Парламентіне жолданды.
Буллинг үшін айыппұл салынады
Осы заң аясында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске балаларды қорғау мақсатында жаңа бап қосылды. Ол 127-2-бап. Кәмелетке толмаған адамды жәбірлеу (буллинг, кибербуллинг) деп аталады. Бала буллингке ұшыраса, алдымен ескерту жасалады немесе 10 АЕК айыппұл салынады. Егер дәл осы әрекет бір жыл ішінде тағы қайталанса, құқықбұзушы 30 АЕК айыппұл арқалайды.
Егер буллингті 12 жастан 16 жасқа дейінгі балалар жасаса, онда ата-аналары немесе оларды алмастыратын адамдар ескерту алады немесе 10 АЕК айыппұл төлейді.
Соңғы кездері жолақысын төлемеген немесе билеті жоқ балаларды ауа райына және басқа да жағдайларға қарамастан қоғамдық көліктен түсіріп тастау оқиғалары жиілеп кетті. Көбіне балалар мектепке және қосымша сабақтарға өз бетінше барады. Осыған байланысты жаңа заңмен ата-анасы және (немесе) заңды өкілі ертіп жүрмеген 16 жасқа толмаған баланы қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынды.
Сақтандыру түрлері бойынша Еурохаттама енгізілді
2024 жылдың басынан бастап міндетті сақтандыру түрлері бойынша сақтандыру жағдайларын онлайн реттеу және міндетті автосақтандыру бойынша жол-көлік оқиғалары (ЖКО) кезінде төлемдердің оңайлатылған тәртібі (Еурохаттама) енгізілді.
Сақтандыру жағдайларын онлайн-реттеу сақтандыру төлемін алу рәсімін жеңілдетуге және ашық етуге мүмкіндік береді. Тұтынушы кеңсеге бармай-ақ сақтандыру компаниясының сайты арқылы сақтандыру төлемін алу үшін өтініш пен құжаттар топтамасын бере алады. Еурохаттама ЖКО қатысушыларына полиция мен сот шешімін күтпей-ақ оқиғаны сол жерде тез тіркеуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе кішігірім зақымдану болған кезде өте маңызды, себебі ол уақытты үнемдейді және кептелісті азайтады.
Осы жылдың басынан бастап Еурохаттама мобильдік қосымшасы арқылы 9 366 жағдай бойынша 1,7 млрд теңге сомасына төлемдер жүзеге асырылды. Бұл ретте төлемнің орташа мерзімі күнтізбелік 15 күнді құрады.
Қазақстанда онлаин петиция іске қосылды
2024 жылғы 4 сәуірде Қазақстанда мемлекеттік сайт-электрондық петициялардың агрегаторы ресми түрде іске қосылды. Осылайша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында айтылған «азаматтардың реформалар мен ұсыныстарды бастауы үшін бірыңғай заңды онлайн-петициялар институтын құру» туралы тапсырмасы іске асырылды.
2021 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда е-Өтініш мемлекеттік органдарына өтініш беру қызметі іске қосылды. Қазірдің өзінде жақсы қалыптасқан е-Өтініш қызметінің негізінде е-Петиция қызметін әзірлеу және енгізу жүзеге асырылды. е-Петиция сайтына өту е-Өтініш сайтынан жүзеге асырылады.
Электронды петицияға қатысатын азаматтар – бастамашы ретінде де, қол қоюшы ретінде де-саясатқа қатысу тәжірибесін, мәселелерді талқылау мүмкіндігін және қоғамдағы жаңа байланыс арнасын алады. Бұл саяси сауаттылықты және жалпы саяси белсенділікті арттыруға ықпал етеді. Белсенді, сауатты және дәлелді азаматтық қоғам құруға жәрдемдесу электрондық петициялар тетігі жұмысының негізгі нәтижесі болып табылады.
Адам саудасы мен бөтеннің мүлкіне зиян келтіру жазасы күшейтілді
5 шілдеде Қасым-Жомарт Тоқаев адам саудасына, вандализмге және мүліктік залалға қарсы күрес шараларын күшейтуге бағытталған маңызды заңнамалық актілерге қол қойды.
Заң алғаш рет қабылданып, адам саудасына қарсы күрестің ұйымдық-құқықтық негіздерін жан-жақты айқындап берді. Заң адам саудасына қарсы күрестің мақсаттары мен міндеттерін, қағидаттарын белгілейді, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың және өзге де субъектілердің адам саудасына қарсы күрес жөніндегі құзыретін айқындайды.
- Қылмыстық кодексте адам ұрлау, заңсыз бас бостандығынан айыру, адамдарды, оның ішінде кәмелетке толмағандарды сату, жезөкшелікпен айналысуға тарту және т.б. сияқты әрекеттерді қамтитын «адам саудасымен байланысты қылмыстар» жаңа тұжырымдамасы бекітілді.
- Заң тараптардың татуласуына байланысты мұндай қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылықтан босатуға тыйым салады.
- Заң алғаш рет кәмелетке толмаған адамнан жезөкшелікпен айналысу немесе сексуалдық қызмет үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізді.
- Заң кәмелетке толмаған адамды сексуалдық сипаттағы қызметтерді көрсетуге, соның ішінде үгіт-насихат немесе жарнама арқылы тарту үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Вандализм және мүліктік залал
- Әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік немесе діни өшпенділік, сондай-ақ адамдар тобының алдын ала сөз байласу бойынша, пайдакүнемдік немесе бірнеше рет жасаған әрекеттері бойынша жауапкершілікті ауырлататын вандализмнің білікті элементтері енгізілді.
- Бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін жауапкершілік күшейтіліп, оны адамдар тобы немесе қылмыстық топ жасағаны үшін жауапкершілік енгізілді.
- Мемлекет қорғауына алынған тарихи, мәдени және басқа да объектілерді қасақана жою немесе зақымдау үшін білікті белгілер белгіленді.
- Ауыр вандализм үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылу жасы 16 жастан 14 жасқа дейін қысқартылды.
Электромобильдер тұрақты орынмен қамтылды
Қазақстан тоқпен жүретін көліктердің нарығын дамыту және ол үшін қажетті инфрақұрылымды жаңғыртуды қолға алды. Депутаттардың бастамасымен электромобильдерді ынталандыратын заң жобасы қабылданды. Мәселен, жолдың құрылысы жобаланған кезде электрмен қуаттау бекеттеріне арналған орындар қаралуы тиіс. Олар жол бойындағы міндетті қызметтердің санатына жатқызылады. Бұған қоса еліміздің қалаларында электр қозғалтқышы бар көлік құралдары тегін тұрақпен қамтамасыз етілетін арнайы орындар пайда болады. Ал ондай жерге жанар-жағармаймен жүретін темір тұлпар қойылса айыппұл салынады.
Мәжіліс экологиялық таза көліктерді ынталандыру және электр қуатымен жүретін көліктердің инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне қатысты осы және өзге де заңнамалық актілерге түзетулер енгізуді көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Сондай-ақ құжатқа «гибридті автомобиль» және «электрлі мобиль» ұғымдары енгізілген. Бұл осы көлік түрлерінің заңдық негізде ара жігін анықтауға мүмкіндік береді.
Депутаттық түзетулерге сәйкес, енді орталық энергия көзімен жабдықтау желілеріне шығу мүмкіндігі бар ерекше қорғалатын аумақтарда да тоқпен жүретін көліктерді қуаттандыруға болады. Жалпы заң жобасы еліміздегі парниктік газдар шығарындыларын азайту стратегиясын іске асыру аясында әзірленген.
Коллекторлардың қызметі шектелді
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Заң аясында 2026 жылғы 1 мамырға дейін банктер мен микроқаржы ұйымдарына азаматтардың қарызын коллекторлық агенттіктерге беруге тыйым салынды. 2026 жылғы 1 мамырдан бастап коллекторлық агенттіктерге жеке тұлғалардың құқықтарын (талаптарды) беру шарттары қатаңдаталды. Дәл осы күннен бастап тек берешек туындаған сәттен 24 ай өткен және берешекті реттеу жөніндегі рәсімдер міндетті түрде жүргізілген жағдайда ғана қарыз алушы жеке тұлғаларға қатысты құқықтарды (талаптарды) коллекторларға беруге болады.
Банк омбудсманының барлық банктік қарыз шарттары бойынша дауларды қарау құзыреті кеңейтілді (бұған дейін ол тек ипотекалық шарттарға қатысты дауларды қарайтын) және микроқаржы омбудсманы институты енгізілді. Жеке тұлғалар омбудсмандардың шешімімен келіскен жағдайда, мұндай шешімдерді қаржы ұйымдары орындауға міндетті.
Омбудсмандар халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын борышкер жеке тұлғалардың өтініштерін қараған кезде кепілге алынған жылжымайтын мүлікті өндіріп алуға тыйым салынады. Сондай-ақ осы санатқа жататын азаматтар бұған дейін міндеттемені орындамағанына байланысты банк балансына өтіп кеткен жалдамалы баспанасын сатып алуға құқылы.
Кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды және 1 немесе 2 топтағы мүгедектігі бар адамдарды жылыту маусымында жалғыз баспанасынан мәжбүрлеп шығаруға тыйым салынды.
Өндіріп алуға жатпайтын және берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қабылдаған кезде қарыз алушының банктік шотында қалуға тиіс ақша сомасы ең төменгі күнкөріс деңгейінің (43 407 теңге) екі еселенген мөлшеріне (86 814 теңге) дейін ұлғайтылды.
Азаматтардың банкроттық рәсіміне өтініш беру тәртібі жеңілдетілді. Енді ол үшін кредиторлар тізімін, мерзімі өткен берешекті реттеу және өндіріп алу рәсімдерінің жүргізілгенін растайтын құжаттың көшірмесін беру талап етілмейді. Мұндай деректер кредиттік бюродан сұратылады. Ал кредиторлар оған тиісті мәліметті жіберуге тиіс.
Қарапайым халық декларациялаудан босатылды
Қаржы министрі Мәди Такиев Мемлекет басшысының жалпыға бірдей декларациялау тәсілдерін қайта қарау жөніндегі тапсырмасын орындау барысында декларациялау жүйесінің төртінші кезеңіне сәйкес, 2025 жылы 8 млн-ға жуық қазақстандықты босатуды ұсынды. Үкіметтен қолдау тапқан бұл ұсыныс жеке құрылымдардың қызметкерлеріне, зейнеткерлерге, үй шаруасындағы әйелдерге, студенттерге және азаматтардың басқа санаттарына қатысты. Олардың автоматтандырылған салықтық бақылау мүмкіндіктері ескерілді. Бастама осы санаттағы жеке тұлғалардың 90%-дан астамына әсер етеді.
«Бұл ретте декларациялауды Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде активтері бар, бір жыл ішінде құны 20 000 АЕК астам сатып алулар жасаған, өз бетінше салық салынатын табыс тапқандар үшін сақтау ұсынылады. Бұдан басқа, азаматтарға ерікті түрде декларациялау құқығы беріледі», деп атап өтті министр.
Жеке тұлғалардың қолда бар активтерін тіркеу үшін барлық цифрлық дерекқорлардан, оның ішінде екінші деңгейдегі банктерден мәліметтер алу тетігі қамтамасыз етілетін болады.
ЛГБТ өкілдеріне жетім балаларды асырап алуға тыйым салынды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы қағиданы ұстанатын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Заңдағы түзетулерге сәйкес енді ЛГБТ өкілдерінің жетім балаларды асырап алуларына және тәлімгерлікке алуларына жол берілмейді.
Заң бойынша мына тұлғалар жетім балаларға тәлімгер бола алмайды:
– Қазақстан Республикасының азаматтығы жоқ және кәмелетке толмаған адам;
– сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеттілігі шектеулі деп таныған адам;
– сот жұбайын әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп таныған адам;
– сот ата-ана құқығынан айырған немесе ата-ана құқықтарын шектеген адам;
– Қазақстан Республикасының заңымен өзіне жүктелген міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін қамқоршы міндеттерінен шеттетілген адам;
– денсаулығына байланысты ата-ана құқықтарын жүзеге асыра алмайтын адам;
– тұрақты тұрғылықты жері жоқ адам;
– дәстүрлі емес жыныстық бағытты ұстанушы адам;
– тәлімгер болып тағайындалған кезде қасақана қылмыс жасағаны үшін өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам;
– тәлімгерлікке алу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейін қамтамасыз ететін кірісі жоқ адам;
– наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған адам.