Тұрмыстық зорлық-зомбылық – кейінгі жылдары елімізде жиі көтеріліп жүрген күрделі проблема. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдаулары мен түрлі жиындағы сөйлеген сөздерінде тұрғындарды алаңдатқан мәселеге қатысты ойын білдіріп келеді. Мемлекет басшысы 2022 жылғы Жолдауында зорлық-зомбылық жасайтын адамдарға жазаны күшейтетін кез келгенін айтып: «Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады» деген болса, былтыр Ішкі істер министрлігінің алқа отырысында кейінгі екі жарым жылда елімізде отбасылық зорлық-зомбылық салдарынан 300 адам көз жұмғанын, 37 мыңнан аса адам жауапкершілікке тартылғанын, сондай-ақ мұндай келеңсіздіктің алдын алу әділетті мемлекет құруда өте маңызды екенін атап өтті. Ал осы жылдың басында газетімізге берген сұхбатында Мемлекет басшысы: «Мен елімізде «Заң мен тәртіп» қағидатының орныға түскенін қалаймын. Сондықтан нақты жауап берейін, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатайтуды толық қолдаймын. Сонымен қатар қоғамда озбырлық пен зорлық-зомбылықтың кез келген түріне мүлдем төзбейтін түсінік қалыптаспаса, заңға енгізілген өзгерістерден аса қайыр болмайды» деген еді.
Қарапайым жұртшылықтан бастап Президент деңгейінде талқыланған бұл мәселенің соңы аса маңызды заңның қабылдануына ықпал еткені мәлім. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева бұл оқиғаны әрбір бала мен әйел үшін жеңіс деп бағалады.
«Мемлекет басшысы әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі заңға қол қойды. Әр баланың балалық шағы алаңсыз әрі бақытты өтуге тиіс. Аталған заң бұл мақсатты жүзеге асыру жолындағы үлкен қадам», деді ол.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминалдандыруға бағытталған құжат қолданыстағы заңнамаға 70-тен аса түзету енгізуді көздейтінін айтқан уәкіл отбасыларға, балаларға көмек көрсету инфрақұрылымын құру, алдын алу шараларын енгізу, сондай-ақ балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрі үшін жазаны қатаңдатуға бағытталған бұл жұмыс ҮЕҰ, құқық қорғаушылар, қоғам белсенділерінің ұсыныстары мен күш-жігерін біріктіруі арқасында келген нәтиже екенін атады.
Заңда қоғам тарапынан көтерілген талаптардың көрініс тапқанын көруге болады. Мәселен, ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге бұдан былай әкімшілік емес, қылмыстық жаза қарастырылатын болды. Яғни тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыс қатарына жатқызу, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түріне жазаны қатаңдату – заңдағы негізгі өзгерістің бірі.
Маңызды құжаттағы әділдік аңсаған жұрттың айызын қандырған норманың бірі – педофилді өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасының белгіленуі. Бұдан былай кәмелетке толмаған балаларға жыныстық тұрғыда тиіскен әрбір адам қалған ғұмырының бәрін темір тордың арғы жағында өткізеді. Бұл – шын мәніндегі әділ қоғамның бет-бейнесін көрсеткен шешім еді.
Құқық қорғаушы, адвокат Айман Омарова бізге берген сұхбатында: «Өткен жылы Қарағанды облысында екі өгей қызына сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық көрсеткен ер адам өмір бойына сотталды. Оның мұндай жаза алуына бұған дейін де сотталғаны себепші болған еді. Яғни ол рецидивист ретінде ең жоғары жазаға лайық деп танылды. Ал шығысқазақстандық З. есімді азамат өгей қызын зорлағаны үшін 17 жылға ғана бас бостандығынан айырылды. Егер бұл іс осы заң қабылданғаннан кейін орын алғанда оған бірден өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалар еді. Заң күшіне енгеннен кейін бұдан былай мұндай қылмыстар жасалса, адамның бұған дейін сотталған-сотталмағанына қарамастан, ең ауыр жазаға кесіледі», деді.
Заңға сәйкес енгізілген бұдан басқа да өзгерістерге келсек, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтірген адамға 200 АЕК (738 400 теңге) айыппұл, не 200 сағат қоғамдық жұмысқа жегу немесе 50 күнге қамау жазасы тағайындалады. Ал әйел мен балаға қол көтерген адамға 80 АЕК
(295 360 теңге) айыппұл не 80 сағат қоғамдық жұмыс немесе 25 күнге қамау жазасы қарастырылған. Егер мұндай әрекеттер кәмелетке толмаған балаға, қызметтегі немесе қоғамдық борышын орындап жүрген адамға аса қатыгездікпен жасалса, бас бостандығын екі жылға дейін шектеу не бас бостандығынан екі жылға айыру жазасы қолданылады. Адамды өзін-өзі өлтіруге немесе оған итермелеуге 5 жылдан 9 жылға дейін түрмеге қамау көзделген. Бұған қоса суицидті насихаттағандарға 200 АЕК (738 400 теңге) айыппұл салынады.
Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының сарапшысы Аяулым Сағынбаеваның айтуынша, бұл заңның қоғам үшін маңызы айрықша.
«Аталған құжатта көтерілген басты мәселенің бірі – кәмелетке толмағандарға қатысты буллинг, кибербуллинг үшін жауапкершіліктің енгізілуі. Мұндай ұғымның пайда болуы мектепке дейінгі және жалпы орта білім беретін мекемелердегі балалар қауіпсіздігі үшін аса маңызды. Жақында танысымның баласы өз сыныптастары тарапынан буллингке ұшырады. Бұл сол бала мен оның отбасы үшін өте ауыр кезең болды. Өкінішке қарай, осындай сәттерде балаларды қолдау жөнінде айта бермейміз, мектептерде үлкендердің араласуынсыз реттеуге көмектесетін «Жас ұлан» үлгісіндегі қоғамдық бірлестіктер жоқ», дейді ол.
Сарапшы заң қабылданғаннан кейін ендігі кезек күттірмейтін жұмыс – бұл бастамаларды ақпараттық қолдау қажет екенін атап өтті.
«Заңның әрбір тармағын үйде, білім мекемелерінде, жұмыста, сарапшылық алаңдарда, БАҚ пен әлеуметтік желіде талқылау қажет. Ешкімді мақтап-мадақтау керек емес, әрбір адам ешқандай боямасыз, ұялмай-қысылмай, заң талаптары туралы ойын ашық айтқаны дұрыс. Қоғамдағы әрбір жан жасына, жынысына, этностық және діни сипатына қарамастан, заң нормаларын білуге тиіс», деп ойымен бөлісті А.Сағынбаева.
Ал саясаттанушы Оразғали Селтеевтің айтуынша, аталған заңның қабылдануы – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы бүкіл қоғам мен жауапты органдардың бірлескен және кешенді күресі басталғанын білдіреді.
«Еліміздегі әрбір әйел мен әрбір бала өз құқықтарының заңмен қорғалғанын білуге, өздерін толықтай қауіпсіз сезінуге тиіс. Ал әйелдер мен балаларға қарсы жасалып жатқан кез келген зорлық-зомбылық түрін көрген адам үнсіз қалмай, заңсыздықтың жолын кесуге атсалысуға тиіс. Біз осылай бірігіп әрекет қылғанда ғана аталған қоғамдық кеселді жеңе аламыз. Бұл еліміздің дұрыс бағытта дамып келе жатқанын көрсетеді», дейді саясаттанушы.
Сарапшылар отбасылық жанжалдардың пайда болуына көбіне-көп материалдық жағдай, маскүнемдік, адамгершілік құндылықтардың төмендігі секілді жайттар себеп болатынын айтады. Қазіргі күні интернет барлық адам үшін қолжетімді. Ал ол жерде алкогольді, ойынқұмарлықты, зорлық-зомбылық көріністерін, порнографияны насихаттау кең етек алған. Мәселен, құқық қорғаушы Салтанат Тұрсынбекованың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күреске барлығы белсенді атсалысуға тиіс.
«Президентіміз айтқандай, министрлік басшылары өз қызметтерінің нәтижелілігін көрсету, халықтың сеніміне ие болу үшін қоғам белсенділері мен ата-ана комитеттері өкілдерін шақырып, әрбір өңірде қандай проблема бар екенін тексеруі керек. Әр өңірдің ерекшеліктерін есепке ала отырып, мемлекеттік органдар өзара тығыз жұмыс істеп, халық арасына көп шығуы қажет. Қажет болса, ауылдық жерлерге барып, отбасылық жанжалдардың себептерін анықтау бойынша жұмыс жүргізуге тиіс», дейді ол.
Иә, тамырын тереңге жіберген мәселені бір күнде жойып жіберу мүмкін емес. Оған қажырлы еңбек пен қайрат керек. Ең бастысы, Президентіміз атап өткендей, озбырлық пен зорлық-зомбылықтың кез келген түріне мүлдем төзбейтін түсінік қалыптаспай, заңға енгізілген бұл тиімді өзгерістерден аса қайыр болмайтыны белгілі. Сондықтан заң мен тәртіптің үстемдік құруы, қауіпсіз қоғамның қалыптасуы үшін әрбір тұрғын ең алдымен өзінен бастап заңды құрметтеп, өзгелерді де біреудің ала жібін аттамауға шақырғаны абзал. Сонда ғана заң іс жүзінде жұмыс істейді, нәтижесі көзге көрінеді.