
Оның айтуынша, өз экономикасына сыртқы инвестицияларды тартумен бірге, Қазақстан шетелдік капиталды қорғауда халықаралық міндеттемелерді өзіне қабылдап алды. Сондай-ақ инвесторларға елімізге қарсы халықаралық трибуналға талап қоюға мүмкіндік берді.
Биыл мемлекет мүдделерін қорғауға барынша ден қойылды. Қазір Әділет министрлігінде 21 іс бар, соның ішінде 13 іс халықаралық төрелікте, алтауы шетелдік соттарда және 2 іс сотқа дейінгі талқылауда жатыр. Бұл 21 істің ішінен 7 дау аяқталуға жақын, қалған 6 іс әлі қаралған жоқ. Бұған қоса министрлік Үкіметтің мүдделерін шетелде білдіру және қорғау мәселелеріне, отандық заң фирмаларының әлеуетін пайдалану мүмкіндіктерін талқылауға арналған алғашқы халықаралық практикалық конференция өткізген. Нәтижесінде, «GRATA International Kazakhstan» заң фирмасымен келісімшарт жасалыпты. Ал Әділет министрлігі жұмысының маңызды бағыттарының бірі – мемлекетке қарсы жаңа төрелік және сот талаптарының туындауының алдын алудағы шараларды қабылдау. Бұл жұмыс министрлік қызметкерлерінің шет мемлекеттермен екіжақты инвестициялық келісімдерді талқылау жөніндегі, оның ішінде жобаны талқылаудағы шет мемлекеттер өкілдерімен жұмыс кездесулеріне қатысу сияқты бағыттарды қамтып отыр.
«Біздің қызметкерлер мемлекеттің инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі саясатын қолдау мақсатында Сыртқы істер министрлігі және «Kazakh Invest» инвестициялар комитетінің өкілдерімен бірге шетелдік инвесторлармен инвестициялар және инвестициялық міндеттемелер туралы келісімдердің жобаларын талқылау жөніндегі жұмыс топтарының құрамына алынды. Сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік органдарының қатысуымен шетелдегі мемлекеттің мүліктік құқықтарын қорғау мәселелеріндегі дауларды болдырмау және шешуде тиісті ұсынымдармен дөңгелек үстел ұйымдастырылды», дейді вице-министр.
Министрлік азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын нақты қорғаудағы кешенді жұмыс атқарып отыр. Осылай деген ол биыл сот орындаушылары шамамен 8,8 млн құжатты қарағанын жеткізді. Соның ішінде нақты орындалған қаржы 428 млрд теңгені құраса, жыл басынан бері мемлекет кірісіне 52 млрд теңге өндірілген.
Вице-министрдің айтуынша, сот орындаушыларында қазірдің өзінде 288 мың алимент өндіру туралы іс бар. Оның 277 мыңы – ерлер, ал 11 мыңнан астамы – әйелдер. Ал 12 мың проблемалық алименттердің өндірісті сомасы 17 млрд теңгені құрайды. Бұл – қарызды мүлдем өтемейтін борышкерлер деген сөз. Дегенмен биыл 11 айда алимент бойынша өндіріп алынған берешек қаржы 7 млрд теңгеден асып отыр. Алимент өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарда мәжбүрлеп орындау шараларынан басқа, сот орындаушылары ішкі істер органдарының қызметкерлерімен бірлесіп борышкерлердің автокөліктерін мамандандырылған арнайы айыппұл тұрағында ұстау секілді рейдтік іс-шаралар жүргізеді. Сондай-ақ борышкерлердің электрондық ақшасы мен жасырын кірістерін анықтауға бағытталған шаралар да атқарылып, тұрақты жұмыс орны мен табысы жоқтарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу жұмыстары да ұйымдастырылады.
Сонымен қатар биыл тамызда жеңілдетілген іс жүргізу жүйесі іске қосылды. Оның негізгі міндетіне азаматтық істердің жекелеген санаттарында ЖСО-ның қызметіне ақы төлеуден босату жолымен қаржылық жүктемені азайту кіреді. Қазір осындай жеңілдетілген өндіріске 20 АЕК-ке дейінгі әкімшілік айыппұлдар мен салық берешектері кіргізілген. Жүйе іске қосылғаннан бері 69 мыңнан аса құжат орындалды және мемлекет кірісіне шамамен 1,3 млрд теңге өндірілді. Азаматтардың үнемделген ақша көлемі 349 млн теңгеден асып отыр. Осы оң тәжірибе ескеріліп, қазір оңайлатылған өндіріс институтын қолдануды кеңейтуге көңіл бөлініп жатыр.